Соңғы жылдары облыста баламалы энергия өндіруге ерекше ден қойылуда. Шу ауданында да жуырда Жуалыдағы «Бурное-Солар-1»-ге қарағанда екі есе көп энергия өндіру әлеуетіне ие нысанның құрылысы басталмақ. «Олера-ЛТД» ЖШС болашақта өңірдегі баламалы энергия өндіру ісінің алпауытына айналар осынау кәсіпорынның құрылыс жұмыстарын жүргізетін аумақты жалға беру туралы аймақ басшыларының келісімін ғана күтіп отыр. Бұған дейін серіктестік облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Алабота орман шаруашылығының Шу ауданына қарасты 640 гектар жер телімі аумағында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесі жаман емес. Сала мамандары осы алқапта күн электр стансасының құрылысын жүргізу қай тұрғыдан болсын қолайлы деп отыр. – Зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілетін аумақты үш жылға жалға алғанбыз. Алайда, зерттеу жұмыстары біз күткеннен ерте әрі нәтижелі аяқталды. Мұнда салынатын стансаның құрылысы екі кезеңнен тұрады. Алдымен 300 гектар жерде сағатына 100 мегаватт қуат өндіретін стансаның өзі бой көтеретін болады. Кейіннен осыншама көлемдегі аумақта қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Кәсіпорын қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенін салу да ойластырылуда. Жобаның жалпы құны 120 миллион АҚШ долларын құрап отыр, – дейді серіктестік директоры Дәулет Жұмағұлов. Айта кету керек, нысанның құрылыс жұмыстарына 600-дей жергілікті жерде тұратын азаматтар тартылмақ. – Болашақта стансада тұрақты жұмыс істейтін білікті мамандар да ауданның өз ішінен іріктеліп алынатын болады. Олардың білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру үшін кәсіпорын қаржысы есебінен арнайы шетелде оқытуға жіберу де қарастырылған. Нысанның құрылысы аяқталғаннан соң, күн электр стансасы «AEKSHU» компаниясының иелігіне өтеді. Серіктестік жетекшілері кәсіпорынның іске қосылуы аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсуіне де оң ықпал етеді деп отыр. Шалғайда жатқан ауылдарға жол салынып, ауданның инфрақұрылымы да жандана түспек. Аталған жобаны толықтай жүзеге асыру үшін шетелдерден инвестиция және стратегиялық әріптестер тартуды жоспарлап қойдық, – дейді Дәулет Жұмағұлов. Бір атап өтерлігі, бұл кәсіпорын баламалы электр қуатын өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Үлкен жобаны жүзеге асыруға шет мемлекеттермен қатар, қазақстандық мердігерлер де тартылған. Сондай-ақ, өндірілген энергия «KEGOK» АҚ-на өткерілетін болады. Стансаның өнімі барлық қазақстандық электр жүйесі құрамына енгізіліп, ортақ игілікке айналады.
Ерғали қартайған, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді