«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ғұмырымды арнаған, Өлең менің – Торнадам», –

«Ғұмырымды арнаған,    Өлең менің – Торнадам», –
ашық дереккөз
«Ғұмырымды арнаған, Өлең менің – Торнадам», –

деп жырлаған ақын Ғайни Әлімбекқызының жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді

«Алаулап жердің алабы, Көмкеріп гүлмен даланы. Нұрланып ару жанары, Тағы да келді бір көктем». Осылайша жүрегіне көктен жыр болып құйылған тәтті ойларды, әдемі жолдарды ақ қағазға айшықтаған нәзік те нәркес ақын Ғайни Әлімбекқызының жақында Алматыдағы баспалардың бірінен «Жыр айна» атты кітабы жарыққа шыққан болатын. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Руханият үйінде аталмыш жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызының жаңа жыр кітабын таныстырып, қаламгердің шығармашылығын саралаған жиынға белгілі ақын-жазушылар, шығармашыл жастар қатысты. Әдеби кешті облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған жазушы-ақын Арғынбай Бекбосын Ғайни Әлімбекқызының «Жыр айна» жинағын жыр-перзентке балап, ақын өлеңіндегі сәтті орамдар туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ, ақындар Шырын Мамасерікова қаламдас сіңлісіне өлең арнаса, Қайырбек Асанов, Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров келелі пікірлерін білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. Ал сатирик Бақытжан Әлімқұлов Ғайни ақынға арнаған әзіл-сықақ өлеңін оқып берді. Журналист, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторының міндетін атқарушы Ерман Әбдиев те ыстық ықыласын жеткізді. Бұдан соң «Ақ қауырсын» жас ақын-жазушылар клубының мүшелері Ғайни Әлімбекқызының жүрекжарды жырларын жатқа, мәнерлер оқып, лирикалық-поэзиялық композиция арқылы жиналғандарды әдемі әсерге бөледі. Перизат Оспанова ақынның әже туралы өлеңіне өзі ән жазғанын айтып, оны гитараның әсем үнімен бірге шырқады. Осылайша керемет сезім жетегінде тербелген көпшілікке тұсауы кесілген «Жыр айна» жаңа жыр жинағынан үлестіріліп, жырсүйер қауым әдеби шарадан олжалы тарқасты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар