Ресейдің «ЕвроХим-Удобрение» компаниясы соңғы 4 жылдың бедерінде өңіріміздегі өз жұмысын Аралтөбедегі кен орнын игеруден бастап, фосфор кенін ұнтақтап, өңдейтін алып фабрикаларын іске қосты. Бүгінде әлеуетті тұтынушыларына өнімдерін көптеп өткеру үстінде. Компания Ұлыстың ұлы күніне лайықты тарту әзірледі. Атап айтқанда, фосфор кенінің миллионыншы тоннасын қазып алып, ұнтаққа айналдырды. Сарысулық кеншілер бұл жетістікті жақсылыққа жорып, Наурыз мерекесі тұсында ерекше салтанатпен атап өтті. Аталған шарада кеншілерді аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтап: – Өңірдегі ғана емес, еліміздегі ең ірі химия өндірісі көшбасшыларының қатарына ұмтылған компанияның алдағы уақытта бұдан да жоғары табыстарға жететініне сенімдімін, – деді. Жылдан-жылға құлашын кеңге жайып келе жатқан ірі өндіріс орнының ендігі жерде алға қойып отырған мақсаты – жыл сайын дерлік тұрақты түрде миллион тонна өнім өндіруге қол жеткізіп, химия өндірісі бойынша әлемдік бәсекелестікте ең әлеуетті «бестіктің» қатарына ену. Әрине қандай жетістік болсын еткен еңбек, төккен тердің жемісі екені анық. Аталған шара барысында үздік кеншілердің де есімдері айрықша аталды. Компанияның бас директоры Игорь Георгиади ұжымды еңбектегі ересен табыстармен құттықтап, өндіріс майталмандарының бір тобына құрмет қағаздары мен заттай бағалы сыйлықтар тапсырды. Олардың қатарында кен шебері Қайсар Болатов, ұсақтау-сұрыптау бөлімшесінің ұнтақтаушысы Ислам Мұсаев, машинист-бульдозерші Сәкен Төребеков, машинист Қуандық Досаев, техникалық құрылғыларды жөндеу шебері Андрей Трушин, машинист Нұрдан Өтепбаев сынды өз ісінің кәсіби шеберлері бар. Аталмыш компанияның алдағы уақытта аудан экономикасы өсіп-өркендеуіне қосар үлесінің зор болатынына сарысулықтардың сенімі мол. Өнім өндіруді еселей түссе, өндіріс өрге басады. Кіріс молайса, әлеуметтік жобалар да көптеп жүзеге асырыла бастайды. Олардың қатарында темір жол тарту, ауызсу мәселесін түбегейлі шешу, газ жеткізу, қаланың инфрақұрылымын жақсарту, коттедждер, мәдени-спорттық кешендер салу сияқты қыруар жұмыстар бар. * * *
Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі күні таң атқаннан ауданның орталық алаңына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнiмен аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтады. – Тереңнен тамыр алатын Наурыз – көктем мен жаңғыру күні. Кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің мерекесі. Халқымыздың берекесі мен бірлігінің, ынтымақты тірлігінің, өсиеті мен өнегесінің өшпес белгісі. Қанға сіңген қасиетті дәстүріміз. Самарқанның көк тасы жібитін осынау қасиетті күні адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, тек қана жылылыққа толы тілектер айтатын күн. Өсіп келе жатқан ұрпаққа ынтымақ пен бірліктің, еңбектің мәнін түсіндіріп, санасына сіңіретін күн, – деді Балабек Жанбекұлы. Мерекелік шаралар аясында ұлттық ойындар, күрес, түрлі сайыстар өткізілді. Олардың ішінде бұрымдылар байқауы мен «Наурыз көже» сайысын айрықша атап өтуге болады. Осы күні Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар шеңберінде аудан басшысы «Еңбек ерлері» аллеясында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Ізгі шара барысында 300 түп ағаш көшеттері отырғызылды. 12 киіз үй сап түзей тігілген алаңда тұрғындар мәре-сәре күй кешті. Барлық қазақы үйлерде түрлі ұлттардың салт-дәстүрлері кеңінен көрсетіліп, аста-төк дастархан жайылды. Бүлдіршіндердің тұсауы кесіліп, ауданның ақ жаулықты аналары Алтын Досжанова мен Тыныштық Бектөреевалар ізгі лебіздерін білдірді.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді