Елімізде өзіне тиісті мақсатында пайдаланылмай жатқан бос жерлер мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл ретте, Елбасының биылғы халыққа Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойғаны еске түседі. Оған қол жеткізу үшін жер қатынастары саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру негізінде жер қорының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет.
Осынау міндетті орындау бойынша облыста зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Оның нәтижесі өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесінде ортаға салынып, талқыланды. 2016 жылғы 1 қарашадағы жер есебі бойынша облыстың жер қоры 14 миллион 426 мың гектарды құраған. Кеңесте жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев басқарма тарапынан жүргізілген тексеру қорытындылары туралы хабарлады. Өткен жылы салада 518 тексеру жүргізіліп, 231 заң бұзушылық анықталған. Жалпы, заң бұзушылықтар бойынша 111 ескерту беріліп, 120 тұлғаға 19,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. 2015 жылы анықталған заңбұзушылықтар мен 2016 жылғы тексерулер барысында 44 тұлға 2637 гектар жерін өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарған. Баяндамашы соңғы жылы заң бұзушылық саны артқанымен, жалпы тексерулердің үлесі кемігендігін сөз етті.
Атап айтқанда, 2015 жылы заң бұзушылық жалпы тексерістің 57,4 пайызын құраса, 2016 жылы – 44,6 пайызға дейін азайған. «Бұл көрсеткішке негізінен тұрғындардың жер заңнамасы талаптарының қатаюынан хабардар бола бастауы және жүргізілген тексерулер әсер етті, осылайша, пайдаланбаған тұлғаларды жерлерін өз еріктерімен өткізуге немесе игеруге итермеледі. Бір ғана мысал, ағымдағы жылы Шу ауданында жерлерін пайдаланбай отырған ірі шаруашылық 1300 гектар ауыл шаруашылық жерін өз еркімен мемлекет меншігіне өткізуге келісім берді»,– дейді С.Тәпеев. Ол жылдар бойы айналымнан шығып қалған егістік жерлерді пайдалану мәселесінің өз шешімін таппай келе жатқандығына да тоқталып өтті. Мұндай жерлер Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының бұрынғы суармалы егістіктерінде кездесуде екен. Себебі алқаптардың ағын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылғандығымен түсіндірілді.«Айналымнан шыққан егістік жерлерді қайта қалпына келтіру мәселесіне ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік мекемелері тығыз байланыста атсалысқаны жөн. Өйткені, үлкен көлемде инвестиция тартпай, жерді ұтымды пайдалану мәселесін шешу мүмкін емес», – деді баяндамашы.
Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев өткен жылы пайдаланусыз жатқан босалқы жерлерді экономикалық айналымға қосу бағытында атқарылған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аумағының 2015 жылмен салыстырғанда 170,0 мың гектарға ұлғайғандығына тоқталды. Оның айтуынша, облыс елді мекендерінің жаңа Бас жоспарларын жер ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекендер шегіне жаңадан 1,3 мың гектардан астам жер қосылған. Бейбітбек Жайлыбаев өз баяндамасында облыс аумағында 6278 гектар бүлінген ауыл шаруашылық жерлердің бар екендігін айтты. «Бүлінген жерлер Сарысу ауданында – 2,5 мың, Талас ауданында – 1,6 мың, Мойынқұм ауданында 721 гектарды құрайды.Алайда, 2013 жылдан бері аталған аудандарда жерді қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолға алынбай келеді. Басты себеп, аудандар бюджетінде қажетті қаржы көзі қарастырылмауында»,–деді ол. Сондай-ақ, «Басқарма тарапынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан шағын сүт фермаларын, жылыжай және мал бордақылау кешендерін орналастыруға қажетті жер учаскелерін әзірлеу мақсатында автожол бойынан мемлекет меншігіндегі 6503 гектар 91 бос жер учаскелері анықталды. Анықталған жерлерді аудандық жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы кешендерін орналастыру үшін кәсіпкерлерге ұсынуы қажет. Жер пайдалану мен реттеу жұмыстарында қазіргі заманғы озық технологияларды пайдалану жұмыс тиімділігін еселеп арттырады. Осыған байланысты басқарманың ұйымдастыруымен 2017 жылдың 12 қаңтарында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдері Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі бойынша «Геопортал» құру жөнінде семинар өткізілген екен. «Геопортал» жүйесін енгізу облыс көлеміндегі бос жатқан жерлерді, алқаптардың толық игерілуін анықтау, субсидия беру кезінде егілген екпелердің егілгендігін немесе егілмегендігін, сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылар жер учаскесінің өз шегінен артық жерлерді бүлдіргенін анықтауға мүмкіндіктер береді.Қазіргі уақытта бұл жүйе Шу ауданының жер қатынастары бөлімінде пилоттық негізде жүзеге асырылуда»,– деді басқарма басшысы. Баяндамашылар сөзінен соң Кәрім Нәсбекұлы облыстың қырғыз елімен шекаралас аумағындағы жерді реттеу проблемаларын жедел шешуді тапсырды. Бұл ретте, тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар тіркелген. Күзде жаңғырту жұмыстары жүргізілуіне байланысты «Қордай» бекеті 6 айға жабылатындықтан, уақыт ұттырмай, іске кірісу қажет екендігін айтқан облыс басшысы аудандардан басқармаға түскен 224 жер учаскесін тексеру туралы сұраныстың тек 67 пайызы ғана орындалғандығын еске салып, қалған мәселелердің қаралмау себебін сұрады. Бұның бірнеше себептерін Серікбай Тәпеев түсіндіріп өтті. «Көптеген шаруашылықтар кеңес үкіметі кезінде тарап кеткен, банкротқа ұшыраған, жерін өткізген, сондай-ақ, мекен-жайы бойынша табылмай жатқандары да баршылық. Әсіресе, Меркі ауданында 100 шаруаның 59-ы ғана табылды»,–деді ол. Кеңесте мия тамырын қазу мәселесін жою туралы тапсырманың орындалмауы қатаң сынға алынды. Бұл ретте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақовтың жауабы: «шаруа қожалықтары иеліктері аумағындағы жерде мия тамырын қазған адамдар туралы тіс жармайды», – дегенге сайды. «Мия тамырын Мойынқұм, Шу аудандарында кімнің жинап, қайда өткізіп жүргендігі белгілі. Өзімізде жапондармен бірлесіп соққан мия тамырын өңдейтін зауыт бар. Ал заңсыз саудагерлер болар-болмас тиынға Қытайға өткізеді де, ал кейін өз миямыздан жасалған дәрі-дәрмекті мың есе бағасына сатып аламыз. Бұл кімге пайдалы? Қоластыңда жұмыс істейтін үлкен топ бола тұра, бұл мәселені шеше алмау – өздеріңізге сын. Нақты шара қолданбасаңыздар, өзіңізді жазалауға тура келеді», – деді облыс басшысы.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді