Еуразиялық экономикалық одақтың еліміз үшін тиімділігін тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарында әралуан іс-шаралар өткізілуде. Осындай мақсаттағы басқосудың бірі Тараз қалалық жедел жәрдем стансасында ұйымдастырылды. Онда №35 бастауыш партия ұйымының төрайымы Венера Балқыбекова «Еуразиялық экономикалық ықпалдастық» тақырыбында баяндама жасап, келер жылдың басынан іске кірісетін жаңа одақтың негізгі ерекшеліктері туралы сөз қозғады.
– Соңғы екі онжылдықта әлем жаһандық, одан кейін экономикалық дағдарысты бастан кешірді. Әлемдік қауымдастық әлі де ауыр қаржылық дағдарыс пен әлеуметтік күйзеліс жағдайында отыр. Экономикалық дағдарыс пен ұзаққа созылған тұрақсыздық кез-келген елдің өмірге икемділігінің көп жағдайда басқа мемлекеттермен ықпалдастығына байланысты екенін көрсетіп берді. Азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын экономикалық өсімсіз елестету мүмкін емес. Ал, ол өз кезегінде өтім нарығының ұлғаюын, кедендік кедергілердің жойылуын, инвестицияға қажетті жағдайдың жақсаруын талап етеді. Міне, сондықтан да әлемнің көптеген аймақтарында ықпалдасу үрдісі жеделдетілуде. 1994 жылы тұңғыш рет Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған Еуразиялық экономикалық ықпалдасу ең алдымен еліміздегі қарапайым азаматтар мүддесінің басымдығына сүйенген идея, – деді В.Балқыбекова.
Жиын барысында жарыссөзге шыққандар да жаңа одақтың болашағынан көп үміт күтуге болатынын деректер мен дәйектерге сүйене отырып түсіндіріп берді. Басқосуға қатысушылар тарапынан «Еуразиялық экономикалық одақ неге дәл қазір құрылып жатыр? Мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ құру қарсаңында отандық бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қолдануда? Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болса, онда Еуразиялық экономикалық одаққа енудің қажеті қанша?» деген сарындағы сұрақтар да қойылды. Бір атап өтерлігі мамандар қойылған сауалдардың бәріне де ұғынықты етіп жауап берді. Еуразиялық экономикалық одақтың еліміз үшін тиімділігін кеңінен түсіндіруге бағытталған осындай басқосулар «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық 62 бастауыш ұйымының бәрінде де өтті.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді