Ел экономикасының аграрлық саласын жедел түрде индустриалды-инновациялық даму жолына ауыстыру - заман талабы
Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы саналады. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі іспетті.
Бүгінгі күні қоғамның қай саласында болмасын жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Бұл ретте еліміздің ауыл шаруашылығына да мемлекет тарапынан жаңа міндеттер жүктелуде. Сондықтан да ауылды көркейтуде, ауылшаруашылығын өркендетуде білікті мамандар мен тәжірибелі ғалымдарға деген сұраныстың уақыты өткен сайын жоғарылап келе жатқандығын атап өтуіміз керек. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Жетісудың арасындағы ұлан-ғайыр даланы алып жатқан алып Қазақстан бүгінде әлем таныған қуатты Тәуелсіз мемлекетке айналды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде елімізде стратегиялық мақсаттарға негізделген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағытта республикамыздың ауылшаруашылығын дамыту бойынша нақты бағдарламалар қолға алынуда. Ауылшаруашылығы еліміздің экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі болып саналады. Мемлекетіміз бай табиғи ресурстарымызды, заманауи технологияларды пайдалана отырып, ұтқыр түрде игеріп, әлемдік деңгейдегі үлкен табыстарға жетуді көздеп отыр. Осы орайда ғылым мен өндірісті ұштастырып, бәсекеге қабілеттілігімізді жетілдіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыру көзделуде. Осы биік мақсаттың орындалуына атсалысу әрбір қазақстандықтың, әсіресе ауыл жастарының азаматтық борышы, еліне, жеріне деген ыстық сезімінің белгісі мен көрінісі болуға тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық нақылы қалтқысыз. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жастар. Осы орайда мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуіміз қажет. Бүгінгі нарықтық экономиканың ұтымдылығы – әрбір адамды еңбекте жақсы нәтижеге жетуге ынталандыратындығы, іскерлігін кеңінен пайдалануға жол ашатыны. Ынта мен іскерліктің нәтижелі болуы кәсіпкерлікте, өндірісте ғылым жетістіктерін пайдалану деңгейімен анықталады. Еліміздің ауылшаруашылығында қалыптасқан жағдайды дамыған елдер қол жеткізген көрсеткіштер тұрғысынан бағалағанда ауылда пайдаланбай жатқан әлеуеттің молдығын, еңбек өнімділігінің төмендігін, өнімнің өзіндік құнының жоғары екенін көреміз. Осының барлығы ауылды көтерудегі мүмкіншіліктеріміздің ауқымды екенін байқатады. Барша Қазақстан халқы Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын зор ықыласпен қабыл алды. Биылғы Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға негізделгендіктен, қоғамдағы әр саланың даму жолдары анықталып, жаңа талаптар жүктелді. Қазіргі уақытта отандық аграрлық білім мен ғылым саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелуде. Осы орайда біз бүгін ғылыми-зерттеу институттарының мамандарымен бірге Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асуына күш салмақпыз. Бүгінде Жолдауда аталған тапсырмаларды іске асыруда ел экономикасының аграрлық саласын жедел түрде индустриалды-инновациялық даму жолына ауыстыру белгіленді. Экономиканы дамытуда белгіленген биік межеге жетуде ғылым мен білімнің орны ерекше екені, оларды әлемдік деңгейге көтеру әрқашанда Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Осы аталған бағыттардағы жұмыстың нәтижелі болуына еліміздегі ұлттық инновациялық жүйені тиімді және ұтымды қызметін қалыптастырудың ерекше рөлі көрсетілген. Барлық әлемдік тәжірибе көрсеткендей, индустрияландыруды жеделдету, инфрақұрылымды дамыту, адам капиталының бәсекелестік қабілетін арттыру экономиканың тұрақты өсуінің кілті болатыны күмәнсіз. Ал, осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында ауылшаруашылығы мамандарына да жоғары жауапкершілікті жүктейтіні сөзсіз. Қазақ аграрлық білімі мен ғылымының қара шаңырағы, ауылшаруашылығының ең басты ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы, өнегелі ғұмырнамасы ғибратты шежіреге толы Қазақ ұлттық аграрлық университеті екені елге мәлім. Бұл жоғары білім ордасы – республикамыздың болашақ агрокешен мамандарын даярлайтын іргелі оқу орындарының бірі. Еліміздің ауылшаруашылығының потенциалы да осы оқу орнын бітірген мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Бұл саланың мүмкіндіктері мен жетістіктеріне қарап, ел экономикасын бағамдауға болады. Университетіміздің қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының дамуымен тығыз байланысты. Ауылшаруашылығын ұжымдастыру және Қазақстанда алғашқы совхоздарды құру кезеңінде ауылшаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға сұраныс жоғары болды. Осы орайда, 1929 жылы Алма-Ата Зоотехникалық-малдәрігерік институты, ал 1930 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институты құрылды. Аталған екі институт аграрлық ауылшаруашылығына білікті мамандар дайындаумен қатар аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі мол және ғылым мектептерін қалыптастырды. Мамандар дайындаудағы жинақталған тәжірибе мен ғылымды зерттеулерде қалыптасқан дәстүрлер жалғасын тауып, дамуда. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңыздылығы бар оқиғаға айналды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен университеттің жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп, унивеситетке Ұлттық мәртебе берілді. Университеттің қызмет ету жылдарында еліміздің аграрлық секторының дамуына қомақты үлес қосқан және қосып келе жатқан 135 мыңнан аса мамандар дайындап шыққан. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыры және Еңбек Ерлері, Жоғары Кеңес пен Парламент депутаттары, академиктер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және агроөндіріс кешенінің басшылары және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан айтулы азаматтар бар. Университет ұжымы Президентіміздің ауылды көтеруге байланысты белгілеген биік мақсаттарының орындалуына өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда біздің қарашаңырақ оқу орнымыз қазақстандық агроөндіріс кешенінің индустриалды-инновациялық үдемелі дамуының негізі санатында. Бұл күнде ел экономикасының аграрлық секторында тиімді нарықтық жүйе қалыптастыру концепциясы жасалған. Әлбетте, ол Қазақстан экономикасының аграрлық секорына қосылған үлкен үлес. Әртүрлі шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін білім ошағында «Фермелер жоғары мектебі» құрылған. Онда «Экстеншн» халықаралық моделі бойынша білім беріледі, сондай-ақ, консалтингтік қызмет көрсетіледі. Тарихы тереңге кеткен оқу ордамызда халықаралық байланыс жылдан-жылға нығая түсуде. Оған Қазақстан – Жапон инновациялық орталығы нақты дәлел бола алады. Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина және санитария, микробиология және вирусология, агроинженерия, биологиялық, органикалық және биоорганикалық химия, гендік-молекулярлық, стратегиялық- технологиялық басымдықтар мейлінше іске қосылып жатыр. Жастардың тәрбие жұмысына, ұлтаралық достық мұраттарын қалыптастыруға, патриоттық сезімге, өзара көмек пен жауапкершілікке ерекше көңіл бөлінеді. Елбасының өзі әр жылғы Жолдауларында да жастарға барынша үміт пен сенім артатындығын үнемі қадап айтып келеді. Жалпы, университетімізде студенттермен жұмыс істеу барысында олардың шығармашылығына жағдай жасау, олардың ішінен әрбір тұлғаның әлеуетін байқап, олардың оқу және ғылыми-ізденістерін бақылау маңызды мәселе болып табылады. Бұған қоса, елімізде «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасы, «Дипломмен ауылға!» сияқты жаңа жобалар іске асырылуда. Осылардың нәтижесінде біздің түлектер еліміздің ауылшаруашылығын өркендетуге, ауылымызды, туған елімізді жаңартуға, көркейтуге аттанады деген сенімдемін. Өйткені ауылдың ажарын ашамын, көркін кіргіземін, жаңа леп, тың серпін беремін деген жасқа жарқын жол ашылып отыр. Әлеуметтік қолдау да әжептәуір. Ауыл тұрмысына жетерліктей бір реттік жәрдемақысы, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несиесі, айлық жалақыға 25 пайыздық үстеме ақысы тағы бар. Бұл мемлекет беріп отырған үлкен мүмкіндік. Біздің басты мақсатымыз студент жастарымызға озық білім беріп қана қоймай, олардың ұлттық тәлім-тәрбие алуына барынша жағдай жасап, өз елінің патриоты болып қалыптасуын қамтамасыз ету болып табылады.
Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді