Елбасының өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасына орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған, құрамында облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы, аудан әкімі, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары және бірқатар кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының жетекшілері бар топ арнайы іссапармен Ақтөбе облысында болды. Іс-шара барысында аймақ басшысы К. Көкірекбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев арнайы кездесіп, кәсіпкерлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет салалары бойынша екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Кездесу барысында сөйлеген сөзінде Кәрім Нәсбекұлы Ақтөбе облысының әлеуеті жылдан-жылға артып, бүгінде өңір өнеркәсібі республикамызда алдыңғы қатардан көрініп, ауыл шаруашылық көрсеткіштері де өсіп отырғанын атап өтіп, берік қарым-қатынас орнату екі облыс арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен де таныcтырып, жалпы аумағы 144,3 мың шаршы шақырымды құрайтын, 1 миллионнан астам халқы бар көп ұлтты өңірдің бүгінгі таңда ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс әлеуеті де артып, аграрлы-индустриалды аймаққа айналып отырғанын, көптеген пайдалы қазбалардың да мол қорына ие екендігін атап өтті.
Өңір басшысы, сондай-ақ «ЕвроХим» компаниясы, «TalasInvestment Company» ЖШС қолға алған, «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша инвестициялық жобалардың, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы пайдалануға берілуінің облысты алға бастыратынына, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмыстары да кең ауқымды түрде жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Арнайы экономикалық аймақта 16 жоғары технологиялық өндірістер құрылысы жоспарлануда. Мұнда каустикалық сода, хлор, үшхлорлы фосфор, глифосат, пестицидтер, метанол және басқалардың өндірісі бойынша 6 өндірісті іске асыру көзделген.
– Қордай ауданы «Тымлай» кен орнындағы құны 2,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын Қазақстан-Қытай бірлескен тау-кен өңдеу комбинаты мен титан-магнетиттік кен өндіретін зауыт құрылысының жобасына үлкен үміт артып отырмыз. Жаңартылатын энергия көздерін қалыптастыру бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылып, облысымыз аталған жаңа саланы дамытуда республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бүгінде 9 нысан пайдалануға беріліп, жалпы қуаты 114 МВт-қа жетті. Сонымен қатар, облыста құрылыс саласындағы индустрия қарқыны да артып келеді, – деді бұл тұрғыда К.Көкірекбаев. – Бүгін облыстар арасындағы өзара әріптестік бойынша меморандумдарға қол қоя отырып, нақты салаларда қарым-қатынасты одан әрі арттырамыз деп ойлаймын. Бұл шаралар өз кезегінде өңірлеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Екі облыстың географиялық ерекшеліктерін ескерсек, жамбылдықтар Ақтөбеге минералдық тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы өнімдерін, цемент, гипс, радиаторлар мен басқа да заманауи тұрғын үй құрылысы материалдарын ұсынса, ақтөбеліктердің бізді шикі мұнай және басқа да, біздің өңірде тапшы өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Біз бұл жұмыстарды бірлесе отырып, қолға аламыз деп есептеймін, өйткені екі өңірдің де тауар тасымалдауға мүмкіндігі бар, – деген К. Көкірекбаев ақтөбеліктерді облысымызға арнайы сапармен келуге шақырды. Ал жамбылдық тауар өндірушілер облыс орталығындағы «Қоныс» спорт сарайында жәрмеңке көрігін қыздырды. Екі күндік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жалпы құны 105,5 миллион теңгені құрайтын 177 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 25 тоннаға жуық ет өнімдері (жылқы, шошқа, тауық еттері), 10 тонна шұжық, 13 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 6 тонна макарон өнімдері, 10 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 7 тонна балық, 2 тонна бал және 80 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Жәрмеңкеде ұсынылатын тауар бағалары нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен саудаланды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді