«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әз-наурыз – бақ, берекем, тұнығым,ұлы дала төсіндегі ұлы күн!

Әз-наурыз – бақ, берекем, тұнығым,ұлы дала төсіндегі ұлы күн!
ашық дереккөз
Әз-наурыз – бақ, берекем, тұнығым,ұлы дала төсіндегі ұлы күн!

сол сөгіс санамды әлі күнге дейін осқылайды

Мәскеу Ноқрабеков, журналист.

Сонау сексенінші жылдардағы жылымық кезең сірескен саяси «тоңды» жібітіп, түйілген қабақтарды жібіткендей еді. Қасаң қағидаларға деген көзқарастың да өзгергені сол тұс. Тіпті, 1988 жылы елде жариялылық, демократиялық, ашықтық қоғам туралы пікірлер жиі айтылып, ұмыт бола бастаған Наурыз мерекесі де еске түскен. Ұлыстың ұлы күні қандай мереке, қашан тойланатынын білмейтіндердің бірі біз едік. Дегенмен, тыйым салынған салт-дәстүрді жаңғыртар күн туса деген сұңғыла ой көкейде жүретін. Көнекөз қариялардан естігеніміз де бар. Сол ой сананы сілкінтіп, маза бермеген соң, «Ертеде Наурызды қалай тойлаған?» деп, сұрау сала бастадым. Біреулердің сілтеуімен Жамбыл пединститутында қызмет ететін профессор Қапаш Тасболатовқа жолықтым. Қапаш ағай Наурыз мерекесі жылдың басы екенін, бұрындары әр үйдің «Наурыз көже» пісіріп, араздасқандар табысып, жылдың басын үлкен мереке етіп тойлайтынын айтып түсіндірді. Содан салып ұрып Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы Қазбек Сүлейменовке бардым. «Наурыз мерекесін тойлайық» деп ұсыныс айтып едім, ол:«Тойласаң тойла, бірақ жауабын өзің бересің», – деді. Сонымен бұрынғы Фурманов көшесінде тұратын сыйлы қария Акрам Азизов ақсақалға барайын. Қария Наурыз мерекесін өткізу туралы ұсынысымды бірден қолдады. Біз екі жерден «Наурыз көже» дайындайық, бірі Фурманов және Щорс көшесінің бұрышы, екіншісі Таксопарктің жанында. Өзім тұратын 9-шағын аудандағы №47 мектептің директорына жолығып, Наурыз мерекесін өткізуге келісіп, ата-аналарды жинап, ақылдастық. Мектептің жанына киіз үй тігіп, алтыбақан орнатып, мәдени іс-шаралар өткізуге келістік. Наурыздың 22-сі күні Фурманов көшесінің тұрғындары сырнайлатып, әндетіп, би билеп мерекені бастады. №47 мектептің жанында да көп адам жиналып, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының тіккен үйінің алдына «Наурыз көже» дайындалып, жиналған көпшіліктің алдында Қапаш ағай Наурыз мерекесі туралы әңгімелеп, мерекенің 1926 жылға дейін тойланғанын, одан кейін бұл мерекені тойлауға Үкімет тоқтау салғанын айтып берді. Алаңқайда орнатылған алтыбақанда балалар әткеншек теуіп мәз-мейрам. Үлкендер жағы да сергек, балаларды күрестіріп, жарыстырып, ән айтып, би биленді. Алғашқы өткен Наурыз мерекесі туралы Қазақ радиосының тілшісі Бекмұрат Сәрсенбаев репортаж дайындап, сол күні кешке радиодан хабар берді. Келесі күні қалалық партия комитетінің бюросы маған діни мерекені өткізгенім үшін қатаң сөгіс берді. Сол жылдың қараша айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Наурыз мерекесі туралы» қаулысы шығып, ол халықтық мереке болып жарияланған еді. Келесі 1989 жылы Наурыз мерекесі қалалық деңгейде орталық стадионда үш мың әртіс пен көркемөнерпаздардың қатысуымен кең көлемде атап өтілді. Мереке сценарийін облыстық «Еңбек туы» газетінің журналисі Рахметбек Өзбеков, профессор Қапаш Тасболатов дайындап, мерекені облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Әскер Құлданов жүргізді. Стадионның маңында қала кәсіпорындары мен сауда ұйымдары 10 жерде «Наурыз көже» дайындап, тұрғындарға тегін таратты. Орталық саябақтағы әткеншектерге балаларға тегін кіруге рұқсат берілді. Наурыз мерекесі алғаш рет Таразда осылай тойланып еді.

Тараз қаласы.

"Наурыз көже" пісірудің ешқандай құпиясы жоқ

Раушан Жетібаева, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Сыр сандық» әжелер ансамблінің жетекшісі.

_MG_0569-(1)

Наурыз мейрамын «Наурыз көжесіз» елестету мүмкін емес. Ұлыстың ұлы күнінде әрбір қазақ шаңырағында мереке мәзірін жайнатып, береке қазанын қайнатады. Наурыз жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарханға өзге де ұлттық тағамдармен қоса міндетті түрде «Наурыз көже» пісіріледі. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан «Наурыз көжеге» жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні «Наурыз көжені» тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады екен. Мен өзім Қызыл ту орта мектебін бітірісіммен бірден еңбекке араластым. Әр жылдарда аға тәлімгер, ауылдық Мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарып, ауыл мәдениетін дамытуға шама-шарқымша өз үлесімді қостым. 2000 жылы «Сыр сандық» әжелер, 2010 жылы «Көктерек» ардагерлер ансамблін құрып, қалыптасуына біркісідей атсалыстым. Ұлыстың ұлы күні өмір есігін ашыппын. Содан да болар жастайымнан наурызға қатысты ұғымдарды, салт-дәстүрлерді үлкендер, көнекөз қариялардан жаттап, санама сіңіріп өстім. Туған күніммен тұспа-тұс жететін Әз-Наурыз мерекесіне орай «Наурыз көже» тағамын әзірлеу жыл сайынғы әдетіме айналған. Оны жасаудың ешқандай құпиясы жоқ. Оған қосатын дәнді дақылдарды да әркім өзінше таңдауы мүмкін. Бірі бидай, бірі арпа, енді біреулері жүгері, күріш, қарақұмық қосқанды қалайды. Басты талап – дәмді әзірленуі ғой. Әркім қолында барымен жасай беруіне болады. Тек дәм саны жеті түрлі болса болғаны. Бұрынғы әжелеріміз де осындай тиісті талаптарды бұлжытпай орындауды міндет деп ұққан. Содан да олардың қолымен пісірілген «Наурыз көженің» дәмі таңдайдан кетпеуші еді. Мен өзім «Наурыз көжені» бидайдан жасағанды жөн деп санаймын. Осынау ұлттық асымызға қосар дәнді әзірлеуде бағзыдан бергі бұлжымас шарттарға сүйенемін. Мысалы, бидайды ең алдымен суырып, қауызынан арылтамын, сонан кейін қазанда суға салып, қымтап бір күндей бөктіріп қоямын. Келіге салып, кемі үш қайтара түйген абзал. Көженің тіл үйіретіндей дәмді болатынының бір құпиясы осында екенін бүгінгі қыз-келіншектерге айтқым келеді. Ертеректе әйелдер мереке барысында өздерімен бірге көже толтырылған ыдыс ала жүрген. Қонақтап барған жеріндегі көжеге өздерінің дәмін де қосып, араластыру дәстүрі болған. Бұл – дәм-тұзымыз араласып, ынтымағымыз жарасып, бірлікте болайық деген ниет. Көжені құйып берудің өзіне үлкен мән беріледі. Әдетте, сусынды ыдысқа толтырып құйып береді. Бұл несібеміз ортаймасын, дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған сол көжені тауысып ішу – әркімнің міндеті. Себебі, берілген ырзықты қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады. Ел ішінде ілгерідегі аспаз ана-әжелеріміз cалған жол, үлгі-нұсқаны бүгінгі күні де үзбей жалғастыру біздің міндетіміз. Сол міндетімізге адал болсақ, ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымыз жоғалмақ емес. Жаңаша жаңғырып, жасай береді.

Мойынқұм ауданы.

Әр шаңырақта той болсын!

Тілеуқабыл Төребеков, соғыс және еңбек ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

940x382_pokolenie_150217-020-(1)

«Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер» дейді халқымыз. Жалпы, бата беру – адал ниет, ізгі тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халқымыз батадан қуат алып, ізгі лебізге марқайып, оның жағымды ықпалы болатынына сенеді. Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнінде үлкен кішіге бата береді. Әсіресе, ас қайыру мәртебесіне ақсақалдар, аузы уәлі, ауыл-аймаққа танымал ер-азаматтар бірінші кезекте ие болып жатады. Күн мен түн, хан мен қара теңелер, күллі дүние жанданып, жаңарар табиғаттың ғажайып сәті – Наурыз мерекесіне орай мен де ақ батамды берейін. Мұны тоқсан екінің төріне шыққан қарияның тілегі деп қабыл алыңдар. Әз-Наурыз, құтты болсын, Қайда барсақ, жол болсын! Әр үйде қуаныш шырағын жақсын, Әр таңымыз бейбіт атсын. Мерекенің шаттығы кернеп, Дала мен қала дүбірлеп жатсын. Мұратымыз болсын қайырлы, асыл, Құдай несібемізден айырмасын. Армандар бүршігін жарсын, Жастардың жұлдызы жансын. Жамандық атаулы жерге енсін, Наурызбен бірге әр үйге Құт-береке, жақсылық келсін. Отар-отар қой болсын, Әр шаңырақта той болсын. Үйір-үйір жылқы болсын, Табын-табын сиыр болсын, Келе-келе түйе болсын, Қырманымыз астыққа, Шарамыз майға толсын! Қызымыз ибалы, Ұлымыз намысты болсын! Өзендеріміз ағысты болсын, Есік ашып жаңа келген Тауық жылы табысты болсын! Әумин!

Тараз қаласы.

Жүз жетінші наурыз

Айымкүл-әж9е

Шу ауданында бүгінде ғасыр ғұмырды еңсерген 7 бірдей кейуана тұрады. Солардың бірі 107-ші көктемін қарсы алып отырған Айымгүл Оршубекова. Наурыз мейрамы қарсаңында Айымгүл әжеміздің шаңырағында болып, шежіре-ғұмырлы жанның сөзіне құлақ асқан едік. Кенже қызы Қымбаттың қамқорлығындағы әженің жүзін әжім басса да, санасы сергек екен. Үш құрсақ көтерген ана 13 немере, 19 шөбере, 2 шөпшек сүйіпті. Зұлмат жылдарда ата-анасынан ерте айырылып, 8 жасынан жетімдіктің ащы дәмін татқан Айымгүл ана нағашыларының қолында өсіпті. 16 жасында өмірлік қосағы Төреқұлмен отау құрыпты. Қазан төңкерісі, ұжымдастыру, ашаршылық, соғыс кезінде тартқан азабы Айымгүл әженің әлі күнге көз алдында. Ұлы Отан соғысы жылдарында қыз-келіншектер тылда жұмыс істеп, бейнет кешкенін білеміз. Сол бейнеттің іздері Айымкүл әженің жүзінде де сызылып жатыр. Сол бір қасіретті жылдардан қалған жалғыз белгі кейуана жүзіндегі әжім мен еске алғанда өзекке өксік толтыратын естеліктер ғана. – 105 жасқа келгенге дейін өзі ине сабақтап, көрпе тігіп отыратын. Екі жыл бұрын өзінің ең жақсы көретін немересі қайтыс болғанда көп жылады. Содан бері жанары сыр беретінді шығарды. Денсаулығы бірқалыпты. Артық мазалап жатқан жоқ. Дегенмен жасы келген соң жанында біреудің болғаны керек-ақ. Өзім мектепте жұмыс жасайтын болғандықтан кейде көршілердің көмегіне жүгінемін. Дәрігерлер де анамның денсаулығын бақылауға алған. Әкімдіктегілер де ара-тұра ат басын бұрып, азық-түлік пен керек-жарағымызды түгендеп тұрады, – дейді қызы Қымбат. Кетерде әжеміз ақ батасын берді: «Іздеп келгендеріңе рахмет. Сендерге менің жасымды берсін, бейнетімді бермесін!», – деді ана. Шу ауданында Айымгүл апамыздан бөлек, 100 жасаған 6 әжеміз бар. Аудан орталығына іргелес жатқан Алға ауылдық округінде 105 жастағы Бибігүл Қадырбекова мен 103 жастағы Дәметкен Бекішова есімді ғасырдың қос куәгерлері тұрады. Одан кейін, Көктөбе ауылында да биыл 100-ші көктемін қарсы алып отырған Бубия Жетпісбаева мен Бегімтай Елемесова апаларымыз бар. Д. Қонаев ауылының тұрғыны Ермеш Асханбаева мен Еңбекші ауылының тұрғыны Зурят Үтеғұлова да биыл 100-ге келіп отыр. Иә, биылғыдай ұзаққа созылған қыраулы қыстың көбесі сөгіліп, жер ана бусанып жатыр. Баяу соққан жылы леппен көктемнің де келгенін сезінеміз. Өзінің 107-ші наурызын қарсы алғалы отырған Айымгүл әже бақытты өсіп-өнген ұрпағының ортасында, ел-жұртқа ақ тілегін арнап отыр.

Ерғали Қартайған, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Мейрамы барша Шығыстың

Айша КӨПЖАСАРОВА, ақын. Наурыз-ЦОМ

Уылжып шуақ түсті енді, Наурызда төлім үстелді. Түзеліп шаруа ыңғайы, Ауылыма Қызыр түстенді.

Жылғасы жіптей өріліп, Жыл басы келді керіліп. Кербез күн тіпті баптанып, Бататын болды ерініп.

Аққайың бүрлеп біртіндеп, Думаным қызды дүрілдеп. Толқыны соғып жағаға, Таласым ақты гүрілдеп.

Күлімдеп көктен күн ұлы, Жер-дүние жылыды. Нәурізек келді өлкеме, Құстардың нәзік сұлуы!

Ашылмай қалмас жан сырым, Болғанмен қанша жасырын. Көненің көзі – Наурызды, Оралтты қайта ғасырым.

Сәндеді гүлім көшені, Майда жел жылы еседі. Наурыздың нәзік лебімен, Көңілден кірбің өшеді. Толассыз жыр мен нұр құштым, Ұлы күнінде ұлыстың. Наурызым – ұлы дүрмегім, Мейрамы барша Шығыстың.

Қырқаға шықты көзді алдап, Қылтиып қызыл қызғалдақ. Жігіттер жатыр жасанып, Селтеткізерін қызға арнап. Тоңымды майдай еріткен, Шуағын көпке төгіп тең. Түрленткен дархан даланы, Көктемім қандай көрікті ең!

Шуақты айға шаруалар тартуы да мол

toryto+++bel1

2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында облысымыздағы шаруашылықтардың барлық санаттары бойынша тірідей салмақпен 14,2 мың тонна мал және құс еті өндіріліп, жалпы көрсеткіш 105,4 пайызға орындалды. Ал сауылған сүт 1 мың тоннаға (3,5 пайызға) артып, 31,3 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, өндірілген жұмыртқа 4860,4 мың данаға (59 пайызға) көбейді. Биылғы қаңтар-ақпан айларында әрбір сауын сиырдан сауылған сүт орта есеппен 295 келіден, ал әрбір мекиен тауықтан алынған жұмыртқа 24 данадан айналып отыр. 1 наурызға дейінгі мәлімет бойынша өткен жылмен салыстырғанда, шаруашылықтың барлық санаттарындағы мүйізді ірі қара 4,9 пайызға – 16 мың, қой мен ешкі 2,4 пайызға – 61,9 мың, жылқы 7,2 пайызға – 7,2 мың, шошқа 5,8 пайызға – 1,8 мың, құс 25,4 пайызға – 234,4 мың басқа көбейді. Барлық шаруашылықтар бойынша, сондай-ақ, 28,8 мың бұзау, 232,6 мың қозы мен лақ, 8,8 мың торай, 1,2 мың құлын алынды . Мал мен сүттің негізгі бөлігін өндіру әдеттегідей жеке тұрғындардың, үй шаруашылықтарының үлесінде қалып отыр. Олар облысымызда өндірілген барлық еттің – 63,6, сүттің – 79, жұмыртқаның 40,8 пайызын өндірді. Талдау жасалып отырған кезеңде өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ағымдағы жылғы бағалармен есептегенде 13601 миллион теңгені құрады.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұлт тық тағамдарды ұлықтай білейік

76-xMkaD_8Q

«Ас – адамның арқауы» деп түсінген халқымыз тамақты тіршіліктің өзегі деп қана танымай, оның бойға нәр, денеге қуат берер құнарына да ерекше мән берген. Бабаларымыз ерте заманнан мал шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Сондықтан да малдың еті, сүтінсіз қазаққа астың дәмі кірмейді. Шын мәнісінде кез-келген қазақ шаңырағындағы дастарханды ет тағамдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның ішінде ең басты кәдеміз – ет. Табақ тартудың да өз дәстүрі бар. Табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Аталған табақтарға сай ет мүшелері болады. Оларды ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал-жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Іліктік қатынасқа қарай: қарттарға жамбас, орта жастағыларға ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қыздарға асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі. Мойын омыртқа, тоқпан жілік, ірі малдың жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ қонақтарға тартылмайды. Ет тағамдарынан жасалатын ұлттық тағамдар қазақта жетерлік. Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, ғұмырын ат үстінде өткізген бабаларымыз сондықтан да тағамның жорық жондарында шұғыл пісіріп, жедел жарататын түрлеріне де көбірек көңіл бөлген. Дақылдардан жасалатын талқан, бидай көже, тары, жент, майсөк, бөкпе, сүт тағамдарынан айран, қаймақ, қатық, шалап, қымыз, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік, сары май, іркіт сияқты тағамдарды талғажу еткен. Сусындардың ішінде ең құнарлысы, адам ағзасына пайдасы мол қымыз екендігін білген. Қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын дәмді тағамдардың бірі – жент. Ақталған тарыны келіге түйіп ұнтақтап, құмшекер, ұнтақталған ірімшік салып араластырады. Содан соң қазанға жылқының майын құйып ысытып, жаңағы араластырған тары мен ірімшікті салып, оттың болмашы табында араластырады. Жент майды бойына сіңірген соң ыдысқа салынып, салқын жерге қойылады. Әдетте оны ешкінің немесе қойдың қарнына салып сақтайды. Ол ауа өткізбейді де, жент өзінің иісін, дәмін жоймай, ерімей жақсы сақталады. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз кейбір тағамды сусын ретінде де, ас-ауқат ретінде де пайдаланған. Оған сүзбені алар болсақ ол айраннан немесе қайнаған іркіттен дайындалады. Ашыған айранды, қатықты немесе қайнаған құртты кенеп дорбаға құяды да іліп қойып сорғытады. Содан ол өзінен-өзі сүзіліп, сұйығы ағып кетеді де, сүзбе түбінде қалады. Сүзбені тұздап, малдың қарнына салып, кептіреді. Оны кез-келген жыл маусымында езіп сорпаға, көжеге қосуға, сондай-ақ сүт, су қосып шалап етіп, сусын ретінде ішкен.

Фариза АЙТБЕК, «Ақ жол».

Ертедегі  нақышты ел брендіне айналдырдық

Айдархан Қалиев, «Асыл дизайн» сән үйінің директоры, бас дизайнері.

Kollektsiya-Koch+++evniki

Күнделікті еуропалық киім кию стилін бойымызға әбден сіңіріп алсақ та, оның орнын жаппай ұлттық нақыштағы киіммен алмастыруды әрқайсысымыз армандап жүргеніміз жасырын емес. Осы орайда, отандық дизайнерлер халықты қазақы стильде «киіндіруге» біртіндеп кірісе бастады. Ұлттық нақышты қолдау ниетімен біз де «ASPARA» және «Aidar-Khan» атты отандық сауда белгілерімен киімдер мен аксессуарларды брендке айналдырып үлгердік. Жалпы, жеке кәсібімді 1993 жылы бастадым. Өзім оқып меңгерген жеңіл өнеркәсіпті жобалаудың автоматты жүйесі және бағдарламашы мамандықтарын бір-бірімен ұштастыра, киім дизайні саласына біржола ден қойдым. Сән әлеміндегі өзіндік қолтаңбамды қалыптастырып, жаңа бағыт енгізуді мақсат тұттым. Ұлттық мәдени құндылықтарымыз көрініс табатын заманауи киім үлгілерінің «нео-фольклор» стилі осылай дүниеге келді. Бұл 90-жылдардың аяғы болатын. Дизайнер ретінде ұлттық нақыштағы ою-өрнектерімізді әлемге танытуды ойладым. Ондай өрнекті өнімдерді сахнада көрсету үшін ғана емес, күнделікті қолданысқа ыңғайлы әрі қолжетімді етіп жасауды алға мақсат етіп қойдым. Алайда, бұл қыруар қаражатты талап етті. Сән үйінің жұмысын жүйелі жолға қою да жеңілге түспеді. Бастапқыда кешкі сәнді киімдер топтамасымен айналыстық. Ол кезде елімізде киімге қажетті шикізат жоқтың қасында болатын. Көбіне Қарғалы шұға фабрикасының өнімдерін кәдеге асырған екен. Кешегі шағын сән үйінің бүгінде әлемдік деңгейге танылуы – ұжымымыздың тынымсыз еңбегі мен ізденісінің жемісі. Түрлі тастармен көмкерілген, құс қауырсынынан жасалған бөкебайларды қосып, еуропалық бағалы маталардан «кешкі топтама» жасап шығару арқылы сән әлеміне батыл қадам бастық. Ал 1995-1996 жылдары өткен «Шығыс маусымы» фестивалінде «Ежелгі Тараз жаңғырығы» атауымен көшпенділер сарынында былғарыдан жасалған ерекше этнографиялық топтамамызды ұсынып, шетелдіктерді таңдай қақтырғанымыз да бар. Киім арқылы дәстүрін, мәдениетін танытып жүрген елдер қаншама. Мәселен, түрлі ресми кездесу-жиындардың өзінде өзбектер ала көйлегін, үнділер сариін, жапондар киманосын тастамайды. Біз де осылай ұлттық болмысымызды неге сақтамасқа деген ой мені жиі мазалай берді. Бүгінде түбегейлі ұлттық стильдегі авторлық топтамаларымыз Ташкент пен Бішкек, Мәскеу мен Баку, Рига мен Стамбул, Сингапур мен Варшава қалаларында, Үндістан мен Қытай, Германия мен Франция, Ұлыбритания мен Испания мемлекеттерінде өткен дүниежүзілік және халықаралық форумдар мен көрмелерде Қазақстанның таныстыру картасына айналған. «Асыл дизайн» сән үйінің ерекшелігі – матаның өзімізде шығатындығында. Бұл үшін сублимациялық әдіспен матаға ою-өрнек түсіретін арнайы құрылғы сатып алынған. Басып шығару технологиясын 7 жылдан бері тәжірибеден өткізіп келеміз. Нәтижесінде киіздің жаңа интерпринтациясын ойлап таптық. Яғни жұқа матаның бір бетіне «этникалық принт» кескінделсе, екінші бетіне жұқа киіз қабаты жапсырылады да, одан салмағы небәрі 250 грамм, экологиялық таза әрі сәнді пальтолар тігілді. Бұл – сән әлемінде бұрын болмаған жаңалық, бұл – ноу-хау.

Ұқсас жаңалықтар