«Жол азабын жүрген біледі» деген сөз тегін айтылмаған. Өткен жылы Қаратау қаласы көшелерінің шаңы шығып, жүргінші қиналып жататын. Жұрт тілегін ескерген облыс, аудан басшылары жергілікті бюджеттен 294 миллион теңге қаржы қарастырып, айналасы екі айдың ішінде қаланың 22 көшесі жөндеу көрген-ді. Қалада 104 көше бар. Оған елді мекендердегі көшелерді қосыңыз. Аудан әкімінің есебінде де тұрғындар көшелерді қайта қалпына келтіру хақында сауалдар қойған. Енді осы мәселенің жай-күйі туралы аудан әкімі Болат Рысмендиевтен сұрастырғанбыз. – Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру, қала мен елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, елдің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін әрі өркениет көшіне ілесеміз десек – сөз жоқ, көшеміз асфальтталып, көкорайға орануы, әр үй тұщы ауызсу тұтынып, адамға қажетті жақсылықтарға ие болуы керек екені белгілі. Түптеп келгенде ауыл мен қала арасындағы айырмашылық мейлінше азаюы керек, – деді ол. – Өмір талабына сай әрекет еткен таластықтар да ол міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді деп нық сеніммен айта аламын. «Моноқалаларды дамыту – 2012-2020» бағдарламасы негізінде Қаратау қаласы жаңа шырайға ие болды. Тек соңғы 4-5 жыл көлемінде ауызсу мен кәріз су жүйелері бүтіндей жаңғыртылды. Жазғы саябақтардың сән-салтанаты арта түсті. «ЕвроХимның» демеушілігімен «Спорт кешені», аудандық емхана салынды. «Жастар саябағы», «Тәуелсіздікке – 25 жыл» саябақтары да бой көтерді. Орталық саябақ бүтіндей өзгеріп, жаңа кейіпке ие болды. Мұндай өзгерістерді елді мекендердің орталықтарынан да байқауға болады. Өткен жылы елді мекендердегі бірнеше мектеп, білім беру, денсаулық нысандары «көгілдір отын» тұтына бастады. Өзгерістер биыл да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, қаладағы 22 көше асфальтталады. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш өсуі де мүмкін. Әсіресе, Б.Момышұлы, Ә.Молдағұлова, Д.Қонаев көшелеріне республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуі бізді қуантып отыр. Оған қоса Шәкіров, Қызыләуіт, Ақтөбе, Үшарал ауылдары аралығындағы асфальт жолдар да орта және күрделі жөндеу көрмек. Ақкөлде екі көше, бір көпір, Үшаралда да екі көше асфальтталады. Жөнделетін жолдардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, тиісті қаржы бөлініп, тендер өткізіліп, мердігерлері анықталуда. Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл Ақкөл, Кеңес, Үшарал, Қызыләуіт ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге газ құбырын тарту мәселесі де оң шешімін табуда. Енді қаланың инфрақұрылымына оралсақ, қайта жөндеуге жататын 6 көп қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленді, екеуіне қаржы бөлінді. Әр үйге ауызсу жеткізетін сервистік қызметке – 294 миллион, кәріз жүйесін сервистік жөндеуге 74 миллион теңге бөлінді. Мердігер белгілі, жұмысын әне-міне бастайды деп отырмыз. Оған қоса әлеуметтік нысандарға «көгілдір отын» жеткізу жұмысын жалғастыра береміз. Қорыта айтқанда, аудан алып құрылыс алаңына айналмақ. Таяу жылдары Талас ауданының елді мекендерінің кескін-келбеті өзгеріп, ажарлана түседі.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді