Ұстаз – ұлы мамандық.
Бауыржан Момышұлы.
Таяқ тастам жердегі Үшарал ауылында туып-өскеніммен Досбол ауылына бірде-бір рет жолым түспепті. Тіпті, іргесіндегі Арал елді мекеніндегі Талас орта мектебінде оқып жүргенімде де бармаған екенмін. Интернатта жатып оқыдық. Мектеп директоры Жуасбай Ахметов деген кісі еді. Досболдан бір-екі бала қатынап оқитын. Әбдірәсіл Құлекеев туралы солардан естігенмін. Талас ауданының бас орманшысы Ақынбек Бектай екеуміз түнделетіп Буратышқаннан асып түсіп Досбол ауылындағы Көшерұлы Болаттың үйіне келе жатып, балғын балалық шағымды ойладым. Болаттың анасы Әспетайға сәлем бердік. Тоқсанның үшеуіне келсе де әлі ширақ әрі тың көрінді. Көненің көзі емес пе, амандық-саулықтан соң біздің әңгімеге тартпақ болып, «Бұл ауыл неге Досбол деп аталған?» деген сұрағымызды жауапсыз қалдырмады. Ол кісінің айтуынан Досболдың он тоғызыншы ғасырдың соңында осы күнгі Қызылорда облысындағы Тереңөзек ауданынан көшіп келгенін, келісімен тұрғындарды ұйымдастырып, арық-атыз қаздырып, қауын-қарбыз, күріш, тары еккізгенін естіп білдік. Ауыл маңындағы тал-дарақтар сол кісінің көзі екен. Шынында да Үшарал ауылында жүргенімізде «Досбол қауыны», «Досбол шәйі» дегенді естуші едік. Досекең қырғыз елінен шәйдің тұқымын әкеліп Талас өзенін жағалай еккізген. Желмен ұшты ма, білмейміз ғой сары жапырақты шәй біздің ауылдағы егістік алқаптарына да өсті. Әкеміз бен анамыз «Бұл Досболдың шәйі» – деп бізге талай демдеп берген. Өз ойымызбен әуре болып кеттік пе, әжейдің «Ал енді өздерің, мына еншісі бөлінбеген Үшаралдан екенсіңдер, осы Әбдірәсілдің Батырбегі Талас ауданында әкім бе?» – деген сөзінен қайта серпілдік. Өзі бір жақсы бала, мына Болатжан отырған үй сол Батырбектің әкесінің ескі үйі әрі мектебінің орны. Әбдірәсілмен көрші отырдық. Өзі сыпайы, білімді еді. Ол үйдегі Ханзила келін қолы ашық, дастарханы мол болатын», – деп бір қайырды әңгімесін. Былтыр қарашаның соңына қарай Досболға тағы жолымыз түсті. Таластың суы тасып, жұлқына ағып жатыр екен. Әйтеуір ауданнан техника жұмылдырылып, тоспалар жасалыныпты. Оның қаншалықты шыдас беретінін уақыт көрсетер. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ауылға келер алдында Әбдірәсіл аға туралы дерек іздеп, біраз газет-журналды аударыстырғам. Сарысулық қаламгер Пернебай Дүйсембин жинақтап шығарған «Сарысунама» кітабында Досбол орта мектебі туралы дерек бар екен. Соғыс жылдары ашылған мектептің алғашқы мұғалімі Шман Жаңабаев екен де, одан мектепті Керімбек Қоңырбаев пен Науаткүл Атанова қабылдап алған. Сол кітапта Әбдірәсіл ағаның 1948 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педучилищені бітіріп келіп, Досболдағы бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін 1967 жылға дейін атқарғандығы туралы жазылыпты. Осыны оқығанда жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» деген хикаяты ойыма оралды. Көз алдыма жиырма төрт жастағы ұзын бойлы, шалқақ кеуделі, мұрты тебіндеген жігіт келе қалғаны. Жамбылдағы педучилищені өте жақсы тәмамдаған жас маман ең әуелі еңбек жолын Қайырдан бастап, Досболда жалғастырғаны, Ханзиламен отау құрып дүниеге Қылышбек атты ұлдың келгені... Деректі фильмдегідей тізбектеліп өтіп жатты. Қалай дегенде де Қайыр да, Досбол да Әбдірәсіл ағаның ата-бабасының өсіп-өнген жері. Өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы ашаршылықтың салдарынан Бостандық ауылына қарасты Талапты елді мекеніне көшіп келгенге дейін Күлекенің бар ғұмыры осында өткен. Досболмен сырлас болған, сыйласқан. Аласапыран кезде қазақтың жайсаңдары Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов, Ораз Жандосов түсетін үй болуы – екеуінің азаматтығын танытса керек. Құлеке де Досбол сияқты Талас өзенін бұғалықтап диірмен соқты, ашаршылық жылдары талайдың аман қалуына себепкер болды. Құлекенің ата-бабалары Талас өңіріне белгілі жандар. Мұны кешегі айтыскер ақындар Төреқожа Қанқожаұлы мен Жаңылдық Есқарақызының сөз сайысынан байқайсыз.
Төреқожа:
Ақылдың өнер-білім қолғанаты, Ісіңді жақсылыққа жалғандырар. Өмірдің айналасы аз-ақ нәрсе, Мақал ғып айтып кеткен алдыңғылар, – десе,
Жаңылдық:
Төренің мен қосылам дегеніне, Сыйдырған өнеге сөз өлеңіне. Аталар туа бітті нар тұлғалы, Түйенің мінеді екен дөненіне. Ел-жұрты көзін көрген тірі куә, Олардың елдің қамын жегеніне. Есбота, Нарботадай аталарым, Сыйынсам, сөзге қуат береді де. Сәуірбай ұрпақтары өніп-өскен, Құт берсін ұлы әруақтар өреніне. Замана бастарыңа бағын берсін Кең дүние назар салсын дегеніме, – деп қайырады. Міне, осындай нар тұлғалардың тұяғы Әбдірәсілдің де тегіне тартқаны анық. – Әлі есімде, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасары қызметін ұзақ жыл атқарған, денсаулық сақтау саласының ардагері Өмірхан Байдарбеков, – 1959 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Жоқшылық кез. Кішкентай ғана үш бөлмелі мектепке әжем жетелеп әкеліп, Әбдірәсіл ағайға табыстады. Ағай ұзын бойлы, өте насаты, сұлу жүзді адам екен. Жүзінен нұр төгіліп тұрғандай көрінген. Мен үшінші қатардағы партаға отырдым. Ағайымыз әрқайсысымызды тұрғызып аты-жөнімізді сұрастыра бастады. Маған келгенде: «Фамилияң кім?» – дегенінде: «Жұмабеков» – дедім. Жұмабек менің әкемнің әкесінің аты. Сонда ағайымның: «Қандай Жұмабеков? Жәкемнің ондай баласы жоқ. Сен Байдарбектің баласысың», – деді қатқылдау. Шал мен кемпірдің баласы деп осы уақытқа дейін ешкім дауыс көтеріп сөйлемеген, көзім жасаурап, ызаға булығып, жарылардай болып тұрмын. Оған қарайтын ағай ма? «Болды отыр, фамилияңды Байдарбеков деп жазамын», – деді бұйырып. Содан не керек, үйге келіп апама болған жайтты айтып бердім. «Әбдірәсілмен екеуі құрдас. Ендеше оның айтқаны дұрыс», – деді апам. Апам солай деген соң, баламын ғой, мен де көндім. Сөйтіп, Әбдірәсіл ағайдың арқасында бір сәтте Байдарбектің баласы болып шықтым. Мен ол кісінің фамилиясына жазылмасам есімі ұмытылатындай екен. Себебі менің бауырларымның фамилиясы Құлықовтар еді. Ол – Жұмабек атамның әкесінің аты. Әбдірәсіл ағайдың әдісі ерекше болатын. Дауыс көтеріп ұрыспайтын. Егер білмей қалсаң басыңнан сипап, мақтап-марапаттап ынталандырып жіберетін. Білімінің негізі бастауыш сыныпта қаланады емес пе. Кейін Түгіскен орта мектебіне барғанымызда мұғалімдер: «Ә-ә сендерді Әбдірәсіл оқытты ма?» – деп арқамыздан қағатын. Ағайымыз тамаша ұстаз ғана емес, сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын. Ең алғаш шахмат ойнауды, доп тебуді ағайдан үйрендік. Керемет аңшылығы бар еді, домбырада, әсіресе шертпе әуендерді шебер ойнайтын. Ол кезде көктем шыға қойшылар Аса өзенінен асып Күмістөбе, Қаратөбе, Қақу маңын жайлайтын. Ортаға палатка тігіп, оқушылар қойлы ауылдан мектепке есекпен, атпен қатынайтын. Жаяу келетіндер де бар еді. Ағайымыз «балалардың қарны ашып қалмасын», – деп біз үшін малшыларға айран, ірімшік, сүт, уыз дайындатқызатын. Табаға қызара піскен таба нанды айтсаңызшы. Осыншама қамқорлықтан кейін сабақты қалай нашар оқисың? Досбол ауылының рухани көшбасшысына айналған зиялы ағамыздың бізге берген білімінің арқасында кейін жоғары оқу орнында қиналған жоқпыз. Бұл Өмірханның берідегі айтқан әңгімесі ғой. Білетіндер мектеп үйі бұрынғы мал қораның жайы еді дейді. Екі бөлмелі, төбесі қамыспен жабылған қазақы там екен. Әрі мектеп, әрі меңгерушінің үйі болған сол жайда Әбекеңдер екі-үш жыл тұрғанға ұқсайды. – Оны білетінім, – дейді ұлы Батырбек. Сабақ оқитын балалардың ең соңғы партасында отыратыным есімде. Кешке қарай парталарды бірінің үстіне бірін қойып, босаған жерге анамыз текеметін төсеп, аға-інілерімізбен шүйіркелесіп жататынбыз. Қазір ол үйдің орны жоқ. Есесіне 1956 жылы Әбдірәсіл ауыл аймақтың адамдарына асарлатып салғызған, төбесі темір қызыл шифермен жабылған үш бөлмелі үй әлі бар. 1967 жылы осы күнгі орта мектеп бой көтергенге дейін Өмірхандар сонда оқыған. Оны бізге Оңғар Бөрібекұлы деген кісі көрсетті. – Алматы қаласында тұратын белгілі қоғам қайраткері, геология-минерология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының мүше корреспонденті, халықаралық ғылым және өнер академиясының академигі Сейсенбек Мұстафаев сол бір қазақы тамда оқыған балғын күндерін сағына еске алады. – Ағайымыз сабақты қызықты етіп өткізетін. Қазақтың аңыз-әңгімелерін, тарихын айтып ұйытатын. Есепті ескі қазақы амалдармен, логикалық әдіспен шығаруға машықтандыратын. Көбейту кестесін жатқа білуімізді талап ететін. Содан болар мен математикаға өте зерек едім. Бір қызық айтайын, институт бітіргеннен кейін, сол кездегі тәртіп бойынша офицерлік шенмен әскерде қызмет еттім. Сонда әскери теориялық есептерді шығарудағы біліктілігіме өзге ұлт өкілдері таңғалатын. Осы күні ойлаймын, соның барлығы Әбдірәсіл ағайдың бізге терең білім беріп қана қоймай, қатаң талап қойғанының арқасы-ау деп. Ағайымыз өзін-өзі басқаруды да үйретті. Сыныбымызға Болатбек деген бізден үш-төрт жас үлкен баланы өз орнына қалдырып, өзі кетіп қалатын. Шіркін, ол кездің мұғалімдері қандай еді, тіпті, оларды періштедей көретінбіз. Қазір ұстаздардың беделі түсіп кетті. Шәкіртімен қосылып кино көретін, дөрекі мінез көрсететін, сабаққа ішіп келетін педагогтан қандай бедел, абырой күтесің. Ағайымыз: «Кейін үлкен азамат боласыңдар. Аң-құс та туған жерін аңсайды, сағынады. Сендер де атамекендеріңнен қол үзбеңдер, шамаларың жетсе көмектеріңді аямаңдар», – деп жиі айтатын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қырық жылдай республикалық су шаруашылығы зерттеу институтын басқарып, Қазақстандағы жер асты суларының қорын анықтаумен айналыстым. Ауылға бір келгенде ағайдың ақылы есіме түсіп, терең құбырлы құдық қаздыртып едім. Оның рахатын Досболдағы ағайындар, бауырларым көріп отырған шығар. Ауылда жаңа мектеп салынып жатыр деп естимін. Жұрт қарсы бола қоймас, сол мектепке Досбол ауылындағы алғашқы ұстаздардың бірі, ҚР оқу ісінің үздігі Әбдірәсіл Құлекеевтің есімі берілсе, жөн болар еді, – дейді ғалым. Осы естелікті жазып жатқанымда досболдық Әліпбай Мәмет хабарласты. – Әбдірәсіл ағайдан алғаш білім алғандардың бірі мен едім, – дейді ол, – 1961 жылы арнаулы орта оқу орнын бітіріп, ауылға оралдым. Білімімді тексергісі келді ме, бір күні мені орнына тастап, ауданға кеттім деді. Жаспын. Бір-екі күннен кейін жібім босап, кештетіп жастармен ойын-сауыққа барып жүрдім. Оным ұзаққа созылмады. Ағайым мені үй-үйді аралап жүріп, аяқ киімімді танып, тауып алды. Былай сыртқа шығарып: «Шырағым, сен кешегі ит қуған бала емессің. Сен бүкіл ауыл бетіңе қарап отырған ұстазсың. Сенің желкілдеп жын қуып жүргенің қалай, осыдан кейін сені қандай шәкірт сыйлайды? Бүйте берсең ағайынға да қадірің болмайды, доғар бұныңды», – деді. Айтқан сөзі өңменімнен өтіп кетті. Жердің тесігі болса кіріп кетуге даяр тұрдым. Айтылған сөз – атылған оқ емес пе? Өзгеруге тура келді. Бүгінгі жас мұғалімдерді сөйтіп жөнге салатындар жоқ. Оқушылардан немесе олардың ата-аналарынан сыйақы дәмететіндер, соған қарап баға қоятын мұғалімдер бар деп естимін. Ондайды Әбдірәсіл ағай білсе ғой, жондарынан таспа тілетін еді. Ауылдық округтің әкімі Ерболат Ұзақбеков мені осы ауылдағы қадірлі қарттың бірі Мұсабеков Әбдірәсіл жәкеме ертіп барды. Сексенге иек артқан Әбекең төсек тартып жатыр екен. Әбекеңнен жездесі Әбдірәсіл жайлы сұрастырдық. Көңіл деген көкденен ғой, жездесін сұрағанға әңгімеден тартынбады. – Е-е, ол жігіттің сұлтаны, маған жезде болатын, Ханзила – апамыз. «Екі жақсы қосылса, күн шығады айменен» дегендей біріне-бірі сай отбасы еді. Жастық шақта не өткермедік! Мал бақтық, озат атандық. Әулетімізбен көкпар тартуды жақсы көрдік. Талай-талайғы додада топты жарып, ұзаққа шабатын көк атым болатын. Нағыз Тайбурыл дерсің! Жездем де ат құмар. Көкпарға ауыл болып сақадай-сай сайланып барамыз. Арғы жағы Байқадам, Коммунар, бергі жағы Түгіскен болып тартысамыз. Жан алып, жан беріскен сондай тартыстың бірінде жездем көкпарды біздің үйге әкеліп тастағаны бар. Көкпар түскен үй әкелгенге сый-сияпат жасап, әбден сілікпесі шыққан серкені дереу қазанға салып, елге тарататын, – деп бір тоқтады. Әбдірәсіл қария жездесінің ат бегілігімен қоса аңшылығын да сөз етті. Оның перзенттері де: Қылышбектен басқа Батырбек, Болатбек, Бейбіт, Айткүл, Мұрат, Сағатбектер осы ауылда туып-өсіпті. – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген бар. Ағай өз балаларына қаталдау еді. Бәлкім содан ба, ұл-қыздары тәрбиелі болып өсті. Қай-қайсысы да үлкенге иіліп, кішіге қолұшын беруге әзір. Үлкені Қылышбек Байқадамдағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, тракторшы болып жұмыс істеді. Қайырымды азамат еді, өткен жылы қайтыс болды деп естідім. Иманды болсын! Батырбегі Талас ауданынан бастап, Байзақ, Жуалы аудандарының әкімі қызметін ұзақ жыл абыроймен атқарып, қазір Қаратау қаласында тау-кен технологиялық колледжінің директоры болып істеуде. Болаты облысымыздағы бірқатар аудандардың және Тараз қаласы ішкі істер бөлімін басқарған, полиция полковнигі. Тараз қаласының Құрметті азаматы, – дейді Сейсенбек Мұстафаев. Ағаның айтқанына қосар уәжіміз жоқ. Құлекей әулетін, Әбдірәсіл аға балаларын біз де білуші едік. Батырбек Әбдірәсілұлымен қызметтес болдық. Жайсаңдық, мәмілегерлік, рухы мықтылық тегінен келгендігі анық қой. Талас ауданын басқарып жүрген жылдары оның атқарған істері жайлы «Батырбектің үш ерлігі» деп жазғаным бар. Қырық бес жасында Елбасын облыс әкімі Серік Үмбетов екеуі Көшек батыр кесенесіне зиярат етуге алып барғаны, Жуалы ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген кезде Батырбек датқаның ескерткішін соққызып, кесенесін тұрғызуы – үлкен азаматтығы. Енді Әбдірәсіл ағаға оралайық. Сексенінші жылдардың басы шығар, ұмытпасам. Әдеттегідей, таңертең газетке материал дайындауға кіріскелі жатқанмын. Онда аудандық «Талас тынысы» газетінің редакторы – Әбдірахман Әбдірәсілұлы. Үн қағазымыз аптасына үш мәрте шығады. Мен – ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімін. – Ассалаумағалейкум, – деп, алып денелі, ақсары өңді, шашы бұрыл тарта бастаған, алақаны күректей кісі қолын созып кіріп келе жатты. – Уағалейкумассалам, – деп мен де орнымнан ұшып тұрдым. – Әбдірахман, редакторды айтып отыр, саған жіберді. Бөтен емессің. Өзіміздің Үшаралдансың? – Дұрыс айтасыз, – дедім. – Әрі күйеу баласың, – деді ол кісі одан әрмен қарай. – Оныңыз да дұрыс! – дедім. – Ал енді, – деді Әбдірәсіл аға жан қалтасынан буда-буда қағаз шығарып, – Ұлы Жеңістің отыз бес жылдығы келе жатыр. Сымық Бертаев деген кісіні танисың ба? – Жоқ, – деп шынымды айттым. – Танымасаң, танисың. Ол да үшаралдық. Гвардия подполковнигі. Полк басқарған санаулы қазақтың бірі. Міне, мынау сол кісі туралы жазғаным. Әбдірәсіл ұсынған қағазды алып қарап жатырмын. Жазуы жатық екенін бұрыннан білемін. – Жәке, – дедім, – асықпай оқып, газетке дайындаймын ғой. – Мақұл, – деп ол кісі келісе кетті, – өзің білесің, мен жазушы емеспін, анау-мынау кем-кетігі болса, түзерсің. Жазғандарыңды оқып жүрмін. Тәп-тәуір жазасың, – деген ағаның мақтауына әжептәуір дардай боп қалдым. Ол кісі шығып кеткен соң бірден Сымық Бертаев туралы материалды оқи бастадым. Тарихи фактіге қарық болдым да қалдым. Қазақта полк басқарған адамдар сирек қой. Ал мына Сымық аға сол санаулы батырдың бірі болып шықты. Әттең, 1944 жылы ауыр жараланып, елге оралмағанда генерал болатын қазақ-ау деп ойға берілемін. Әрине ол, ішкі арманым ғой. Мақала жап-жақсы жазылған екен. Көркем әдеби тілмен жазып шығыпты. Бірде газет тігінділерін парақтап отырып «Полк командирі» деген мақаласын көзім шалып қалған. Оқыдым. Сөйтіп, Әбдірәсіл Құлекеев ағай арқылы Сымық Бертайұлымен таныстым. Кейін, 1990 жылы Ұлы Жеңістің елу жылдығына арнап Бертаев туралы деректі очерк жазғанымда, Әбдірәсіл ағаның жоғарыдағы материалына сүйендім. Ол кезде гвардия подполковнигінің қызы Сандуғаш аудандық партия комитетінің хатшысы еді, ал әпкесі Қарлығаш аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет етті. Екеуі де Таласта жүргенінде партия қатарына қабылданды. Әбдірәсіл аға Ақкөлге жолы түскен сайын, әрі 5 мамыр – Баспасөз күні редакцияға бас сұғуды ұмытпайтын. – Ал күйеу бала, – деп жарқылдап күліп келе жататын. Бауырмал еді, сол үшін жақсы көретінмін. Бүгінде ондай көшелі ағалар аз-ау! Сондай жайсаңдығымен ерекшеленетін екі-үш адам менің есімде қалыпты. Бірі – ақын, гвардия аға лейтенанты Мыңатай Қыстаубайұлы, екіншісі – қазақы мінезімен кісіні баурап алатын, тамаша азамат Әбдірәсіл Құлекейұлы болатын. Досбол ауылының тұрғындарының көбімен тілдестім. Әбдірәсіл ағаның көзін көргендер жаңадан салынып жатқан мектепке Әбдірәсіл Құлекеевтің есімі берілсе дейді. «Ауылдың, медициналық пунктің, Мәдениет үйінің аты Досболдың атында, білім алып, азамат болуымызға өлшеусіз үлес қосқан Әбдірәсіл ағайдың есімін мектепке беру дұрыс шешім болар еді», – дейді олар. Жетпіс жылдай уақыт өтсе де, есімі ұмытылмаған Әбдірәсіл аға қандай бақытты адам! Биылғы қыс ерте түсті. Былтыр барғанымызда Талас өзенінің арналары қаңсып тұрған. Кішкентай ғана құм ішіндегі ауылдың айналасы айдын су. «Баяғыдағы Әбдірәсіл ағай тұсындағы құт-береке қайтып оралды», – дейді досболдықтар. Қайран, кең қолтық, ақ пейіл ауыл қазағы. Қазаны қайнаулы, аты сайлаулы мекенім. Ауылға барсаң осылай желпініп қайтасың. Өмірхан, Сейсенбек «біз Досболданбыз» деп мақтанады. Менің де туып-өскен жерім Үшаралдағы Әбілда би ауылы. Үйге оралған соң ауыл тұрғындарының үлкен тілегін қағазға түсіруге асықтым. 46 жыл ұстаздық қызмет атқарған, 1948-60 жылдары Талас ауданында Қайыр, Досбол ауылында мектеп ашып, мал көктемде жайлауға көшкенде, бірге көшіп жүріп, бала оқытқан Әбдірәсіл Құлекеев жайлы Досбол ауылының азаматтары жыр қылып айтады.
Досбол ауылы, Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді