Cабақтың сиқы

Cабақтың сиқы
ашық дереккөз
Cабақтың сиқы
– Папа, кел ойнайық. – Не ойнағың келеді? – Карта ойнайық. – Не дейді?! – Карта ойнайық. Былай… сабақ карта. – Ә-ә ойнасақ ойнайық, айтпақшы, қай сабақ? – География. Мен – мұғалім, сен – оқушы. – Келістік. – Бірінші сұрақ: жер қандай? – Жер домалақ. – Домалағы қалай? – Қалай айтсам екен, кәдімгі домалақ, мысалы, мына сенің басың тәрізді. – Менің басым жер ме? – Иә, жер. – Оқушы папа, дұрыстап айтыңыз? – Айттым ғой енді. – Ендеше менің басым жер болса, бүгінгі сабақта өткен Африка қайда? – Аузыңды аш. – Аштым. – Аузың – Африка, маңдайың Америка, бір бетің – Канада, бір бетің – Камчатка, төбең – Антарктида, тамағың – Арктика. – Папа, пап, мұрным ше? – Мұрныңа «мұз» қатқан екен, демек Альпі. – Кәдімгі Суворов асып өткен Альпі ме? – Иә, сол Альпі. – Мәссаған, мен мұрнымды білмей жүрген екенмін ғой… – Жо, жоқ, сен ойынды бұздың, ойнамаймын. – Папа, пап, көзім ше? – Туһ, қойшы енді, ойнамаймын. – Папа, пап?.. – Туһ, қазір ғой, шапалақпен тартып жіберсем, мына көзіңнен Конго, мына көзіңнен Волга ағады. – Папа, құлағым ше? – Бір құлағың – Карпат, бір құлағың – Урал. Болды енді! – Папа, тілім ше? Тілімді қайда тастайсың? – Туһ, тіліңді кесіп алып, итке тастаймын, ит-күшік! Болдың ба енді… Таяқ Ауызғы үйде асыр салып асық ойнап жүрген қарасирақты папасы құлақтан сүйреп әкеп қасына отырғызды. Өйткені бүгін тамағын жібітіп келген еді. – Әй, күшік, таяқ дегеннің не екенін білесің бе? – Таяқ деген ағаш қой. – Жоқ. – Онда бұтақ па? – Жоқ. – Шыбық? – Жоқ, жоқ. – Енді немене? – Сен бұзақылығыңды қоймасаң, күнде басыңнан таяқпен тақ еткіземін де отырамын. Міне, былай. Таяқ деген осы, білдің бе? – Иә… – Кет бар! … Ертеңіне папасы тағы «жіпсіп» келді. – Әй, күшік, бері кел. Таяқ дегеннің не екенін білесің бе? – Білемін… – Немене? – Сіз бүйтіп ішіп келгеніңізді қоймасаңыз, мамам бір күні таяқпен басыңызға тақ еткіземін деді. Таяқ деген сол. Басқар Битанов.

Ұқсас жаңалықтар