Қоғамдық келісім – саяси тұрақтылықтың арқауы
Облысымызға жасаған жұмыс сапарының барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Достық үйіне келіп өңір тұрғындарымен кездесіп, электронды «Тілек ағашына» «Жамбыл жұртшылығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатын іске асыруда жарасымды бірліктің, еселі еңбектің үлгісін көрсетуде. Байтақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы дамып, киелі Жамбыл жері өсіп өркендей берсін!» деп тілек жазып қалдырды. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстанның Үшінші жаңғыртылуы – өсудің жаңа моделі» атты Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жиында әскери жаттығу барысында Жуалы ауданы «Көксай» шатқалындағы қар көшкіні салдарынан қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Өңіріміздегі этномәдени бірлестік жетекшілері, Алматы облысы мен Алматы қаласының, Оңтүстік Қазақстан және облыстағы қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері қатысқан басқосуда Президентіміздің Үндеуі мен жаңа Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттер сөз болды. Елбасы ұсынған жаңғырту идеясы мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылуына мүмкіндік беретіні, қолға алынған шаралардың жемісті болуы үшін тұрғындардың татулығы мен татымды тірлігі, берекелі бірлігі керек екені айтылды. – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Үкімет пен Парламент арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша жасаған Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауы – еліміздің одан әрі дамуына кепілдік беретін бағдарламалық құжаттар. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Болашағын айқындап, қауіп-қатерлерді күтіп отырғаннан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жетістіктерге жете алады», – деп атап көрсетті. Елбасымыз айтқандай, біз қиындықтардан қорықпауымыз керек. Елде жүргізілгелі отырған конституциялық реформа – осыған дейін халық талқысына салынып, уақыт ағымына сай жаңартылып, жүргізіліп келген қоғамдық үрдістерді одан әрі демократияландыруға бағыт алған мемлекеттік саясаттың жүйелі жалғасы. Яғни, Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдіріп, мемлекетіміздің жаңа тұрпатта жаңғыруын қамтамасыз етеді. Тұрғындарға осы құжатта көрсетілген міндеттердің маңызын түсіндіру үшін қазір өңірлерде ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілуде. Конституцияға енгізілетін өзгерістердің бүкілхалықтық талқылауға шығарылуы – биліктің ашықтық қағидатын ұстануының белгісі екенін айтуымыз керек. Елбасымыз талқылауға ұсынған саяси құжаттың еліміздің даму жолында қандай маңызға ие екенін атап көрсетіп, алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен, жүргізілетін жаңа реформаны Қазақстанның серпінді дамуының жаңа үлгісі деп атаған – Қазақстан халқы Ассамблеясы, – деді Гүлшара Наушақызы кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Жолдауда атап көрсетілген адами капиталды жақсарту мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басымдық беріліп отырған кешенді міндеттерді тарқатып айтып берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрақтылық пен келісімнің негізі екеніне тоқталып, қоғамдық келісім аясында атқарылған шаралар жайын баяндады. Облыстық хатшылықтың атқарған жұмысына баға беріп, тындырылған тірліктердің көпке үлгі екенін атап өтті.
– Жиырма ғасырлық тарихы бар Тараз қаласы бүгінде Қазақстанның Үшінші жаңғыртылуына куә болып отыр. Еліміздің өркендеу жолында жүзеге асырылар міндеттер мен Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының орындалуына облыс тұрғындары жұмыла атсалысуда. Өңір тұрғындарының осынау жарасымды бірлігі мен тірлігі көпке үлгі. Мемлекет басшысының Қазақстанның Үшінші жаңғыруын көздейтін Жолдауында бес басымдықты атап көрсеткені баршаға мәлім. Соның ішінде еліміздің экономикалық-әлеуметтік жаңғыруын Ассамблеяның құрылу, даму тарихымен байланыстырсақ, ішкі тұрақтылығымыздың тірегі болған қоғамдық институт құрылғалы елімізде тұрып жатқан түрлі этностардың бірлігі мен ынтымағы нығая түсті. Қазақстанның жаңғыруы мен экономикалық тұрғыда дамуына, саяси тұрақтылығының орнығуына Ассамблеяның тигізген ықпалы көп. Макроэкономикалық тұрақтылық та қоғамдық келісімнің беріктігіне байланысты. Егер елде тұрақтылық болмаса осындай игілікті істерді атқару мүмкін емес. Бұл – мемлекетіміздегі бірлік пен достықты дәріптеу бағытындағы қалыптасқан жүйенің жемісі. Барлық саладағы реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуы саяси тұрақтылық пен өзара келісімнің арқасы десек, осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігі арқау болып отыр.
Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері сонау бір қиын кезеңдерде құшағына басып, қолұшын берген қазақтарға қарыздар екенін айтып жүр. Мұны әсіресе, жастар ұмытпауы тиіс. Біздің де шетелде тұратын төрт миллионнан астам қандастарымыз бар. Олар да аман-есен күн кешуде. Сондықтан біз де сол елдерге өз алғысымызды білдірудеміз, – дейді ол. Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 1025 мүшесі бар. 175 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Жиында олардың мемлекеттік стратегияларды жүзеге асыруға біркісідей атсалысып отырғаны айтылды. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жанар Оразымбетова аталған кәсіпорында жұмыс істейтін 6 мың адамның ішінде 20-дан астам этнос өкілдері бар екенін сөз етті. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін спорт кешендері бар екенін, 38 жас отбасы жатақханамен қамтылғанын мақтанышпен жеткізді. Бірқатар аудандағы қоғамдық кеңес жұмыстары сараланып, Ассамблея жанынан ашылған медиация орталықтарының жұмысы сараланды. Шу ауданы қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Лейлә Жүнісалиева ауданда өз қаражаты есебінен 200 балаға арналған «Әсия әлемі» сауықтыру кешенін ашып, үш балабақша салғанын, «Аналар кеңесі» мен «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқара жүріп, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасау, әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру секілді игі істерге мұрындық болғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков қоғамдық келісім кеңестері мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын сөз етсе, Алматы облысы Іле аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сакит Чатуев өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдағы уақытта жүзеге асырылатын түрлі жобаларды таныстырып, жоспарлы істерге тоқталды. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы облыстық перинаталдық орталыққа барып ана мен балаға жасалған жағдаймен танысты. Ондағы жансақтау залы, отаға дайындық, ота жасау, хирургиялық ота секілді бірнеше бөлмелерді аралап, орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаевадан емдеу мекемесінің, ондағы мамандардың жай-күйін сұрады. Бас дәрігердің айтуынша, бүгінде орталықтың төсек қоры – 250-ді құрайды екен. Оның 88-і ана мен баланың бірге болу бөлімінде болса, 55-і жүкті әйелдер патологиясы бөлімінде. Жүкті және босанған әйелдерге арналған жансақтау бөлімінде 12 төсек бар. Қалғаны гинекология, нәрестелер патологиясы, нәрестелерге арналған жансақтау, күндізгі стационар бөлімдерінде. «Біздің міндетіміз сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, ана мен баланы қорғау. Орталықта мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлінген. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін неонаталды қызмет пен жаңа туған сәбилерді жетілдіру және шалабайларды адам қатарына қосуға заманауи технологияға қол жеткізудің арқасында мүмкіндік туды. Біздің мекеменің материалдық базасы жаңа ғимаратқа көшіп келгелі айтарлықтай нығая түсті, – дейді ол. Бұдан кейін Гүлшара Наушақызы облыстық Руханият орталығына да барып, ондағы конференция залы мен шағын кітапхана, жас ақындар бөлмесін аралап көріп, орталық жұмысымен танысты.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді