Жамбылдық жас ғалымдар республикалық ғылыми жобалар жарысында 20 медаль иеленді
Талмай оқығанның қатарынан озық, тынымсыз ізденгеннің көптен үздік болары анық. Облысымыздың жас жеткіншектерінің биыл бесінші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар жарысынан бірінші орын алғандығы осы сөзіміздің дәлелі. Өткен сенбіде жеңімпаздарды Тараз темір жол вокзалынан күтіп алып, оларға лайықты құрмет көрсетті. Күтіп алушылар қатарында мектеп-гимназияның мұғалімдері, ата-аналар, облыстық білім саласының басшылығы мен мамандары және оқушылар мен олардың достары болды. Олар жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. – Бұл жарысқа облыстан әртүрлі пән бойынша барлығы 43 оқушы қатысып, олардың 20-сы жүлдегер атанып, 9 күміс, 11 қола медальды жеңіп алды. Жүлдегерлер саны бойынша облыс командасы осымен 5 жыл қатарынан I орынды иеленді. Айта кетейік, бұл ғылыми жобалар жарысынан басқармаға қарасты облыстық үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушылары – 2 күміс, Айша бибі атындағы дарынды қыз-балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушылары – 2 күміс, 1 қола, дарынды ер-балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушылары – 1 қола, Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің оқушысы – 1 күміс, Меркі ауданы №17 И.Трубицын атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы – 1 күміс медаль иеленсе, қалған он екі медаль Тараз қаласындағы бірқатар мектеп-гимназиялары мен орта мектептерінің оқушыларына тиесілі, – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова. «Мен өз ғылыми жұмысымды қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша жетекші-ұстазым Зоя Аманжолованың көмегімен «Әнші-ақындардың шығармашылығының қазіргі қоғамдағы орны» тақырыбында дайындап, сәтті қорғап шықтым. Менімен бірге еліміздің әр түкпірінен келген өзім секілді қырық сегіз оқушы бақ сынады. Солардың арасында екінші орыннан көрінгеніме қуаныштымын. Биыл он бірінші сыныпты оқудамын. Алдағы уақытта тіл маманы немесе өнер саласына барғым келеді», – дейді Айша бибі атындағы дарынды қыз-балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы, күміс жүлдегер Жәмила Бақытқызы.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді