«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мұсаның «Жан жарын күтіп әлі отыр...» деген очеркі қалай жазылды?

Мұсаның  «Жан жарын күтіп әлі отыр...»  деген очеркі қалай жазылды?
ашық дереккөз
Мұсаның «Жан жарын күтіп әлі отыр...» деген очеркі қалай жазылды?

(Әзіл-шыны аралас)

Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы, журналист, «Ақ жол» газетінің байырғы қызметкері.

Сәтсіз аяқталған сексеуіл сапарынан соң Мұса мен Серік Қармақшы ауданына бармақшы болып, жұбын жазбай пойызға бірге отырады. Бұл екі достың Қожанасырдан артық жері шамалы, көлік ішінде бір-бірінен көз жазып қалып, Серік Жосалы темір жол бекетінде түседі де, Мұса жирен мұртын тікірейтіп, қақиғаннан-қақиып Талдыөзектен бір-ақ шығады. Көп жолаушылармен бірге пойыздан түсіп, жан-жағына қарайды. Жанынан бір қалмайтын ұзынтұра досы Серік Байқонов жер жұтып қойғандай ұшты-күйлі жоқ. Осылайша алаңдағаннан алаңдап, Мұса ет пісірім уақыт тұрып қалды. Бірақ, Серік жақын арада көрінетін емес. Неде болса баратын жеріме өзім-ақ тарта берейін деген оймен жанынан өтіп бара жатқан жас келіншектен жөн сұрайды. – Біздің ауданда сіз айтқандай совхоз жоқ, – дейді келіншек таңғалып. – Сонда қалай болғаны, – дейді Мұса сасқалақтап, – бұл қай аудан өзі, айналып кетейін? – Сіз Талдыөзек ауданында тұрсыз, аға. – Ә, солай ма еді? Қап, енді қайтсем екен? – деп қара санын бір-ақ соғады Мұса. Журналистік өмірінде талайды көрген Мұсекең бұл жолы да онша сасқалақтай қоймады. Болары болды. Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастай алмайсың. «Әй, Серік, Серік, саған не дейін? Бір әдемі келіншек бетіңе күліп қарап еді, есің шығып, жаныңдағы жалғыз досыңды ұмытып кеттің. Енді менің сүмірейіп тұрысым мынау. Әлгі мен жазатын сексеуілдің жағдайы анау болды. Он күн бойы босқа салпақтап, газетке жариялайтын бір дүние алмай келгенімді Құдайым да, бас редакторым да, сірә кешіре қоймас. Айтпақшы, Ұлы Жеңістің 45 жылдығы жақындап қалды емес пе? Соғыстан күйеулері қайтпаған жесірлер туралы очерк жазу көптен бері ойымда бар еді. Меніңше, ондай кейіпкерлер кез-келген ауылда табылып қалады», – деп ой түйген Мұса аудан орталығына жақындау ауылға жаяу-жалпы тартып кетеді. Үлкен ауылға кіреберісте бір қариямен жүздесіп, жөнін айтады. – Ондай кемпірлер біздің ауылда толып жатыр. Мысалы, Қалимаш жайында жазуыңа әбден болады. Үйі анау тұрған тоқал там, – деп жөн сілтеп жібереді ақсақал. Құдай оңдағанда Қалимаш әжей үйінде екен. Біреу газетке жазайын деп құлшынып тұрса аянсын ба, көзінің жасын төгіп-төгіп алып, соғыстан оралмаған күйеуі туралы сызылтып тұрып айтып береді. – Әже, осы ауылда өзіңіз сияқты жесір қалған кімдер бар? – дейді Мұса қоштасарда. – Күлпаш пен Әлиманы жазуыңа болады, шырағым. Екеуі де онша алыс тұрмайды. Кез-келген баладан сұрасаң да үйін тауып береді, айналайын, – дейді кемпір. Мұса бірінші болып Күлпаш апаның үйіне бас сұғады. – Солай де, шырағым. Сонау ит өлген жерден арнайы келген екенсің, – дейді шүйкедей қара кемпір. – Келгенің өте жөн. Бірақ, Қалимашты газетке жазбағаның жөн болар. Оған бәрібір, өзің үлкен ұятқа қалып жүрерсің. – Неге, апа? – дейді Мұса таңғалып. – Балам, Қалимаштың күйеуінің соғыстан оралмағаны рас. Ол жайлы бүкіл ауыл біледі. Бірақ, ол албасты күйеуінен қара қағаз келген соң бір емес, екі бірдей байға тиіп алды емес пе? Соңғы байы жақында ғана өлді, өзі жақсы адам еді, жаны жәннатта болғыр. Жазатын болсаң мені жаз газетке, балам. Қайта-қайта байға шыққан кемпірді қайтесің әлдеқандай қылып. Қара кемпірдің жазғандарын қойын кітапшасына түртіп алған Мұса, көп ойланбастан Әлима әжейдің үйіне келді. – «Қырықтың бірі қыдыр» деген. Өзің бір жүзі жылы бала екенсің, жоғары шық, қонақ бол, – дейді үй иесі ақ пейіл танытып. Шай үстінде Мұса келген шаруасын айтады. – Шырағым, кәрі қойдың жасындай өмірім қалғанда біреуді жамандап қайтейін. Дегенмен, жасырып-жабатыны жоқ. Қалимаштың жағдайы сондай, ол жағын өзің де естіпсің. Анау Құдай атып кеткір Күлпаштың да оңған қылығы шамалы. Ол да көлденең көк атты біреуден біреу емес, екі бірдей бала туып алды. Отырмын ғой мен, Құдай алмай-ақ. Не күйеуге тиген жоқпын, не бала туған жоқпын. Қыздай тиген Рысбегімнен қалған жалғызым аман болсын. Соның тілеуін тілеймін, қарағым. Құдайға шүкір, он немерем бар. Ешкімнен кем емеспін, не ішем, не кием демеймін. Әй, дегенмен Рысбегімнің орны бөлек қой, жігіттің нағыз төресі еді ол. Рысбекті өлді дегенге әлі де сенбеймін. Бір күні есікті айқара ашып, кіріп келетін сияқты, – деп Әлима әжей ағыл-тегіл жылап алады... Осыдан көп ұзамай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұса Рахманбердиевтің «Жан жарын күтіп әлі отыр» деген очеркі жарық көрді. Талантты жазушы, журналист Мұса Рахманбердиев оған дейін Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Ақ жол») газетінде қызмет еткен болатын.

Ұқсас жаңалықтар