«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерен еңбектің өтеуі

Ерен еңбектің өтеуі
Ашық дереккөз
Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай өткізілген салтанатты іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Атап айтқанда, театр ардагері Әтіркүл Дүйсекенова «Парасат», «Жамбыл облысының немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер және Қордай ауданындағы «Қанағат» шаруа қожалығының төрағасы Жұмахан Кәкетай «Құрмет», Жамбыл ауданындағы «Қызыл диқан» шаруа қожалығының төрағасы Нүритдин Бегманов «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, Байзақ ауданындағы «Айсұлу» шаруа қожалығының төрағасы Таласбек Шертаев «Ерен еңбегі үшін» медалін аймақ басшысының қолынан алды. Бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысының Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен қатар, бірқатар азаматтар облыс әкімінің қолынан «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды. Олардың қатарында бокс саласының майталман маманы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Дамир Буданбеков, қордайлық танымал әнші Қарлығаш Қожағазина бар. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына да бірқатар үздіктер ие болды. Олардың арасынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевті ерекше атап өтуге болады.

Салтанатты іс-шарада өңірдің 85 жылдығына орай өткізілген «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық жыр мүшәйрасының да қорытындысы жарияланды. Аталған мүшәйраның бас жүлдесін ақын Ахметжан Өзбеков иеленсе, бірінші жүлде Қасымжан Байкүшіковке бұйырды. Жас ақындар Дидар Апбасов екінші, Құрбанәлі Шахабай үшінші орыннан көрінді. Келесі кезекте «Туған өлкем – Жамбылым!» атты композиторлар байқауының бірінші жүлдесі Әуезхан Салабековке берілсе, екінші орынға шулық Ербосын Қасымбек лайық деп танылды. Нұрлан Оспанов пен Нұрым Қойгелдиев жүлделі үшінші орындарды өзара бөлісті. «Туған өлкем – Жамбылым!» атты қылқалам шеберлері байқауында бас жүлдені Бастар Оразханов иеленсе, жүлделі бірінші орын Ерболат Құсайыновқа берілді. Жүлделі екінші орын Ақылбек Тәжиевке, үшінші жүлде Аманат Назарқұлға табысталды. Сонымен қатар, қолөнершілер байқауының бас жүлдесі тараздық Темірхан Көлжігітке бұйырса, бірінші орынға Қазым Аманқосов лайық деп танылды. Индира Губашова да жүлделі орыннан көрінді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар