«Тағдыр тәлкегі» драмасы жастарды адасудан аулақ болуға шақырды
«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің». Иә, бүгінде бұл мақалдың өзектілігін ешкім жоққа шығара алмайды, оның көрінісін күнделікті өмірден де көре бастадық. Неге десеңіз, күллі әлемді шарпыған экстремизм, терроризм секілді ғасыр қатері адамзат баласына қайғы мен қасірет әкеліп отырғаны ащы да болса шындық. Облыстық қазақ драма театрында премьерасы өткен «Тағдыр тәлкегі» атты трагедияға осы өзекті тақырып арқау болды. Адамзаттық проблеманы көтеруімен шығарма мазмұны тереңдей түсті десек, қойылымның түпкі мақсаты – теріс ағымнан жастарды сақтау, қорғау, ата-баба дәстүрін құрметтеу болып табылады. Оқиға барысы Нұргүл есімді жас қыздың алдануымен, алданып барып ес жиюымен өрбіп отырса, басты кейіпкердің айналасындағы жайттар өзара шиеленісіп, көрерменнің ойын сан-саққа жүгіртеді. Оқуды жаңа бітірген жас талапкер Нұргүл ҰБТ-дан өте алмай, түңіліп жүргенде, оған ә дегенде-ақ әзәзіл Ержанның жолығуы, оны алдап есірткіге үйретуі секілді бастапқы картиналар бізді қойылым әдеттегі осы сарындас көптеген трагедиялардың таптаурын ізімен жалғаса беретін шығар деген ойға жетелегені рас. Алайда алғашында ақжүрек, иманды, Нұргүлге қамқор болып көрінген Жаңыл образы ол ойымыздан мүлде жаңылдырып тастады. Себебі, маңдайын бес уақыт жайнамазға тигізіп, жүзін құбылаға бұрып жүрген қамқоршы Жаңылдың қой терісін жамылған қос аяқты қасқырдың нақ өзі болып шығатынына әу баста ешкімнің күдігі болмаған. Апасы Алиманы, тіпті, ғашығы Мұратты да өлтіруге ниеттенген оның бар ойы халықты қасіретке ұшырату еді. Өйткені, ислам дінін бүркенген теріс ағымдағы топтың мүшесі ол Нұргүлдің қала ортасындағы үйін иемденіп, сол пәтер арқылы орталық алаңда үлкен жарылыс жасауға ықпал етуге талпынды. Оның бұл ойы Алима әжеймен ессіз, адал ғашық Мұраттың қағылез қабілетінің арқасында жүзеге аспай, орта жолда арам пиғылды топтың жоспары күл-талқан болды. Қойылым осындай оқиғалармен шиеленісіп, көпшілікті қызықтыра түсті. Бұл ретте қоюшы-режиссер Әскер Құлдановтың айтар ойын ашық жеткізе алғандығын атап өту керек. Десек те, режиссердің шешімі барынша сәтті шықты дей алмаймыз. Көрерменнің алдында ажал құшқан Алима мен Мұраттың өлімі өтірікке баланып, тірі болып қайта ортаға оралуы бейнебір қияли үнді киноларының үзіндісіндей әсер сыйлады. Мейлі, ол қаншалықты драматургтің я болмаса режиссердің оқиға барысын шиеленістіріп, террористік топты тұзаққа түсіруге деген әдейі әдісі, жанкешті талпынысы болса да... Әйтсе де, Нұргүл болып өмір сүрген Зарина Асан, Алима рөліндегі Анар Алтыбаева, Мұрат образындағы Нұрсұлтан Маханов пен Жаңыл бейнесіндегі Әсем Әбенова секілді актерлер бірлі-жарым абсурдтық картиналарды айтпағанда, өздеріне артылған міндетті жақсы орындап, көрерменнің сеніміне ие болды дей аламыз. Анығында, жастарға да, өзгелерге де өзге ағымға еріп, адасудан аулақ болу керектігін түсіндіре алды. Қойылым осылайша өз мақсатына жетті деуге болады.
Жанғазы ахмет, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді