«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ақпанда мені іздедің, ақ қардай таза сезіммен»

«Ақпанда мені іздедің, ақ қардай таза сезіммен»
ашық дереккөз
«Ақпанда мені іздедің, ақ қардай таза сезіммен»
Ақын Ғайни Әлімбекқызының «Жыр Айна» атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді Ерітіп мұзын сеңдердің, Өлеңмен, әнмен емделдім. Намысын қолдан бермейтін, Қазақ деген елденмін! – деп жырлаған нәзік те сыршыл ақынның өлең жолдары өз оқырманын бірден баурап алады десек, артық айтқандық емес. Небәрі бір шумақтың өзіне жүрек түкпіріндегі лирикалық, әдемі әуезді, елге, жерге деген махаббатын да сыйдыра алған Ғайни Әлімбекқызының есімі жамбылдық жырсүйер жұртшылыққа жақсы таныс. Жақында ақынның «Жыр Айна» атты жаңа жинағы жарық көріп, көпшілікке жол тартты. Ақын Ғайни Әлімбекқызының бұл кітабы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Осыдан бес жыл бұрын, азаттығымыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында да жеке жинағын шығарған ол оқырмандарына жырдан шашу шашқан болатын. Міне, ақын ширек ғасырлық мерейтойдан да шет қалмай, өлеңқұмар қауымға жаңа жинағын ұсынып отыр. Жаңа шығармалармен толыққан кітабы «Өмірдің алда жазы мың», «Бозқараған бүршік жарғанда», «Тағы да келді бір көктем» атты үш бөлімнен тұрады. Онда ақынның көңіл-күй, сезім лирикалары, адами көзқарасы, болмыс, ұстанымы және елге деген махаббатынан туындаған жырлары берілген. Сондай-ақ, белгілі композиторлардың әніне жазылған өлеңдері де жинақтан орын алған. Жаны нәзік ақын Ғайни Әлімбекқызының «Жыр Айнасы» жалпы оқырмандарға рухани ләззат сыйлап, әдемі сезім жетегінде тербететін кітап болады деп сенеміз. Ақын қыздар Ауыздықтап тулаған тағдырларын, Көздерінің құрғатып жаңбырларын. Ақын қыздар өзін де, өзгені де, Жырларыңмен жылытып тоңдырмадың. Ақ пен қара шыққанда тайталасып, Жүректерді жаралы айқара ашып. Батырлардай кеудесін оққа тосты, Кей мықтылар жүргенде ай қарасып. Күрсінгенде қыр гүлі мұңданатын, Жыр жазғанда жанарда нұр жанатын. Жаурағанға қанатын төсеніш ғып, Нөсерлерге тосатын бір қанатын. Кеуделерге гүл еккен ізгіліктің, Он сегіздің жасы бар, қыз-қылықтың. Ақын қыздар қаншаға келсе-дағы, Ғашық болып өмірге үздігіп тұр. Әже сенің көп үлесің бар мұнда Жолаушымын жолға шыққан буынып, Желбіреткен жүрегінің туын нық. Әжесінің етегіне жармасқан, Ерке қызды өмір алды қуырып. Ақ айраны күбісінде күрпілдеп, Арасында жөтелетін күркілдеп. Отыратын құрт сығымдап екеуі, Кепкендерін қалтаға сап біртіндеп. Ұмытпаймын асыл әже, аяулы, Тағдырынан көрмеген бір аяуды. Туған елден қиян асып шет жерде, Қайыспастан өмір кешкен қаяулы. Парызым көп өтелмеген алдыңда, Сұрауы бар қыста жауған қардың да. Ақын болып дүйім елге танылсам, Әже сенің көп үлесің бар мұнда. Жырлаймын Тараз өзіңді Сағындым көне шаһарым, Жүрекке жалын, от алдым. Өзіңмен таңым ағарып, Білемін күннің батарын. Көшіне жырдың ілесіп, Тағдырмен қатал тіресіп. Арманның жүрмін соңынан, Өмір үшін күресіп. Келемін таныс соқпақпен, Барынша арды сақтап мен, Жырлаймын, Тараз өзіңді, Қалғанша соңғы тоқтап дем. Өмірдің алда жазы мың Қақым жоқ деуге, қажыдым, Өмірдің алда жазы мың. Ақ түтек небір боранда, Жол тапқан әйел – нәзігің. Қақым жоқ деуге, шаршадым, Батасы бар да баршаның. Әлия, Мәншүк ержүрек, Айша ару, Тұмар ханшамын. Ерітіп мұзын сеңдердің, Өлеңмен, әнмен емделдім. Намысын қолдан бермейтін, Қазақ деген елденмін! Құлаш, құлаш поэмалар жазбадым Құлаш, құлаш поэмалар жазбадым, Өз әнім бар, өзіме тән саздарым, Ел ішінде көппен бірге күн кешіп, Күйіп-жанып өз отыма маздадым. Жақсылар көп, мен едім деп шықпаған, Шындық десе ешнәрседен бұқпаған. Жамандар жүр кеуде қағып әр жерде, Кім не десе басын шұлғып құптаған. Заман түлкі, тазы болып шалмадым, Бірақ, сені кірлетпедім Арманым. О, Тәңірім өнер бердің, разымын, Бұл өмірдің көтеретін салмағын.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар