«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас Жамбыл жыр оқыды арқаланып...

Жас Жамбыл  жыр оқыды арқаланып...
ашық дереккөз
Жас Жамбыл жыр оқыды арқаланып...
Қазақта ерекше дарынды балалар бар-ақ. Солардың бірі – қазақстандық рекордтар кітабына еніп, жастайынан талабын ұштап жүрген жас ақын Жамбыл Дүйсенұлы. Ата-анасы Дүйсен мен Кәмшаттың ұзақ күткен ұлы Жамбыл әріпті екі жасында танып, бес жасынан алғашқы өлеңдерін жаза бастаған. Бір жыл ішінде бірінші және екінші сыныптың бағдарламасын оқып үйреніп, бірден үшінші сыныпқа аяқ басқан. Жас ақын Жамбыл Дүйсенов Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Егемен елім – ерке елім» атты шығармашылық кешін өткізді. Кеш мақсаты – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын халыққа паш ете отырып, замандастарын ұлтжандылыққа, туған жерді, Отанды сүюге шақыру. Шараға жас Жамбылды қолдап, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова арнайы келді. Жамбыл Дүйсенов өз кезегінде шығармаларын бес бөлімге бөліп, мәнерлеп оқып берді. «Өнер», «Ұлы тұлғалар», «Аналар», «Үлгі-өсиет», «Тәуелсіздік» сынды бөлімдерге бөліп оқыған оның жырларын жұртшылық тебірене тыңдады. Кеш барысында Жамбылдың сөзіне жазылған екі әннің тұсауы кесілді. Олардың бірі Дәулет Әділғазиев орындаған «Тәуелсіздік бақытым менің» әні болса, екінші «Мөлдір моншақ» атты әнді Іңкәр Нұрмағамбетова әуелете шырқады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева бала ақынның талантына тамсанып, Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар ұсынды. Жас ақынның еліне деген, Отанына деген махаббатынан туған жырлары барша жұртшылықты тебірентті. Бала жүректен шыққан отты жырдың жалыны жұртты таңғалдырды. «Ботпай Сәмен» қорының төрағасы Мұсахан Иманқұлов, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев ақ баталарын берсе, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бақытжан Мақашев бала ақынға арнау өлеңін оқыды. Кешке жиналған жұртшылық елім деп соққан адал жүректі ұлдың отты жырларына тамсанып, тіл-көзден сақтауын тілеп тарқасты.

Фариза Айтбек, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар