«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түркияның Измир қаласында халықаралық жиһаз көрмесі өтеді

Түркияның Измир қаласында халықаралық жиһаз көрмесі өтеді
ашық дереккөз
Түркияның Измир қаласында халықаралық жиһаз көрмесі өтеді

Түркияның Измир қаласында алдағы 1-5 наурыз аралығында «MODEKO-2017» халықаралық жиһаз көрмесі өтеді. Биыл 28-рет көпшілік назарына ұсынылғалы отырған шараны өткізуге Түркия Республикасы экономика министрлігі, Измир әкімдігі, Еге аймақтық кәсіпкерлер палатасы, Измир Сауда палатасы ұйытқы болып отыр. Әлемнің 32 елінен келетін 1200-ге жуық қатысушы көрме өтетін 5 күн бойы әлемдік стандартқа сәйкес жиһаз шығаратын измирлік кәсіпорындармен танысып, олармен тікелей байланыс орнатуға қол жеткізе алады. Шараның негізгі мақсаты да сол. Көрме барысында классикалық, авангард, модерн және модульдық стильдегі жиһаздың қонақ үй, ас үй, балалар мен жасөспірімдер бөлмесі, жатын бөлмеге арналған түрлері көпшілік назарына ұсынылады. Жұмсақ жиһазбен қатар орындық, үстел, шкафтың да түр-түрі сатып алушылардың көңілінен шығады деп күтілуде. Халықаралық нарықта түріктердің жиһазы сапасы жағынан үлкен сұранысқа ие екені белгілі. CSIL зерттеу компаниясының мәлімдеуінше, Түркия жиһаз экспорты жағынан әлемдік нарықтың 2 пайызын иемденеді. 2003-2011 жылдар аралығында Түркияның жиһаз өнеркәсібі 292 пайызға өскен. Түркияның жиһаз ассоциациясы, түрік жиһазшылары алдағы 2-3 жылда әлемнің үздік ондығына енуді көздеп отыр. Бүгінде түрік өнімі Ирак, Германия, Иран, Әзірбайжан, Франция, Түрікменстан, Нидерланды, Ресей, Сауд Арабиясы мен Италия секілді елдерге экспортталады. Ал былтыр «MODEKO-2016» жиһаз көрмесіне Швеция, Нидерланды, Грузия, Катар, Оман, Израиль секілді тағы басқа жалпы саны 32 мемлекеттен сатып алушы қатысқан. Елдің батысындағы шығанақтың жағалауында орналасқан Измир көлемі жағынан алғанда, Түркияның алғашқы үштігіне енетін қала. Стамбұлдан кейінгі аса маңызды порт та осы шаһарда орналасқан. Ежелгі әсем қаладан қысы-жазы туристер үзілмейді. Табиғаты тамаша Измирде тарихи мұраға арналған мекендер де көп. Шипалы термалды су, ыстық бұлақтар, жағажайлар, өзіндік асханасымен ерекшеленетін қалада халықаралық деңгейдегі көрме, фестиваль, жәрмеңкелер жиі өткізіледі. 32 мемлекеттің кәсіпкерлері қатысатын жиһаз көрмесіне Қазақ елінің өкілдері қатысуға ниетті.

Жанғазы АХМЕТ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар