Бір анық нәрсе, бүгінде өзінің жеке кәсібін ашамын, жұмыс істеймін деген азаматқа мемлекеттен қолдау, көмек бар. Елбасының күні кешегі Жолдауында да бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге алдағы уақытта да басымдық берілетіні, бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатыны айтылған. Бұл шаруаларды айрықша қуанышқа бөлеп, жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Жолдауды мұқият оқып танысып шыққан Аса ауылында тұратын кәсіпкер Әселкүл Тоқбергенқызы да Мемлекет басшысына аналық ақ алғысын айтып, ризашылығын білдіріп отыр. Жалпы, екі қолға бір күрек таба алмай, уақытын босқа өткізіп жүргендер 67 жастағы осы апайымыздан үлгі алса дейсің. Тіпті, Әселкүл апай үйі алдынан азық-түлік дүкенін ашып, оның игілігін ел көріп отыр. Бұл бер жағы ғана. Апайдың жеке шаруа қожалығы да бар. Ол – «Берікқожа» деп аталады. Шаруашылық еңбеккерлері үшін өткен жыл жемісті болды. Ұзақ жылғы үзілістен кейін қант қызылшасын егуге ел қатарлы Әселкүл апай да білек сыбана кіріскен. Балтамыр өсіп, жетілгенше баладай мәпелеп күтті десе де болады. Еңбегі еш кеткен жоқ. Жиын-терін кезінде 30 гектар алқапқа өсірген тәтті түбірдің гектар қайтарымы 300 центнерден айналды. Сондай-ақ, бидай, арпа және жүгеріден тәуір өнім алды. Қожалықтың 600 қой, 60 мүйізді ірі қара және 40 жылқысы Көделі жайылымында қыстатылуда. Жемшөп жеткілікті. Мал қоңын жоя қойған жоқ. Ә. Дайырханованың отбасы берекені еңбектен тауып отыр. Осыдан кейін алты жылдан бері төрт түлікті түгел өсіріп, егін де, қызылша да егіп, тынбай тірлік еткен еңбек адамына қалай риза болмассың. Ісін өрге бастырып отырған Әселкүл апайды сөзге тартқанымызда: – «Жалғыздың шаңы шықпас» деген бар ғой. Менің кеңес беріп, бас-көз болғаным болмаса тірліктің бәрін ұлдарым атқаруда. Малда – Ерболатым, егістік басында Бекболатым жүр. Сәрсенбек Төрехановтың да көмегі мол. Өзі сондай еңбекқор, малсақ азамат. Дүкенді келінім Гүлбану ұстап отыр. Құдайға мың да бір шүкір, ұлдарым мен келіндерім айтқанымды екі етпей, тірліктерін тиянақты атқаруда. 5 ұл, 2 қызым бар. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырғанмын. Солардан тараған 18 немерем – көзқуанышым. Солар үйге келгенде бір жасап қаламын, – деді ағынан жарылып. Өмірдің бақыты, еңбектің зейнеті дегеніміз осы. Биыл берікқожалықтар қожалық иелігіндегі егіс алқабының 30 гектарына қант қызылшасын, 100 гектарына арпа, 30 гектарына бидай, 20 гектарына жүгері өсіруді көздеп отыр. Техникалары да сақадай-сай. Үкіметтен 7,5 миллион теңге несие алып, лизингке ауыл шаруашылығы техникаларының жеті түрін сатып алды.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді