Соңғы бес-алты жылдың бедерінде «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің ауданда да бірқатар шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ, қысқасы, жұмыс істеуге тиімді несие алып, шаруаларын өрге бастыруда. Көлтоғандық ардақты ана, «Алтын алқа» иесі Төлебала Сүңгібаева жетекшілік ететін «Мэлс» шаруа қожалығы да осы бағдарламаның игілігін көруде. Апайдың өзі ашқан кәсіпкерлік құрылымын ердің жасы елуінде өмірден озған жұбайының есімімен атауы оған деген ыстық сүйіспеншілігі мен сағынышының айғағы іспеттес. Зайыбының мамандығы фельдшер-акушер болғандықтан, қайда маман тапшы болса сол жақта, Бетпақдалада, Талас ауданының Үшарал ауылында да қызмет етуіне тура келген. Сондай қиын сәттерде Төлебала апа жарының жағдайын жасап, әркезде де жанынан табылды. Бертінде туып-өскен аудандарына, Көлтоғанға қайта оралып, Мэлс аға аудандық жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі болып орналасқан. Төлебала апа Қызылорда педагогикалық институтында оқып алған мамандығына сай ауыл мектебінде жаратылыстану пәнінің мұғалімі, интернат тәрбиешісі, кейін меңгерушісі қызметтерін атқарды. Дегенмен, тағдырдың жазғанына жасар амалың қайсы? Ойда жоқта арқасүйер азаматынан айырылып, жас келіншектің жеті ұл-қызын жетілдіру жолында қайыспай күресуіне тура келген. Күресе жүріп шыңдалып, ширай түсті. «Орнында бар оңалар» демекші, Т. Сүңгібаева бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан жиырма немере, бір шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Өмір бойы ұстаз болған апайдың бертінде жеке шаруа қожалығын ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға құлшыныс танытуы шын мәнінде де ерлікпен пара-пар іс, біле білгенге. «Бәрі де ұрпағымыздың қамы, Елбасымыз қолдап отырғанда неге еңбек етпеске» деп, кәсіпкерлік желісін кеңейту үшін қомақты несие алуға қажетті құжаттарын жинастырып, шыр-пыр болып жүрген де Төлебала апаның өзі. Шаруа қожалығының жұмысын оның ұлы Аят дөңгелентіп алып кетті. Биыл отыз бас мүйізді ірі қара малына арнап қора-жай салып, тиісті жемі, шөбін қамдастырды. Шаруашылық иелігіндегі 15 гектар суармалы алқапқа өсірген арпа мен жоңышқадан жиналған өнім де мал азығындық қордың толықтырылуына септесіпті. Аяттың айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несиелік қаржыға асыл тұқымды бұқасымен қоса сатылып алынған 18 сиыр да қорасының құтын еселей түскен. Бұдан бөлек қожалық иелігінде бес-алты жылқы, біраз уақ мал мен үй құстары бұрыннан бар-ды. Оларды дұрыс азықтандыру, түрлі мал ауруларының алдын алу, дер кезінде емдеу – мұның бәрі де үлкен еңбек. Мал баққанға, бабын тапқанға ғана бітеді. Бұл кәсіп іскерлікті, төзімділікті, еңбекқорлықты қажет етеді. Осыны жақсы ұғынған «мэлстіктер» алдағы уақытта етті, сүтті бағыттағы мүйізді ірі қара малы басын көбейтпек. «Сыбаға» бағдарламасы ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастардың кәсіпкерлік ісін бастап, дамытуы үшін, ел экономикасы жақсаруы үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Бұл үшін Елбасына аналық жүрегімнен шыққан шынайы алғысымды білдіремін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – дейді Төлебала. «Мэлстің» алдына қойған мақсаты ауқымды. Аналы-балалы кәсіпкерлер «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұлы Абай ақынның сөзін өмірлік ұстанымы етіп те отыр.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді