«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

Ұйықтап жатқан  жүректі ән оятар
ашық дереккөз
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

Қазақ өнерді жоғары бағалаған халық. Ән жақсы болса, оның айтушысын да көкке көтереді. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Ән әлемінің падишасы» атты ән кеші өтті. Шара елімізге белгілі Кеңес Одағының Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың – 95, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шараны оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Нұржахан Керімбаева ашып берді. – «Халықтың өнері мен мәдениетіне қарап, мемлекетін тануға болады», – депті шығыстағы құдайы көршіміз Қытай елін ұзақ жыл басқарған азаматтардың бірі. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Әннің терең мазмұнды мәні оятар», – деп данышпан Абай айтқандай, қазақ деген ұлы да ғұлама, өнерлі де өрелі халықтың ұрпақтары екенімізді мақтан тұта отырып, қазақ өнеріндегі қайталанбас тұлға, әйгілі әнші, Халық Қаһарманы, ер етігімен су кешіп, мұз жастанған соғыс жылдарында Алаштың рухын асқан әнімен көкке көтерген Роза Бағланованың және Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне өнер корифейлерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында осы шараны өткізіп отырмыз. Қазақ ән өнерінің тау тұлғаларының шығармашылық жолы мен еткен еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, зағип азаматтардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншіліктерін, қызығушылықтарын арттыру – мақсатымыз, – деді Нұржахан Сыдықназарқызы өз сөзінде. Шара барысында облыстық филармонияның әншілері Торғын Орынбаева, Анна Вундер, Жанна Асанқұлова, Жанатбек Кәдіров, Фариза Досболовалар Роза Бағланова мен Нұрғали Нүсіпжановтың әндерін орындап, көпшіліктің көңілін көкке көтерді. Кешке облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Мәдениет және өнер» бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева, «Қазақ соқырлар қоғамының» қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Фариза АЙТБЕК,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар