Үстіміздегі жылы Қазақстанда 32 мың шақырымға жол салынады. Ал, жол – бұл экономиканың, дәлірек айтқанда жүк тасымалының, алыс-беріс пен барыс-келістің күретамыры. Меркідегі «Айя - сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі о баста жол ұйымынан бөлініп шыққанда ауданішілік жолдарды жөндеумен, жол салумен шұғылданды. Келе - келе ол іргелі кәсіпорынға айналды.
Қазір мұнда үш бірдей зауыт жұмыс істеп тұр. Тасты уатып, сорттап шығаратын қондырғысы бар зауыт ұсақ, шағал, құмшағал тастарды өзімен қатар жұмыс істеп тұрған асфальт зауыты мен бетон зауытына, жалпы салынып жатқан халықаралық, республикалық маңызы бар жолдарға, тегі жай құрылыс материалы ретінде тұтынушыларға көптеп шығарады. – Біздің қондырғыда он адам жұмыс істейді, – дейді осында 43 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бригадир Валерий Саленко, – Жұмыстың ауқымы да, тапсырыс та көп. Соған қарағанда табысымыз да жаман емес, айына сексен мың теңгеден кем алмаймыз. Осы кәсіпке жастарды үйретіп жатырмын. Шәкірттерім Мақсат Тоқпанбетов пен Қайрат Рақышев өндіріс озаттары. Өңделіп болған, уатылған тас таудай болып үйіліп қалыпты. Серіктестік директоры Сәбит Ахметті біз асфальт зауытының жанынан жолықтырдық. Ауысымда тұрған шебер Дәулет Қарғабаев пен оператор Сергей Кравцов бәрі басқару пультінде екен. – Өткен жылды 651 миллион таза табыспен аяқтадық, – дейді директор, – Осы асфальт зауытындағылардың өзі 40 мың тонна асфальт шығарды. Соның 25 мың тоннасын сатты. 15 тоннасын өздері тендерден ұтып алған жолдарға төседі. Қазір жолшыларымыз Қызылорда мен Қордайда, көрші Тұрар Рысқұлов ауданында, Меркіде жол салуда. Грейдерші Сарғаубек Панақұлов, асфальт төсеуші Айдар Төлеубаев және Бақтыбек Жарылқасынов Меркіден шалғайда вахталық әдіспен жұмыс істеуде. Луговой ауылының төменгі жағындағы газокомпрессорлық стансаға дейінгі ұзындығы 8 шақырым болатын жолға асфальт, Құлан ауылындағы «Арай» жаңа шағын ауданына инфрақұрылым бойынша шағал тас, Меркідегі 9 көшеге асфальт жол салу бойынша тендерді ұтып алған едік. Қазір жолшыларымыз осы нысандарда еңбек етуде. Директор сонымен қатар, бетон зауытында шығарылатын бордюрлердің неше түрін, құмдыблок цехын аралап көрсетті. Иә, қай учаскеге барсаңызда қайнаған еңбектің үстінен түсесіз. «Айя-сервисте» барлығы 100 адам еңбек етеді екен. Өндіріс орындарында жүрген техникада да есеп жоқ. Соған қарап, Меркідегі жол салумен айналысатын ірі кәсіпорынның келешегі әлі алда екенін байқадық. Олар өткен екі-үш жылдан бері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолына қажетті өндіріс өнімдерін шығарыпты. Енді олар «Жамбылжолқұрылысы», «Қазақдорстрой» компаниясы сияқты халықаралық стандартқа көшуге әрекет жасауда. Өйткені, оны заманның өзі талап етіп отыр. Мақсат – замана көшінен қалмау. Жол салу мен өнім өндірудің озық технологияларын өндіріске енгізу арқылы жаңа инновациялық деңгейге жету. Қазақ халқы: «Жол мұраты – жету» дейді. Бәрінен де діттеген мақсатқа жетіп, орта бизнестен ойып орын алу серіктестік ұжымының алға қойып отырған басты мақсаты екенін аңғардық.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Суреттерде: серіктестік басшысы Сәбит Ахмет, шебер В.Г.Саленко және оператор Мақсат Тоқпанбетов; бетон араластырғыш қондырғының операторы Рәтбек Суталиев пен оның көмекшісі Хамит Солтыбаев.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді