Алдымен ой туады, содан кейін ол жасампаз іске айналады
- author «Ақ жол»
- 26 қаңтар, 2017
- 265
«Бозбесік» кооперативіне біріккен тұрғындар 100 миллион теңге несие алып, шаруаларын шалқытуда
Елімізде ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендірудің маңызы барған сайын арта түсуде. Бұрынғы «колхоз», «совхоздар» таратылып, ондағы жұрт сандаған ұсақ шаруа қожалықтарына ыдырап кеткеннен кейін олардың мемлекеттің көмек, қолдауына сүйенуі қиындады. Ондаған гектар егістік жері мен біраз малымен ғана тіршілік етіп отырған ауылдағы ағайындарға өндірісті дамыту үшін қомақты несиеге қол жеткізу, жылдан-жылға бағасы қымбаттап отырған ауыл шаруашылығы техникаларын қолма-қол ақшаға немесе лизингке алу арманға айналды. Тіпті, өндірген азды-көпті өнімін тиімді бағаға өткеру де жылдан-жылға әуре-сарсаңы көп машақат болып тұр. Міне, сондықтан, көптен сөз болып келе жатқан жеке тұлғалардың қосалқы шаруашылықтарының ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі тұрғындар үшін тиімді болатынын тәжірибеде көрсету мақсатында өткен жылы ауыл тұрғындарын осындай құрылымдарға біріктіру бойынша қанатты жоба іске қосылды. Осы жоба аясында біздің облыста төрт жеке тұлғалар кооперативтерінің тұсауы кесілсе, оның екеуі Қордай ауданында ет өндіру бойынша құрылды. «Бозбесік» – ауданда алғашқы болып жеке тұлғалардың ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккен құрылым. Оған Қаракемер ауылдық округінің отыз тұрғыны мүше. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының ауыл тұрғындарын кооперативтерге біріктіру бойынша Қордай ауданына бекітілген кураторы Жанас Жұмағұлов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабеков былтыр қыркүйек айынан бастап қорасында мал өсіруге жағдайы бар ынталы тұрғындарға кооперативке бірігудің тиімділігі мен артықшылығын жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Жұмысты алдымен осы округтен бастаудың өзіндік себебі де бар. Өйткені, бір өзі бір ет комбинатының қызметін атқарып отырған бұл ауылдың «ет бизнесі» туралы кезінде көп айтылып, көп жазылды. Базардан көптеп мал сатып алып, айлап семіртіп, сойып, етін ірі қалаларға саудалап табысқа кенеліп отырған қаракемерліктердің тәжірибесін таратуға осы ауылда аудандық, облыстық семинарлар да өткізілгені мәлім. «Бір үйде мал сойылса, бес үйдің қазаны қайнайды» демекші, малды базардан сатып әкелуге, семіртуге, союға, ішек-қарнын аршуға, етін қалаға жеткізуге белгіленген тәртіппен ауыл азаматтары бүкіл отбасы, көрші-қолаң болып атсалысатын, сөйтіп, ауылдың еңкейген қартынан үй шаруасындағы әйелдер, қара сирақ балаларға дейін қатысатын бұл шаруаны бұған дейін әркім өз мүмкіндігіне қарай жүргізіп келсе, ендігі жерде мемлекет тарапынан нақты көмек алуына болады. Ол үшін кооперативке бірігіп жарғысы, мөрі бар заңды тұлғаға айналуы керек. – Еліміздің «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы негізінде кооператив болып құрылу үшін кем дегенде оның жиырма мүшесі болуы керек, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өкілі Жанас Жұмағұлов. – Бұған дейін шаруашылықтардың ғана кооперативке бірігуіне мемлекеттен жағдай жасалып келсе, енді қорасында малы бар жеке адамдар да өзара бірігіп, кооператив құра алады. Құрылым бір болғанымен, оның мүшелерінің әрқайсысымен дербес келісімшарттар түзіліп, жеке есеп шотына кепілге қойған жылжымайтын мүлкінің (үй, қора жай) құнына қарай несие қаражаты аударылады. Әр азамат өзі кепілге қойған мүлкіне қарай несие ала отырып, төлем кезінде әрқайсысы өзі алған несие үшін өзі ғана жауапты екенін айта кету керек. Яғни, біреу үшін біреу күймейді. Осылай «Бозбесікке» біріккен отыз адамның әрқайсысына 2-4 миллион теңге аралығында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» есебінен барлығы жүз миллион теңге несие берілген. Алты пайыздық өсіммен 4,5 жылға берілген несиені қайтару шарты бірден емес, алты айдан кейін басталады. «Бозбесіктің» мүшелері өткен жылдың соңында қолдарына тиген бұл қаражатқа бір жастан екі жасқа дейінгі ірі-қара малын жаппай сатып алып жатыр. Сатып алынған мал бірден малдәрігерлік тексеруден өткізіліп, тіркеліп, сырғаланып, құжатталуда. Енді оларды бірнеше ай семіртіп, сол құжаттары бойынша етке өткізулері тиіс. Кейіннен тапсырылған еттің бір килосына жүз теңгеден төленетін субсидия тағы бар. – Бұған дейін де мал семіртіп ет сатудың тиімділігіне жеке тәжірибелерінен қанық қаракемерліктерді кооперативке біріктіру онша қиын болмады, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабеков. – Өздері күнде айналысып жүрген іске Үкімет қаржылай қолдау танытып жатса, бұл мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Әрі ауылдық округтің былтыр ғана тағайындалған жас әкімі Жұлдызбек Бақаевтың бұған ықпалы зор болды. Сол отыздың бірі – Арман Үсенқұлов құрылтайшылар жиналысында кооператив басшысы болып сайланыпты. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде-ақ ол өзіне тиген қаржыға 24 бас еркек ірі қара сатып алып бордақылай бастаған. Оның үйінде бұған дейін де бірнеше бас ірі қара, жылқы семіртілуде екен. Етке сойылғанының орнына базардан басқа мал әкеліп қояды. Кең ауласының тең жартысын мал қораға айналдырып, қойға, сиырға, жылқыға арнап бөліктерге бөліп, бір шетке тайланған шөпті маялап жиған. Қоймада жем қоры жеткілікті. Бұл кәсіп оған таңсық емес. Кооперативке мүше болғандардың көпшілігі ауылдың «ет бизнесін» көптен игергендер. Осылай ата кәсібін мұра етіп, тіршілігін дөңгелентіп отырған Жангелді Әміртаев, Аяжан Құдашбаев, Ақназар Мендебаев, Аян Маншаров, Шилібек Таубалдиев, Бақтияр Сүйеухан, Сейіт Сағымбек, Марат Тыныбаев сияқты өзге азаматтар да жаңа бағдарламаның ауыл тұрғындарына үлкен шапағаты боларына сенім артып, кооперативке мүше болып отыр. Сөйтіп, «Бозбесік» кооперативіне несиеге берілген 100 миллион теңге бірден айналымға қосылды. Әлі-ақ ол тиісті мерзімінде өсімімен банкке қайтарылып, есесіне кооперативке біріккендердің ауласындағы мал саны көбейген үстіне көбейіп, өнімі де арта түсетін болады. Бұдан салық түрінде жергілікті бюджетке де, мал иелеріне пайда шаш-етектен болмақ. Дәл осылай аудандағы екінші кооператив Қарасу ауылдық округінде құрылды. Мал бордақылауды мақсат еткен «Қарасу-Өтеген» кооперативіне біріккен жиырма төрт адам да 100 миллион теңге несиеге бордақылайтын малдарын сатып алып жатыр. Ет бағытындағы кооператив құрудағы маңызды шарттардың бірі – малды таза соятын заман талабына сай қасапхананың болуы. Егер, Қаракемердегі қасапханада күніне екі жүз басқа дейін ірі қара союға мүмкіндік болса, Қарасуда әзірге мал соятын ондай арнайы орын жоқ. Сондықтан, қасапхана салу мәселесі күн тәртібіне қойылған. Оған дейін бордақыланған малды отыз шақырым жердегі Қаракемерге апарып сойғызуға әбден болады. Мұнда бір бас ірі қараны екі мың теңгеге сойып, жіліктеп беретін қасапшылар, бес жүз теңгеге ішек-қарнын аршып жуып беретін әйелдер бригадалары қашанда дайын. Аудандағы алғашқы кооперативтің ашылуына мұрындық болған Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жұлдызбек Бақаев 20 жылға жуық уақыт бойы бүтін бір «ет комбинатының» қызметін атқарып келе жатқан ауылдың табысын тасыта түсерлік тың ойларымен бөлісті. – Шүкір, ата кәсіпке машықтанған іскер азаматтарымыз да, малымыз да, малды бордақылайтын және соятын орындарымыз да бар. Онда күніне жүздеген мал сойылады. Оның еті пайдаға асқанымен, қаншама тері-терсек, сүйек-саяқ қалып жатыр. Тіпті, қан-жыны, көңіне дейін тау болып үйіліп қалады. Осыны көріп жүрген жергілікті мектептің мұғалімі Самат Өтелбаев деген ізденімпаз азамат оқушыларымен бірге мал қалдықтарын дәрі-дәрмек, сүйек ұнтағы, тыңайтқыш тәрізді пайдалы заттарға айналдыру технологиялары жайлы инвестициялық жобаларын аудандық, облыстық деңгейде сәтті қорғап жүр. Соны дамытып, іске асыру экологиялық таза әрі қалдықсыз технологияға көшуге мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар, етті қазіргідей сойылған күйінде тұтынушыларға жібере салмай, қасапхана жанынан өнімді вакуумдық қапшықтарға салып дайындайтын жаңа технологиялық жүйе орнату да ойда бар. Бұдан өнімнің бағасы артады әрі экспортқа шығаруға дайын болады. Міне, бұлар болашақта да құрылатын кооперативтер үшін ауқымды жұмыс болар еді, – деді ол.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
"Ақ жол".
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді