Нан, табанан, тоқаш, бәліш, бөлішкенің түр-түрін өткеруде
Бұлар отбасымен түгел түнде ұшып, күндіз тыныстайтын «жарғанат» тірлік кешкелі де біраз жылдың жүзі болыпты. Анығын айтқанда, нан пісіруді бастаған 2008 жылдан бері. Дегенмен, күндіз де жұмыс жетіп жатыр. Таңертеңнен сәске түске дейін дүкендерге нан таратып үлгеру керек. Одан қалды, шамалы болса да, үйдің шаруасы тағы бар. Тек кешке жұмысқа кетер алдында аздап тынығып алады.
Әңгіме Ақбұлым ауылындағы шағын наубайханада нан пісіріп, оны өткеріп, кәсіптен нәсіп айырып жүрген ерлі-зайыпты Махаметқұл мен Жанат және олардың ұлдары Нұрсұлтан жайында. Бас наубайшы Жанат Абдуллаеваның айтуына қарағанда, үш тарифті электр есептегіші орнатылған кәсіпорында түнгі сағат 11.00-ден таңғы 7.00-ге дейін жұмыс істеген тиімді. Сонда пайдаланылған электр қуаты үшін ең төменгі тариф бойынша арзан бағамен төлейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, таңертең пештен алынған жаңа піскен нанның өтімі жақсы болады. Міне, нарық заңына бейімделу деген осы.
Жалпақтөбеге іргелес Солнечный кентіндегі балабақшада табан аудармай 10 жыл тәрбиеші болған Жанат оңтайландыру саясатымен мекеме жабылғанда қатты өкінген. Жұмыссыз қалғаны өз алдына, әсіресе балалардың болашағы үшін алаңдады. «Үйдегі ер-азаматы аман болса, жанбағыстың бір жайы бола жатар-ау, балабақшада әрнәрсені әжептәуір үйреніп, тәрбиешілерге бауыр басып қалған бүлдіршіндердің ертеңі қалай болар екен?!» деп. Ертең мектепалды тобына немесе бірінші сыныпқа барғанда үйдегі бала мен балабақшадағы баланың арасы жер мен көктей екені бірден аңғарылады. Амал не, бүлдіршіндерді сондай мүмкіндіктен айырды. Осылай жұмыссыздар санатына қосылып, балабақшадағы қызметін үйдегі бала-шағасын тәрбиелеуге ауыстырған тұста қайын ағасы Хамит пен абысыны Айгүл өздерінің Ақбұлым ауылындағы наубайханасының жұмысын жандандыруға ұсыныс жасаған. Бір жағы інісі мен келіні табыс тауып, күнкөріс жағдайларын жақсартсын деген жанашырлық ниеттері бар. Жанат әу баста «қалай болар екен?» деп жүрексінгенімен, келісімін берді. Міне, содан бері алты жылдың жүзі. Балаларының нәсібі шығар, осы жерден бұйырған нәпақасын тауып отыр. Басында «нан пісірудің пәлендей құпиясы жоқ шығар» деп ойлағаны бекер болып шықты. Наубайшылықтың өзіне тән қыры мен сыры көп екен. Мысалы, нанды тартылғанына кем дегенде бір ай болған ұннан пісірген дұрыс. Ұн неғұрлым ұзағырақ тұрса жақсы. Тек бұзылып кетпесе болғаны. Қамырдың иін қандыру, ашыту уақыты, қалыпқа салу тәртібі сақталуы шарт. Қалыптың тазалығы, құрғақтығы, оны майлау бәрі-бәрі ұқыптылықты талап етеді. Сонсоң пешті қыздырудың, ішіне қалыпты орналастырудың, піскен нанды ыдыстаудың да өз тәртібі бар. Пештен жаңа алынған нанды сәл-сәл салқындатып алған дұрыс. Сонда сырты қатайып, мыжылмайды әрі бір-біріне жабыспайды. Бұл, әсіресе, табананға қатысты. Сыртқы тауарлық түрі сақталған, таза піскен нан өтімді. Осы қарапайым ережені ұстанбасаң, тірлігің бекер әурешілік. Іске жанын сала кіріскен Жанат нан пісіруде осы талаптардың бәрін мұқият орындады. Өзіне көмек көрсетіп, жанына жалау болған жары Махаметқұлға да сондай талап қойды. Қайсыбір істі болсын бастау қиын. Алғашында ұнды дұрыс таңдамай, қамырдың иі қанбай, пештің температурасын қалыпты жағдайға қоймай, тіпті ашытқының өзін дұрыс мөлшерлей алмай наны қатты болып қаязданып піскен, сырты келісті нанның іші қоқым сияқты болған, пештен шығару уақытын өткізіп алып, наны күйіп кеткен кездер де бастан өткенін несіне жасырсын. Ондайда нанын өткеретін дүкендерді түгел аралап, кешірім сұрауға мәжбүр. Тауар өткізушіні өкпелетіп алса, ісі зая. Өндірген өнімін өткізу қиындығы туындайтыны айтпаса да түсінікті. Бір-екі рет осындай оқиға орын алғанда үйдегі азын-аулақ малдың қарық болып қалғаны бар. Әлгі қаязданып піскен, сырты күйген нанды үйіне әкеліп малға берген. Кез-келген адам кемшілігін түзету арқылы машықтанатыны заңдылық. Бірақ, бірқалыпты жұмыс ырғағының табанасты бұзылуына басқа бір тосын жағдай әсер етуі әбден мүмкін. Мысалы, желдің тұруы, ағаштың құлауы немесе басқа бір себептен сым үзіліп, электр қуатының болмай қалуы. Ал, пештегі наның әлі піскен жоқ. Ондайда өзің кінәлісің. Алдын ала қам жасау керек еді. Сонда қалай? Жанат оның да есебін тапты. Шығынынан қашпай, тікелей трансформатордан наубайханаға дейін 80 метр қаптамалы желі тартқызған. Тәуліктің әр сәтінде белгіленген уақытына қарай есептеудің тиісті тариф түрінен өздігінен басқасына ауысып тұратын микрологиялық есептегіш те сол трансформаторға орнатылған. Ыдыс жуу, қамыр илеуге пайдаланатын су мәселесі де шешілді. Ол да ақылы. Судың да сұрауы бар, есептегіш құрал орнатылған. Ендігі бір ең өзекті мәселе – өндірілген өнімді өткеру. Оның екі жолы бар. Бірі – наубайхананың өзінен босату, екіншісі – жеткізіп беру. Қазір наубайханадан босатылатыны – 30-35 бөлке нан. Дүкен иелері екіншісін таңдаған. Жанат келісілген 26 сауда нүктелеріне өнімін өзі жеткізіп беріп жүр. Тауар тасымалына арнап сатып алған «Ауди С-4» жеңіл автокөлігі әзірге «ұятқа» қалдырған емес. Тоқтаусыз жүріп тұр. Жүргізуші – Жанаттың өзі. Майын уақтылы ауыстырып, күтімін жасап тұрсаң, болғаны. Анау-мынау ақауларын жөндеу Махаметқұлдың қолынан келеді. Міндет – көлік тоқтаусыз жүріп, тауар дүкендерге уақтылы жеткізілуі керек. Нан мен табананды Ақбұлымда – 4 дүкен және балабақша, Таразда – 4, Жалпақтөбеде – 7, Гродиковода – 2, Жасөркенде 4 дүкен алады. Ақшолақ стансасында 4 кафе бар. Міне, Тараз қаласының бір пұшпағы мен Жамбыл ауданының бірқатар елді мекен тұрғындарын ас атасы – нанмен тұрақты қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер «Хамитқызының» бас наубайшысы Жанат Рәсілханқызының тірлігі осындай. Көмекшілері ері мен ұлы Нұрсұлтан. Жұмысқа тындырымды. Ол Астанада оқып, арнайы аспаз-кондитер мамандығын алып қайтқан. Сондықтан Жанат той-томалақ, отырыстарға тапсырыспен тоқаш, бәліш, бөлішкенің бірнеше түрін пісіргенде онымен ақылдасып отырады. – Облыс орталығында өтіп тұратын ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесіне 3-4 рет қатыстым. Көрмеге қойған тауарларым жоғары бағаланып, екі рет жәрмеңкені ұйымдастыру комитетінің дипломдарымен марапатталдым. Сонда ғой, көрмеге келушілер сөреге қойған бөлішкелерді, нанды «сатыңыз» деп жата кеп жабысқаны. Мен санаулы ғана апарғанмын. Комиссия қарап өткенге дейін күтіп, артынша таласа әкеткендері де болды. Шыны керек, тауарым тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланғанына әжептәуір марқайып қалдым, – дейді Жанат.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді