Жұмабек тұлдыр жетім өскен. Жастайынан қиыншылықты көп көрді. Ағайынның ана үйінде, мына үйінде жүріп, онжылдықты әупіріммен бітірді. Бірақ, маңдайына жазған таланты бар екен. Тоғызыншы-оныншы сыныпта-ақ ақындық атағы дүркіреп шықты. өлеңдері аудандық газеттен бастап, республикалық басылымдарда бірінен соң бірі жарияланып жатты.
Сондағы Жұмабекті көрсең. Аяғы жерге бір елі тимей, ауада қалықтап жүрген секілді сезінді өзін. Мектепті бітірер жылы ақындықтың буымен «ақаңа» да әжептәуір әуестеніп алды. Тым жақсы басталатын бір-екі стакан бойды шарпып, буын-буынға тие бастағанда, қызыл тілі шешіліп, сөйлейді-ау дейсің бір. «Мен ақынмын, зор ақынмын», – дейді қызбаланып. Біреу оған сен ақын емессің дегендей, ұзақ-ұза-ақ екілене сөйлейді. Онысы кейде өзіне кері тиіп жатты. Серіктерінің бірі сөз көтере алмайтын қызбалау болса, мұны кеудесінен итеріп, нұқып-нұқып та жіберетін. Республикалық газеттерге өлеңдері шыққан ақындық даңқы ма, әлде тұлдыр жетімді тағдырдың оң жебегені ме, Алматыдағы өзі армандаған оқуға түсті. Бұл оның көңілін тым аспандатты. Пушкин, Лермонтов, Есенинді пір тұтты. Қазақта Абай мен Мұқағалиді мойындады. Ауылдағыдай емес, мұның сөзін қабылдайтындар да, қоштайтындар да, тіпті, асыра мақтайтындар да табылды. Әсіресе «ақаңнан» екі-үш стакан тартып-тартып жібергеннен кейін өзін дүниенің жарты патшасындай сезінетін. Бірде Жазушылар одағындағы поэзия жиынына кез болды. Төрде әдебиеттің қасқалары мен жайсаңдары. Жиынды белгілі ақын жүргізді. Өлең оқитын жастар көп болған соң, бір-екі өлең оқуға ғана рұқсат берілді. Жұмабектің ішінде «ақаңның» қызуы бар еді. Ол да баста екі өлең оқимын деген. Мінбеге шыққан соң, өзін де, өзгені де ұмытып, керемет деп іштей қабылдаған өлеңдерін оқуын жалғастыра берді. Төрт өлең... Бес өлең... Төрде отырған әдебиеттің ақсақалдары бір-біріне қарасты. Арқалы ақын мазасызданып: – Әй, бала, – деді күркіреп. – Басқа да ақындар бар. Тоқтайтын Жұмабек болмады. Көзін жұмып, қолын сермеп, басқа әлемге еніп, өлеңдерін тоқтаусыз оқи берді. Мұның соңы ақыры жақсы болмады. Жұмабекті оқудан шығарып жіберді. Елге оралды. Өте ызалы еді. Өзін бағаламаған, ұлы ақын деп танымаған әдеби ортаға ызалы болатын. Қалай да бәрін мойындатам, мен келе жатқанда, ұлы ақын келеді деп бәрі тік тұратын болады деп қайсарланды. Ішті де, жазды да. Өлеңдері аудандық газеттен бастап, республикалық газеттерде жиі болмаса да жарияланып жатты. Сөйтіп жүргенде, Сәнияға кездесті. Бұрынғы кездескен қыздарына өлең оқып, содан соң мақтаныңқырап сөйлей бастағанда, сұлу пішіндер түк түсінбегендей кірбің тартып ығыса беретін. Сәния олай етпеді. Қызулау еді, сондықтан да батыл болатын. Ол да өзге қыздар сияқты бәрібір кетіп қалады деп ойлады. – Өлең оқып берейін, – дегенде, тана көзі жалт етіп, таңырқай қараған. Мұқағалидан бастады. Тиіспейін, шашыңнан иіскейін... – деп толқындатып ала жөнелді. Содан соң тоқтамай тағы да: Селк етіп, секем алып қарадың-ау, Қай таудың киігі едің, қарағым-ау?! – деп жалғастырды. Енді бірде өзінің өлеңіне көшті. Сәния кетіп қалмады, тана көзі одан сайын кеңейіп, Жұмабектің өлеңдерін тыңдады. Сол жолы оны үйіне дейін шығарып салды. Өлеңін түсінетін бір жанның табылғанына қуанды. Қыз Жұмабектің бағына жаралған екен. Тұлдыр жетім деген жоқ. Тұрмысқа шықты. Сәнияның әкесі үлкен қызметте болатын. Дарынды Жұмабектің аяқ-қолын жерге тигізбей, «іліп» ала жөнелді. Алғаш облыстық радиоға жұмысқа қойды. Кейін басшысы болды. Жұмабек өлең оқығанда, айрықша сезімге бөленетін. Ашық даусы еркін құйылып, өлеңнің ішкі иіріміне терең бойлап құбылатын. Радиодан өлеңдерін жиі оқып тұрды. Бұл кезде ақылды Сәния ерке-назымен Жұмабекті өз қалауына көндірген. Әкесі облыс орталығынан екі бөлмелі үй алып берді. Мансап та көп нәрсені шектейді екен. Басшылық қызметтің дәмін татқан Жұмабек одан айырылып қалғысы келмеді. Өлеңдерін де өндірте жазды. Кітаптарын шығарды. Абырой-атағы асқақтады. Сонда да Жұмабектің көңілінің түкпірінде бір құпиясы жататын. Бәрінің алды болғысы келетін, әсіресе, Қытайдан келген талантты ақын Бақтықожаны шаң қаптырып отыруды армандайтын. Екеуінің арасындағы бәсеке Алматыда, студенттік кезде басталған. Жұмабек өлең оқыса, әйтеуір бір нәрсе іліп-қағып қалатын. Оқудан шыққанда: – Ал талантты ақын қош, құм суырған ауылыңа қайт, – деген. Мең-зең масаң күйде жүрсе де, осыдан қырық жыл бұрын айтылған сөз Жұмабектің көңілінде күні бүгінгідей жатталып қалған. Бақтықожа ақын бұл кекесінін, бәлкім, ұмытып та қалған шығар. Ал Жұмабек алыста жүрсе де, оның әрбір қадамын аңдыды. Шыққан кітабын оқыды, өзімен салыстырды. Қанша рецензия шықты? Кім мақтады, кім сынады? Кімдермен кездесу жасады? Есепке алды. Сөйтіп жүргенде, міне, алпыс деген жасқа келіп қалыпты. Алпыс – адамға бір-ақ рет беріледі. Ендеше дүркіретіп өткізу керек. Беделі жаман емес. Марқұм қайын атасы салып берген мансап жолы қайырлы болды. Бір жыл бұрын мерейтойға дайындық қызу басталды. Екі поэзия кітабын дайындады. Үлкен үйдегі ежелгі досымен сөйлесті. Жоғары жақтың бәрін ұйымдастыратын болып, ол уәдесін берді. Жазушылар одағының хатшылығына шықты. Соңынан қалмай жүріп, Астанадан да, Жазушылар одағынан да облыс әкімдігіне хат түсірді. Онда қазақ поэзиясының талантты, біртуар ақыны деп жазды. Облыс әкіміне де беделді деген адамдарды тарта отырып, жан-жақтан қоңырау шалдырды. Достарына хабарласа, қайта-қайта айта жүріп, республикалық газеттерде өзі туралы көлемді төрт-бес мақала жариялатты. Олар облыстық, аудандық газеттерде көшіріліп басылды. Аласапыран жұмыс биік мәртебесіне жетіп, облыс орталығындағы драма театрда поэзия кеші өтті. Облыс басшысы қатысты. Астанадан, Алматыдан, көрші облыстардан топ-тобымен қонақтар келді. Үлкен үйдегі ежелгі досы Мемхатшының құттықтау хатын оқыды. Қос кітаптың тұсаукесері болды. Жалындаған арнау өлеңдер оқылды, мадақтаған, аспандатқан құттықтаулар дариядай тасыды. Жұмабек қалай дегенде де өзіне риза еді. Қоңыр сары өңі қызарып, екі танауы делдиіп кеткен. Мұрнының үстінен төмен қарай жылжып кете беретін көзілдірігін қайта-қайта көтеріп әуре болады. Алпысқа келгенде кім бүйтіп той жасады? Сыныптастарының дәрежесі белгілі. Ешқайсысы ауыл-аймақтан асқан емес. Ресторандағы тойын да өзі жүргізді. Шаршамады. «Уһ» деп демін алды. Облыстық, республикалық газеттерде поэзия кешінің, мерейтойының есептері фотосуреттермен беріліп жатты. Арада бір айдың үстінде уақыт өтті. Есін жиған. Өрекпіген көңілі де басылды. Тіпті, ел-жұрт мұның алпысқа келіп, дүркіретіп той жасағанын да ұмытып кеткен тәрізді. Той кезінде шарықтаған көңілі де аласарып, қалыпты жұмысына кіріскен. Осы кезде «қарсыласы» Бақтықожа ақынның есіне түскені. Оу, ол да биыл алпысқа келеді ғой. Қытайдан келген талантты ақын. Әдемі мұқабамен кітаптары шығып жатыр. Орныққан көңілін тағы да жайсыздық билеп алды. Күнделікті кешкі жаңалықтарды қарайды. Пошта келсе, бума-бума газеттерге үңіледі. Бақтықожа ақын туралы хабар іздейді. «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санын ашқанда, қара әріптермен баттита терілген Жарлыққа көзі түсті. Онда «қазақ әдебиетін дамытуға айрықша үлес қосқаны үшін Бақтықожа Есқожа «Парасат» орденімен марапатталсын» деп жазылған екен. Мына «сұмдық» Жұмабектің тас төбесінен бомба жарғандай болды. Ауа жетпей, отырған орнында қисайып бара жатты. Оң қолымен қарманып, тамағының астындағы көйлектің ілгегін әзер ағытты.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді