Ағайынға азық болатын ұн жүз пайыз өңірімізде өндірілсе
- author «Ақ жол»
- 19 қаңтар, 2017
- 251
Соңғы жылдары облыстың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, 2008 жылы ауыл шаруашылығы саласына 1,9 миллиард теңге бөлінсе, бұл сома 2016 жылы 14,1 миллиард теңгені құрады. Осындай қолдау-көмектің нәтижесінде 2003 жылдан бастап өңіріміздегі егіс көлемі жылдан-жылға өсіп, 497,3 мың гектардан 594,1 мың гектарға жетіп, пайдаланусыз жатқан жер көлемі 18,9 мың гектарға азайған. Былтыр 251 мың гектар масақты дәнді дақыл жиналып, әр гектардан 23,6 центнерден өнім алынды. 591,7 мың тонна астық бастырылып, бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Солай бола тұра, облыс тұрғындарын жергілікті диқандар егіп, өсірген астықтан алынған ұнмен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Былтыр облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда, облысымыздағы азықтық бидайға деген бір жылдық қажеттілік 186 мың тонна екен. Оны ұнға шаққанда 130,2 мың тонна болса, нан өндіруге 135,8 мың тонна бидай қажет. Бұл – 95,1 мың тонна ұн. Жыл сайын облыста өндірілетін 142 мың тонна бидайдың сапалық көрсеткіштеріне сәйкес 71,4 мың тоннасы немесе 50,3 пайызы ғана азықтық қажеттілікті өтейді. Ал қалған 49,7 пайызы жемдік және тұқымдық мақсаттарда қолданылатын көрінеді. Осылайша азықтық бидайға деген ішкі сұраныс жергілікті өнім есебінен бар-жоғы 38,4 пайыз ғана қамтылып отыр. Қалған 114-115 мың тоннадай бидайдан өндірілетін қажетті ұн немесе тұтынушылар сұранысының 61,6 пайызы еліміздің солтүстік өңірлерінен – Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарынан таcымалданады. Осы мәселе туралы кезінде Қордай ауданындағы «Қақпатас» кеңшарында тұқым жөнінде агроном, Гвардейскідегі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтында астық тұқымын будандастыру жөніндегі ғылыми қызметкер болған, бүгінде аталған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып еңбек етіп жүрген Алтынкүл Ағыбаева өз ойын: – Астық өсіруде тұқым себу мөлшері мен мерзімі әр аймақтың ауа райы мен топырағына байланысты көп жылдық тәжірибелермен қалыптасқан. Біздің өңірдің құрғақ далалы тәлімі жерлерінде негізінен күздік бидай өсіріледі. Қордай агроқұрылымдарында оның «Безостая-1», «Стекловидная-24» және «Қарлығаш» тәрізді өнімділігі жоғары сұрыптары жақсы өнім беріп келеді. Оңтүстіктің суармалы сұр топырақты аудандарында күздік бидай егілетін жер егін орағынан кейін іле-шала жыртылатыны мәлім. Өнімділікті арттыру үшін ауыспалы егісті қолдану немесе бір жыл демалған таза парға күздік себу әдістері кең қолданылуы тиіс. Алайда, бұрынғы бүтін шаруашылықтардың жерлері ондаған, кей ауылдарда жүздеген ұсақ шаруа қожалықтарына бөлініп кетуінен ол жерлерде бірыңғай ауыспалы егіс жүйесі қолданылуда дей алмаймыз. Бір орынға сол дақылды жылда себе беруден және тұқымды таңдамай қолға түскен арзанын егуден жер де азып, түсім де төмендей береді. Өскен астық мал жемінен басқаға жарамай, «қодыра» басып кеткен жерлер бар. Ұсақ шаруашылықтарды қайтадан ірілендіру мәселесінің көтерілу себебінің бірі осында, – деп өрбітті. Облыс тұрғындарын астықпен өзіміз қамтамасыз етуге келер болсақ, оған ақ егістің көлемін еселеп арттыру немесе солтүстіктің ауа райына бейімделген қатты бидайдың жаздық сұрыптарын әкеліп өсіру арқылы қол жеткізе алмаймыз. Ұнның сапасы өте жоғары және құрамындағы ақуыз мөлшері 24 пайыз болатын қатты бидайдың (жұмсақ бидайдағы ақуыз 16 пайыз) еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерінде жақсы өнім беруі көп жылдық тәжірибелерде дәлелденген. Ал біздің жаққа бидайдың күздік, арпаның жаздық сұрыптары тән. Мамандар егіс көлемі, түсімі, дәнінің сапасы жағынан жаздық бидай бірінші орында екенін айтады. Ол көбіне Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық облыстарында өсіріледі. Тұқымы 12-14 градус жылылықта бітік шығады. Түптену және сабақтану кезеңінде суды көп керек етеді әрі топырақтың құнарлылығын қалайды. Әсіресе, қызыл-қоңыр, құнарлы, саздау топырақтарда, тың жерлерде жақсы өсетін көрінеді. Тұқым себу мөлшері мен мезгілі әр аймақтың ауа райына, топырағына байланысты. Қазақстанда жаздық бидайдың көп тараған түрлеріне ерте пісетін «Қазақстан-15», «Қазақстан-19», «Қазақстан-25», «Қарабалықтық-90», «Лютесценс-32», «Саратовтық-29», тағы басқа сұрыптары жатады. Алайда, солтүстік өңірге бейімделген жаздық бидайдың осы түрлерін облыста тағы бір тәжірибеден өткізіп, егіп көрсек ше? «Бұл мәселе әбден зерттелген, солтүстікте өсетін жаздық бидайды Жамбыл облысында егу мүмкін емес» дейтін ғалымдар да, мамандар да бар шығар. Оны қордайлық маман да еске салған-ды. Жамбылдықтар өздерінің астығымен қамтамасыз етіліп жатса біріншіден, береке кіріп, өз нанын өзі тұтынады, екіншіден, тасымал, басқа да шығындарға жұмсалатын қаржымен бюджет қоржыны толығады, үшіншіден, ауылдың талай азаматы жұмысқа тартылар еді. Облыста солтүстік өңірлердің табиғатына келетін аудандар да бар. Оның үстіне, бұрынғы заман емес, ғылым да, егін шаруашылығындағы технология да күн санап дамып жатыр. Жоғарыда қордайлық агроном егіншілік зерттеу институттарының мамандарымен тұқым таңдауда бірлесе жұмыс жасауға кеңес берді. Бидайды сұрыптаумен Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығына қарасты Қазақ егін шаруашылығы ғылыми зерттеулер институты, Қазақ ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, аймақтық тәжірибе стансалары, басқа да егін шаруашылығымен айналысатын ғылыми құрылымдар шұғылданатынын ескерсек, бидай алқабын ұлғайтып, одан сапалы әрі жоғары сортты ұн тарту үшін ғалым-мамандармен бірлесе жұмыс жасау қажет. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері сөз болып келе жатқан ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мал шаруашылығымен айналысатын жеке құрылымдарға ғана емес, жер баптап, астық өсіретін шаруашылықтарға да тиімді. Облыстың 14,4 миллион гектардан астам аумағының 72 пайызын тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы аймақ алып жатқанын ескерсек, азықтық ұнды жүз пайыз өзімізде өндіруге мүмкіндік бар сияқты.
Амангелді ӘБІЛ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді