Тегінде, жұрт қадір тұтып, барша адамзат құрметтейтін мамандықтың бірі – мұғалім. Ұстаздық қызметтің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Ал жауапкершілігі аса жоғары. Жалпы, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты пайдалы екенін жете түсінгендіктен, мен осы саланы таңдадым. Бастапқыда менің таңдауым қызығушылықтан туған. Мұғалім болуды мен бала күнімнен армандадым. Сол арманға қол жеткізіп, диплом алғаннан кейін 1993-1994 жылдары Тараз қаласындағы №36 мектепке жұмысқа орналастым. Сол жылдары бұл білім мекемесі қазақ тілінде оқытуға көшкен еді. Еңбек жолын жаңадан бастаған жас мұғалімдерге тоқырау жылдарындағы тұрмыстық тапшылықты жеңе біліп, бар ынта-зейінін жұмысқа аудару оңай болған жоқ. Тәжірибесі жоқ жас мамандарға қос қиындықпен қатар күресуге тура келді. Сол бір күрделі кезеңдерде басқа мамандықтың тізгінін ұстап, ұстаздықпен қош айтысқандар да болды. Бірақ, мен өзім таңдаған мамандықты басқаға айырбастамадым. Қазір тәжірибелі маманмын. Білгенімді өзгелермен бөлісетіндей деңгейге жеттім. Мектеп директоры Ерлан Әбумәліков ұжымдағы жас мамандарға оқыту мен білім берудегі жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін үйретуден аянып қалған емес. Соның арқасында қатарымыз білімді де білікті жас мамандармен толыға түсті. Мектепте ер мұғалімдер де көбейіп келеді. Ал бұл өз кезегінде бала тәрбиесіне оң әсерін тигізіп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ер-азаматтардың бүгінде жалпы орта білім беру мекемесіне жұмысқа тұруы өте сирек жағдай. Негізінен, мұғалімдердің басым көпшілігі ер-азаматтар болса, мектеп оқушыларының тәртібі түзу болатыны дәлелденген. Ал біздің мекемеге жас маман ретінде ер адамдардың көптеп тартылуы – басшымыздың оқыту-тәрбие ісіне баса мән беруінің нәтижесі. Балаға сапалы білім, саналы тәрбие беруде ата-аналар мен педагогтар бірлесе жұмыс жүргізуі тиіс. Біз ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға ұмтыламыз. Соның арқасында оқушыларымыздың білімі артып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Өткен оқу жылында мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 78,5 пайыз көрсеткішке ие болды. Біздің түлектеріміз тәрбиелі де саналы азамат болып қалыптасып, ел үшін еңбек етсе – ұстаз бақыты осы.
Күлзахира Қонақбаева, ұстаз.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді