Есейхан ауылдық округіне қарасты Қараой елді мекенінде 50 оқушыға арналған жаңа мектеп үйі салынуда. Жергілікті тұрғындар ауылда қордаланған әлеуметтік мәселелердің облыстық «Ақ жол» газетінде кең қамтылып жазылуы осынау іске қозғау салғанын айтады. Сондай-ақ, ауылға кіреберістегі үлкен көпір қалпына келтірілген. Қалқымалы көпірлерге де жөндеу жүргізіліпті.
Бәрінен бұрын жаңа мектеп ғимараты құрылысының басталуы ауылдықтардың көз қуанышына айналып отыр. Бірлестік орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдияр Жуасбековтің айтуынша, мектеп үйінің құрылыс жұмыстарын «Бақ Жай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бұл мақсатқа 310 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған екен. Бүгінде жалпы атқарылуы тиіс жұмыстың 70 пайызға жуығы біткен. Бұл нысан биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында жеткіншектерге есігін ашпақ. – Білімұямызда жетпіске жуық оқушы білім алуда. Ауылымызда демографиялық өсім бары байқалып отыр. Биылдың өзінде 12 оқушы бірінші сыныпқа оқуға қабылданды. Болашақтың кілті – білімде. Ал жас ұрпақтың білімді болып өсуіне қамқорлық жасаған елдің болашағы зор болмақ, – дейді А. Жуасбеков. Шын мәнінде бүгінде шалғай ауылдарда да шәкірттер өркениеттік талаптарға сай заманауи технологиялармен жарақтандырылған білім нысандарында оқу мүмкіндігіне ие бола бастады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, қамқорлықты есейхандықтар да шынайы сезінуде. Былтыр ғана ауылдық округ орталығында жаңа мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілген-ді. Қараойлықтар да биыл жаңа мектепке қол жеткізгелі отыр. Мұндай нысан келер жылы Қасқабұлақ ауылынан да бой көтермек.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
"Ақ жол".
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді