Тотыдайын таранған Тараз
«Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасы тапсырмасымен қабылданған болатын. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысы 2003 жылғы Жолдауында мәдени мұраларымызды жаңғырту үшін Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді.
Аталған бағдарламаның қабылдануы өшкенімізді қайта жаңғыртып, өткенімізді саралауға жол ашты десек, артық айтқандық емес. Бұл мәдениет саласына өзгеше серпін берді. Содан бері он үш жыл ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақ жұртының тарихына қатысты қытай, моңғол, иран, араб, түрік мұрағаттарындағы Еуропа мен Азияның өзге де елдерінің қорлары мен кітапханаларындағы құжаттардың көшірмесі алынып, ғылыми айналымға түсті. Қазақ халқының тарихында бірінші рет 93 томдық «Бабалар сөзі» деген атпен қазақ ауыз әдебиетінің жинағы жарық көрді. Ғылыми-фольклорлық экспедициялар нәтижесінде «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 50 батырлар жыры» атты жобалар жүзеге асырылды. 37 көне қала зерттеліп, 113 тарихи-мәдени ескерткішке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның бірі – екі мың жылдан астам тарихы бар – Тараз қаласы.
Түрік империясының ұлы тұлғасы Тон Яғбу ордасын тіккен Таразда Мыңбұлақ мекені, Ислам өркениеті таралуына жол ашқан Атлах қаласы жатқан, Қазақ хандығының алтын туын аспандатқан Қозыбас биігі тұрған Шу-Талас аңғарының бас қаласы Тараздың әлі де ашылмаған тарихы мол. Тарихи томдар тарауларынан ойып тұрып орын алған Талас жазуы, Қаратау сілемдеріндегі ежелгі қоныстар шоғыры Қарасай-Мойнақ петроглифтері – түркі өркениетінің түп тамырымен біте қайнасқан құндылықтар. Осындай құндылықтарды қайта жаңғыртып, тасқа басқандай, келер ұрпаққа аманаттау – біздің парызымыз.
Бүгінде жаңарып, жасарған Таразды шын мәнісінде, туристерді қызықтыратындай тарихи қала десек, артық айтпаймыз. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту кезінде, мемлекеттігіміздің мерейтойында ежелгі қаламыздың мәдениетіне қосар игілікті істер атқарылды. Сәулетті ғимарат «Ежелгі Тараз» музейі, Шолу мұнарасы, «Достық» үйі бой көтерді, кешенді археологиялық зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, еліміздің тарихындағы тұңғыш ашық аспан астындағы музей ашылды. Бір сөзбен айтқанда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қонақтарына киелі мекенімізде тамашалайтын тарихи-мәдени орындар бар.
Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар тарихи мұралары тұнып тұрған өлкеміздегі «Ежелгі Тараз», «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас», «Ақыртас» нысандарын аралап олардың тарихымен танысатын болады.
Әлия Махамбеталиева, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді