«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ тілі – ел бірлігінің ұйытқысы

Қазақ тілі – ел бірлігінің ұйытқысы
ашық дереккөз
Қазақ тілі – ел бірлігінің ұйытқысы

3«Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз... Тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақстан – өзінің геосаяси орналасуы мен этникалық құрылымы жағынан ерекше көп ұлтты және көпконфессиялы мемлекет екені белгілі. Әлемде өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен рухани құндылықтарының сақталып, олардың материалдық әл-ауқатының дамуына жағдай жасап отырған елдер сирек кездеседі. Солардың бірі – Қазақстан. Елбасымыздың сарабдал саясаты барлық ұлтқа теңдей жағдай жасауға бағытталған. Ұлттық мәдени орталықтардың өз қызметтерін сәтті атқарып отырғаны – осының айғағы. Біздің ауданда Әзірбайжан мәдени ұлттық орталығы жұмыс істейді. Ауданда барлығы 1500-дей әзірбайжан болса, біздің орталықта соның 700-і тіркелген. Біз кез-келген мерекелік іс-шараларда, саяси науқандарда өзіміздің белсенділігімізді көрсетіп, игілікті істің басынан табылуға тырысамыз. Жергілікті қазақтармен және өзге ұлт өкілдерімен де тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз, олармен бірлесіп жұмыс жасауға өте бейілміз. Әзірбайжандардың көбісі қазақ тілін еркін меңгерген. Әрбір қазақпен қазақша сөйлесеміз. Бұл бізге ұнайды әрі мұны қонақжай, бауырмал, кең пейілді қазақ халқына деген алғысымыз, оларға деген құрметіміз деп түсінуге болады. Мен өзім жұмыста да, күнделікті күйбең тіршілікте де қазақтармен жиі қарым-қатынаста боламын. Сондықтан да болар, кейде әзірбайжан тіліне қарағанда қазақша сөйлеу маған әркезде де ыңғайлы. Тіпті, жергілікті әзірбайжандар қазақтармен құдандалы болуда. Келін түсіріп, қыз беріп жатқандары да кездеседі. Сондайда, қазақтардың салт-дәстүріне, жөн-жоралғыларына қызығып, тәнті боламыз. Осының бәрі біздің бірлігіміздің, татулығымыздың көрінісі. Иә, «Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді», демекші, әрдайым өзара түсіністігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді қазақ. Дана халық мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Қазақстан халқы бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел. Барша жұртқа ыстық ықылас пен достық ниетін таныта білетін меймандос. Әрбір қазақстандықтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі, азаматтық борышы осындай пейілінен танылады. Ендеше осындай мызғымас татулығымыздың берекеге ұласып, ортақ Отанымыздың іргесі берік, еңсесі биік болуы жолында аянбай еңбек етейік!

Эсмира Мамедова, әзірбайжан ұлттық орталығының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар