Португалиядан келген перизат

Португалиядан келген перизат
ашық дереккөз
Португалиядан келген перизат

Әңгімешіл келіншек АҚШ пен Португалияның азаматы болып шықты. Туған жері – АҚШ-тың Иллинойс штаты, атақты Чикаго қаласынан елу шақырым жердегі қалашық. еңбекке араласып, жұмысқа орналасқан соң Еуропаны аралау үшін ақша жинапты. Арманы орындалды. таңдау жасағанда Төсегінің үстіне әлем картасын жайып тастаған бойжеткеннің көзі Еуропаның Батысындағы Португалия еліне түскен. Содан сөмкесін алып, ұшаққа отырып, Португалиядан бір-ақ шыққан. тіл білмейтін қыз қасқарайғанда кафенің терассасында кофеге тапсырыс беріп, күтіп отырады. Кенет, португалдық сымбатты жігіт «сізге қаланы аралауға көмектесуге әзірмін» деп өз көмегін ұсыныпты. Әдемі көйлек киген қыз ашық мінезді жігіттің ұсынысын қабыл алып, екеуі Виана-ду-Каштелу қаласындағы тарихи жерлерді түгел аралап, ақырында Атлант мұхитының жағалауын жылы түнде жалаң аяқ кешіпті. Біз тақырыпқа Португалияны таңдадық. Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Рей Пачекомен болған сұхбатты «Work and Travel» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Нью-Йорк штатында тағылымдамадан өткен Балжан Сенгербекова аударып берді.

– Әңгімемізді танысудан бастасақ. – Есімім Рей Пачеко, 44 жастамын, қос азаматтығым бар (Америка азаматтарына Еуропа Одағына кіретін бір мемлекеттің азаматы болуға заңда рұқсат етілген). Тұрмыс құрғанмын, жұбайым екеуіміз бір қыз тәрбиелеп отырмыз. – Португалия қандай ел? – Үлкен жүрегі бар өте кішкентай мемлекет... Португалия – Оңтүстік-Батыс Еуропаның қиыр шетінде, Атлант мұхиты жағалауында орналасқан. Пиреней түбегінің батыс бөлігін және Азор, Мадейра аралдарын алып жатыр. Құрлықта солтүстігі мен шығысында жалғыз ел Испаниямен шекараласады. Ал оңтүстігі мен батысын Атлант мұхиты шайып жатыр. Астанасы – Лиссабон қаласы. Халық саны 11 миллионға жуықтаса, оның 99 пайызы португалдар, қалғаны испандықтар мен бразилиялықтар. Мен ол жақта он бес жыл тұрдым. Бақытымды сол жақтан таптым. Португалия әлемдік картада жер аумағы бойынша 109-орында. Біз тұрған Виана-ду-Каштелу қаласы елдің солтүстігінде орналасқан. Жергілікті халық дәстүрді, отбасылық құндылықтарды берік ұстанады. – Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің ішінде Португалияда азық-түлік өте арзан дейді, осы рас па? – Біз индустриалды-аграрлы елге жатамыз. Халықтың 20 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Еңбекқорлықтың арқасында бидай, жүгері, картоп, жүзім, зәйтүн, ет және сүтті өңдейміз және өзімізден артылғанды экспорттаймыз. Елде металл, мұнай өңдеу, химия, балық консервілеу, шарап жасау өндірістері жақсы дамыған. Соңғы жылдары жұмыссыздар кеме жасауға, жеңіл өнеркәсіпке ауысу арқылы тұрақты жұмысқа орналасты. Елімізде туризм – қыруар табыс көзі. Сыртқы саудадағы сенімді серіктестеріміз – Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия және АҚШ. Айтпақшы, біз шарап тығынын шығару бойынша әлемде бірінші орындамыз. Киетін киімді өзіміз тоқысақ, тамағымызды өзіміз дайындасақ, кемемізді өзіміз шегелесек неге бізде көпшілік тұтынатын заттар қымбат болуы керек?! – Португалияның құрлықтағы Құдай қосқан жалғыз көршісі – Испания. Туристер көрші екі ұлтты шатастырса португалдықтар соған намыстанады екен... – Оның екі себебін айтайын. Біріншісі, көрші екі ұлт атамзаманнан бері бір-бірімен бәсекелес. Тарихта кім-кімге оқ атпады, кім-кімді шеңгелдемеді... Португалдықтар жаратылысынан жаңалық ашуға құштар халық, атақты Васко да Гама біздің ұлттық мақтанышымыз. Ол Бразилияны, Оңтүстік Американы, Үндістанды зерттеген. Әлемде Америкаға ең бірінші құл тасыған, саудалаған да осы португалдықтар. Білесіз бе, 1761 жылы Португалия әлемде тұңғыш құлдықтан бас тартқан ел. Бұл уақытта Испания, Франция, Ұлыбритания, тіпті, АҚШ ондай шешімді қабылдамаған. Мәселен, Ю.Гагарин ғарышқа тұңғыш рет қазақ даласынан ұшты. Сол сияқты испандық Христофор Колумб та әлемдік жаңалық ашу үшін Лиссабон қаласындағы порттан саяхатқа аттанған. Екіншіден, Еуропада жүргенде сізді қытаймен шатастырса, сіз де іш ашып қаласыз, мойындаңыз. – Португал тілі әлемде қолданыста жетінші орында екен. Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер? – Үш құрлықта (Еуразия, Африка, Оңтүстік Америка) португал тілінде екі жүз отыз миллионға жуық адам сөйлейді. Бұл тіл бразилиялық және еуропалық болып екіге бөлінеді. Біз Еуропалық нұсқада сөйлесеміз. Қолданыс аясын кеңейтіп тұрғаны Бразилияда халық саны көп. Әлбетте, бразилиялық португал тілі өзгеше дыбысталады, диалектика бар, бірақ соған қарамастан екі ел азаматтары бір-бірін еш қиындықсыз түсінеді. Халыққа сервистік қызмет көрсететін орындарда ағылшын, француз тілі белсенді қатынас құралы болса, испан тілі өте сирек қолданылады. Негізінде испан және португал тілі ұқсайды, өйткені олар иберо-роман тілдер тобына жатады. Таза португал тілінде герман, араб, азиялық кірме сөздері баршылық. Себебі, олар сырт мемлекеттермен көп сауда-саттық, дипломатиялық қатынастар жасаған. Ол тағы басқа 9 елде ресми тіл саналады. – Португалия халықаралық ЭКСПО көрмесін 1965 жылы Порту қаласында, 1998 жылы ел астанасы Лиссабонда өткізген. Сіздің ел ЭКСПО-ны өз жерінде өткізу арқылы неге қол жеткізді? – 1998 жылы Лиссабонда Васко да Гаманың Еуропадан Үндістанға жетуінің бес жүз жылдығы атап өтілді. «Мұхиттар – келешектің мұрасы» тақырыбындағы ЭКСПО осы мерекенің құрметіне ұйымдастырылды. Сол жылы 132 күнге жалғасқан көрмені тамашалауға 11 миллион адам келсе, 155 мемлекет пен ұйым қатысқан. Сол кезде ұйымдастырушыларда «үлкен жоба өзін-өзі ақтай ма, шығынды қалай жабамыз?» деген сұрақ туған. Бағымызға орай туристер бізге лек-легімен ағылып келді, кейіннен көрме құрылымдары сатылымға шығарылды, әйтеуір жобаның шығыны ақталды. Васко да Гаманың құрметіне өткен көрмеде Лиссабон қаласының шығыс жағындағы Тежу өзеніне жақын 5 шақырым аумақты, 50 гектар жерге ЭКСПО қалашығы қанат жайды. Ұйымдастырушылар әу баста туристердің қарасы көп болатынын болжап астананың инфрақұрылымын дамытуды ерте қолға алған. Нәтижесінде Еуропадағы ең алып «Васко да Гама» атты ұзындығы – 17185 метр болатын көпір құрылысы басталды. Лиссабон метросына жаңа 7 станса қосылды. Көрме қарсаңында оның 5-еуі ғана пайдалануға берілген. Қаладағы барлық қоғамдық көліктер жаңартылып, тіпті, такси парктердің қожайындарына көліктерін бояуды ұсынылды. – ЭКСПО өтіп, туристер тарқаған соң қаңырап бос қалған қалашықты қалай кәдеге жараттыңыздар? Бой көтерген небір зәулім павильондар португалдықтардың игілігіне жарады ма? – 1998 жылғы ЭКСПО-ның орны бүгінде Лиссабонда халық тығыз шоғырланған заманауи үлгідегі астананың көрікті ауданына айналды. Онда қазір 30 мыңға жуық азамат тұрады. Әуелі павильондарды тақырыптық және аймақтық етіп бөлген жобалаушыларға мың алғыс. Мәнісін қазір түсіндіремін. Тақырыпқа бөлінген «болашақ», «виртуалды шындық», «утопия», «білім», «мұхит», «су» және «навигация көрмесі» павильондары қазір елге қызмет көрсетуде. Мысалы, 1999 жылдың ақпанынан бастап ЭКСПО аумағы трансформациялана бастады. «Болашақ» павильоны казиноға, «виртуалды шындық» павильоны іргетасымен қоса сүрілді, «утопия» түрлі спорттық, музыкалық шараларды өткізетін кешенге, «білім» – ғылыми мұражайға, «мұхит» – сіздердің Астанадағы «Думан» ойын-сауық кешені секілді океанариумге айналды. Ал аймақтық Азор, Мадейра, Гвинея-Бисау, Макао аралдарының павильондары бүгінде тұрғын үйлер санатында. Бір қуанарлық жайт, көрме ресми түрде 22 мамырда ашылып, 30 қыркүйекте жабылды. Бірақ кейіннен ЭКСПО аумағы «Ұлттық саябақ» атауына өзгеріп, сол жылдың аяғына дейін туристерді тоқтаусыз қабылдаған. Өйткені, туристердің легі жыл аяқталғанша толастамаған ғой. Міне, ЭКСПО португалияның экономикасына осылай серпін берген. – Бір түсінбегенім АҚШ-тың Лас-Вегастай қаласына бергісіз Қытайға тиесілі Макао құмар ойындар қаласының Португалияға не қатысы бар? – Азияның оңтүстік-батысындағы Малакка, Молукк аралдары және Индонезияның бір бөлшегі, сонымен қоса, сіз айтып отырған қазіргі қытайлық Макао мен Шығыс Тимор аралдары 1998 жылы Лиссабонда ЭКСПО көрмесі өтіп жатқанда тағдырлары шешіліп, Португалиядан тәуелсіздіктерін алған аралдар. ЭКСПО көрмесі қарсаңында осындай да тарихи шешімдер қабылданған болатын. Рас, сол уақытқа дейін айтылған жерлер Португалияға қарасты болған. Керек болса, дәл қазіргі уақытта Макаода португал тілі – ресми тіл. – Еуропа жастары болашақтарына алаңдамайтын болуы керек. Дамыған елдер шоғырланған аймақта жұмыс табу да қиынға соқпайды деп ойлаймын. – Еуропалық Одаққа ұмытпасам, 27 ел мүше. Әр елдің өз мәселесі басынан асып жатыр. Бір елдің экономикасы еселеп өсіп жатса, екінші елдің экономикасы кері кетіп жатыр. (Анау Таяу Шығыстан бассауғалаған сансыз босқындар олардың бас ауруына айналды). Теледидардан көргендеріңіздей, шетелдіктер еңбек демалысында экзотикалық аралда демалады деп сеніп қалмаңыздар. Тұрмыстың тауқыметі олардың да жүйкелерін әбден жұқартып жіберген. Сіздің ойыңызша, мен шетелде демалып жүрмін бе, қайдағы, мен ақша бар жерде күнімді көріп, бала-шағамды асырап жүрмін. Оны қойшы... Оданда Португалия жастары жайлы айтайын. Біздікілер ең бірінші ағылшын тілін үйренеді, сосын өздерін асырау үшін Еуропаның басқа елдеріне кетіп жатыр. Португалдық жастардың да отбасын құрып өз елінде тыныш өмір сүргілері келеді, бірақ солай етейін десе елде не жастар бағдарламасы, не жас отбасылар бағдарламасы дұрыс жұмыс істемейді. Жастар үшін әлеуметтік жеңілдіктер жасалып жатқанын көре алмадым. Олар жергілікті жұмыс берушілердің төлейтін айлықтарына қанағаттанбай шетел асып, сонда тұрақтап қалуға тырысады. Осы Таразда базарға барғанда қаншама қырғыздардың осы жерде нан тауып, күнін көріп, байып жатқанын көрдім. Назарбаев мектебінің айналасында түрлі коттедждер соғылуда. Мен «қазақтар мықты құрылысшы» десем «өзбектерге соқтырамыз» дейсіздер. Олар да жұмыс бар жерде жүруге тырысады. Ал қазақ жастары болса, шетелге тек білім алу үшін ғана барады. Бұл – үлкен жетістік. Ал жалқаулар, еріншектер, тіл мен жағына сүйенгендер барлық жерден табылады. – Күйеуіңіз Джордж қайда, немен айналысады? – Оның визасы Қазақстанда жұмыс істеуге жарамайды. Ол маған жұмыс істейді. Үйде. Тұрмыстық шаруалармен айналысады, маған көмектеседі. Бізде анау жұмысты сен істе, мына жұмысты мен істеймін деген түсінік жоқ. Біз – отбасымыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен, Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар