мұнда өнімнің жүзден астам түрі шығарылады
Тараздағы «Жамбылхимстрой» комбинаты осыдан 60 жыл бұрын облыстағы химия кәсіпорындарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін құрылған болатын. Кәсіпорын осы мерзімде құлдырау және өрлеу кезеңдерін бастан өткерді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында экономикалық қиындықтарға байланысты жұмысы уақытша тоқтап қалды. Бұрын осында бас инженер болып істеген Серік Аралбайұлы Талқанбаев оның базасында 2000 жылы «Жамбылхимстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, бағдарын сақтап қалды. Серіктестік темірбетон бұйымдарын шығарады, ағаш өңдеп, есік-терезе жасайды. Бордюр, поребрик және брусчатка өндіретін және техника жөндейтін механикалық цехтары бар. Құрылыс материалдарына қажетті құм мен шағалды Жамбыл ауданының аумағындағы карьерден алады. Сондай-ақ, қуатты арнайы желіде тауарлы бетон шығарады. Серіктестікте 2000 жылы 15 маман жұмыс істейтін, 7 бірлік техника бар еді. Серік Талқамбаевтың үздіксіз ізденісі нәтижесінде кәсіпорын әлеуеті жыл сайын артып, материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Бүгінде мұнда халық шаруашылығына қажетті темірбетонның жүзден астам түрі өндіріледі. Олар еліміздің су шаруашылығы үшін сыйымдылығы 50 текше метрден 10 мың текше метрге дейін бетон құрастырмалар шығарады. Елімізде осындай материалдарды «Жамбылхимстрой» және Қапшағайдағы зауыт қана өндіреді. Бетон құрастырмалар Қазақстанның барлық аймақтарына өткеріледі. Тауарлы бетонға да сұраныс жоғары. Қазір Тараздағы «Арай» тұрғын-жай алқабындағы көп қабатты үйлерге «Жамбылхимстрой»-дың тауарлы бетоны пайдаланылуда. Серіктестіктің аттестатталған зертханасы бар. Өндірілген тауарлардың барлығы осында тексеруден өткізіледі. «ИСО-9001» сапа менеджменті жүйесін осыдан он жыл бұрын енгізген. Темірбетон құю үшін олар сымтемірді ғана Ресейден жеткізеді. Қалған материалдар облыс аумағы және елімізден әкелінеді. Соның нәтижесінде мұнда қазақстандық қамту 97 пайызды құрап отыр.
Компания басшылығы ескі техника мен жабдықтарды жаңартуға ерекше көңіл бөледі. Бұл мақсатқа жыл сайын 20-22 миллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде қазір серіктестіктегі техника саны 30 бірлікке жеткен. Оның 60 пайызы жаңа. Жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты жыл сайын жаңа жұмыс орындары құрылуда. Қазір мұнда 100 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 100 мың теңге. Жұмысшылардың айлық жалақысы соңғы 15 жылдан бері бір күн де кешіктірілген емес. Серіктестікте өткен жылдың қорытындысында 505 миллион теңгенің құрылыс материалдары шығарылған. Несиелік қарызы жоқ. Салыққа және міндетті төлемдерге ақшаны уақтылы аударып отырады. Серік Аралбайұлының өндірісті өркендету мақсатындағы жоспары көп. Кәсіпорын басшылығы бағасы қолжетімді, арзан әрі сапалы тауарлар өндірудің жолдарын үздіксіз іздестіруде. Бұл бағытта өндіріске инновациялық жобаларды көптеп енгізуге күш салуда.
«Жамбылхимстрой» ЖШС өткен жылды аз да болса табыспен қорытындылаған. – Біздің табыспен жұмыс істеуімізге мүмкіндігіміз мол. Әйтсе де оған дебиторлық қарыздың көбейіп кетуі қолбайлау болуда. Бірқатар құрылыс компаниялары бізден алған құрылыс материалдарына жарты бағасын төлейді де, қалғанын ұзаққа созып жібереді. Қарыздарын 10 жылдан бері төлемей жүргендері де бар. Біз олардың істерін құзырлы органдарға беріп жүрміз. Әйтсе де, олар оны қайтаруға құлықсыз. Бірқатар сот орындаушылардың әрекеттері мүлде сын көтермейді. Елімізде осы мәселе дұрыс жолға қойылмаса, құрылыс материалдарын өндірушілер құлашын жаза еңбек ете алмайды, – дейді «Жамбылхимстрой» ЖШС директоры Серік Талқамбаев.
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ақылжан мамыт,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді