Басқа салалармен қатар құрылыс та қарқынды дамуда. Тәуелсіздік жылдары еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, қаншама алып құрылыстар бой көтерді. Олардың ішінде тұрғын үй құрылысы, мектеп, балабақша, аурухана, емхана, басқа да өндіріс нысандары бар. Әрине, мұның бәрі – құрыш қолды құрылысшылардың төккен тері мен аянбай еткен еңбегінің жемісі. Кейінгі кезде республика көлемінде бірқатар құрылыс нысандарында ақаулар анықталып, келеңсіз жайлар орын алып жатыр. Мұның өзі құрылысшылардан құрылыс нормалары мен ережелерін қатаң сақтап, жұмыс сапасына ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Алайда, осы ақаулар мен кемшіліктер, атап айтсақ, құрылыс сапасының төмендігі, нысанның белгіленген уақтысынан пайдалануға кеш берілуі, бөлінген қаражаттың толық игерілмеуі әлі де кездеседі. Мұның бәрін тек құрылысшылардан көру дұрыс емес. Нысанның құрылысын жүргізу кезінде олар көптеген қиыншылықтарға кездеседі. Төменде солардың біразына тоқтала кетейін. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, нысанның құрылысы жобалық-сметалық құжат бойынша басталады. Қазіргі кезде сол жобалық-сметалық құжаттың сапасы өте төмен. Өйткені, жобалаушы мекеме өткен ғасырдағы 70-80 жылдары жасалған жобаны пайдаланып, аз ғана түзету енгізіп бере салады. Онда кейінгі шығып жатқан заманауи құрылыс материалдары енгізілмейді, кейбір өзгерген құрылыс нормалары мен ережелері сақталмайды, нысан соғылатын орын толық зерттелмейді, пайдаланушы мекемелермен жоба келісілмейді. Құрылысшылардың уақыты көбінесе осы мәселелерді шешу үшін жобалаушы мекемемен келісім алуға кетеді. Көбінесе жобада көрсетілген технологиялық құрал-жабдықтар маркасы ескі, қазіргі уақытта өндірісте шығарылмайтын құрал-жабдықтар да кездеседі. Жобада бар кейбір құрылыс-құрастыру жұмыстары сметалық бағада қарастырылмайды. Осылардың барлығы құрылысшылар үшін үлкен қолбайлау. Құрылыс саласы үнемі ізденісті қажет ететін үлкен сала. Бұрын бұл іспен айналысатын мамандандырылған он шақты министрлік, олардың арнайы мамандандырылған жобалау институттары болды. Қазір барлық құрылыс саласымен бір ғана комитет айналысады. Олардың жобалау мекемелерімен айналысуға еш мүмкіндігі жоқ. Кейбір жобалау мекемелерінің базасы өте төмен, тұрақты кәсіби мамандары жоқ, жұмыс табылған жағдайда сырттан уақытша мамандар жалдайды. Сондықтан, жобалау мекемелері өздерінің мүмкіндіктерін қарап, бір салаға мамандандырылса, ал мемлекеттік сатып алу конкурсында осыған көбірек көңіл бөлінсе дейміз. Жобалау мекемелерінің жұмысына сараптама жасайтын, әр сала бойынша мамандандырылуға көмектесетін, әдістемелік нұсқау беретін қоғамдық негізде болса да кеңес құрылса дұрыс болар еді. Өйткені, тапсырыс берушілер – әр саладан, құрылыс мекемелерін айтпағанда денсаулық, энергетика, жол құрылысы, спорт тағы басқалар. Олардың біткен жобалық-сметалық құжатты тексеріп қабылдауға толық мүмкіндігі жоқ. Себебі, бір нысан құрылысында әртүрлі жұмыс кездеседі. Мысалы, құрылыс, технология, жарық, су, кәріз жүйелері, вентиляция және жылу, сыртқы инженерлік құрылыстар дегендей. Сондықтан, тапсырыс иелерінің сметалық бағаны тексеруге шамалары жоқ, мамандар жетіспейді. Ал мердігер құрылысшылардан тек жобалық-сметалық құжат бойынша нысан құрылысын жүргізу талап етіледі. Құрылысшы мамандар жобаға заманауи талапқа сай өзгеріс енгізгісі келсе, ол қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Бұған, әрине уақыт кетеді әрі құрылысшыларға қолбайлау болады. Облыс көлемінде құрылыс саласын өркендетуге өз үлесімізді қалай қосамыз деген құрылысшыларға бұл мәселе үлкен ой салады деп сенемін.
Дәулетхан ӘЛІПБАЕВ, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ның бөлім бастығы, құрылысшы-инженер.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді