Бүгінде облысымыздың кез-келген шалғай ауылына бара қалсаң, тұрмысы түзелген елді мекендерді, жағдайы жақсарған тұрғындарды көріп, көңіліміз тойып, марқайып қаламыз. «Баптай білсең – жер жомарт» демекші, егіншілікпен айналысып, еңбектеніп, ата-кәсіп арқылы көсегелері көгеріп отырған шаруалар аз емес. Солардың бірі – Жуалы ауданындағы «Шымыр» шаруа қожалығы. Аудан орталығынан жиырма бес шақырымдай қашықтықта орналасқан Ақтөбе ауылына қарасты шаруа қожалықтың бүгінде иелігінде 78 гектар жері бар. Қожалық жетекшісі Күлзина Сәдірова жасы сексенге таяп қалса да, істің басы-қасында өзі жүріп, бәрін бақылауда ұстайды. Жастайынан еңбекпен есейген әже жұбайы Сайлау Шымыров ақсақал екеуі қожалықты аяқтан тұрғызып, жұмысын жүйелеуде көп бейнеттенген. – Кезінде зайыбым екеуміз де талай жылдар бойы совхозда қызмет еттік. Сиыршы, тіркеуші, экспедитор, қоймашы секілді жұмыстарды атқардық. Сөйтіп жүріп дүниеге келген алты ұл-қызымыздың барлығын оқытып, жоғары білім әпердік. Кейін совхоз тараған соң өзімізге тиесілі жерімізге басқа да азаматтардың жерін жалға алып, егіншілікпен айналысуды мақсат тұттық. «Шымыр» шаруа қожалығын құрып, шаруамыздың жобасын жасадық. Қорамыздағы мал санын да біршама еселедік. Он сиыр, он бес жылқы, екі жүздей қойға жеткіздік, – дейді Күлзина Сәдірова. Бүгінде ерлі-зайыптылар егінші шаруалардың ұлдары түрлі мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлестерін қосқан азаматтар десек, төртінші перзенті Қайрат қара шаңырақтың түтінін түтетіп, әке-шешенің салған сара жолын жалғап келеді. Бүгінде шаруа қожалықтың көп жұмысы Қайраттың мойнына жүктелген. Су шаруашылығы маманы ол қазіргі таңда аудандағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы. – 78 гектар жеріміздің бір бөлігінде бос жатқызбаймыз. Бәрін жылда тиімді пайдаланып, түрлі дақылдар егіп келеміз. Биыл бидайды – 20, арпаны 50 гектар алқапқа, қалған аумаққа картоп пен жоңышқа егіп, мол өнімге кенелдік. Жауын-шашынның жақсы түсуіне байланысты төккен теріміздің өтемін еселеп қайтардық. Бидайдың әр гектарынан 20 центнерден, арпадан 28 центнерден алдық. Жиған өнімдеріміздің бәрін өз қоймамызға сақтап отырмыз. Бұйыртса алдағы уақытта сатылымға шығарамыз. Картопты жинау маусымында қырық-елу адамды уақытша жұмыспен қамтамасыз етіп, оларға күндігіне 2000 теңгеден беріп отырдық, – дейді Қайрат Сайлауұлы. Сондай-ақ, ол өздеріне қажетті барлық техниканы сатып алғандықтарын айтады. Комбайн, дән сепкіш, соқа, тіркеме, қопсытқыш, күрегіш секілді барлық техникасы бар шаруа қожалық жуырда ғана жап-жаңа «МТЗ 82-1» тракторын сатып алыпты. Егістік жұмыстарында ешкімнің техникасына жаутаңдамайтын Қайрат қалың қар түскенде ауылдағы жолдарды күреп, көршілеріне қарайласып тұрады екен. Сексеннің сеңгіріне жетсе де Сайлау ата мен Күлзина әжей әлі де тың, әлі де ширақ. «Еңбек етсең емерсің» деген мәтелді ту қылған олар осы жасқа дейін қос қолдарынан күрек пен айырларын тастамаған. Ұлдарының қолы жұмыстан босамағанда үйдегі төрт түлікті өздері жайғастырып, баптай береді екен. Демалыс күндері қаладағы ұл-қыздары мен күйеу балалары түгел жиналып, үй шаруасын бір қолдың саласындай болып, ынтымақпен атқарып тастау да бұл әулетке әдетке айналған. Үй артындағы өздерінің бақшаларына осыдан төрт-бес жыл бұрын отырғызған алма көшеттері ағымдағы жылы молынан салып, ырыстары арта түсіпті. Жанұялық шаруа қожалықтың шаруасын келістіріп, ырысқа кенеліп отырған Шымыровтар әулеті «Берекенің бастауы – бірлік, бірліктің бастауы – тірлік» екенін дәлелдеп келеді.
Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді