«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бай болсаң - еліңе пайдаң тисін

Бай болсаң - еліңе пайдаң тисін
ашық дереккөз
Бай болсаң - еліңе пайдаң тисін
%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%b8%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d0%b8-2Қазір ауданның қай ауылына жолыңыз түспесін, түлеген, жаңарған тірлікті сезінесіз. Рас дағдарыс жылдары ауыл жүдеп, адамдары тығырыққа тіреліп еді. Бұрынғы колхоз, совхоздар тарап, мал-мүлік жекешеленіп, ертеңгі күнге деген сенім азайған еді. Алайда, мемлекеттің тарапынан қолға алған дұрыс саясаттың арқасында ауылдықтар ол қиыншылықтан құтылды. Бұл күнде тірлігі оңды ауылдардың ажары артып келеді. Осы жылдары жұрт қай жерде болмасын тек еңбек, тірлік еткен ғана шаруасын оңдап, тұрмысын түзейтініне көз жеткізді. Жұмыла еңбек ететін кез жеткенін ұқты. Барлық қиыншылықтан тек еңбек қана құтқаратынын білді. Осындай ауылдардың бірі – Абай ауылы еді. Бұл ауыл тұрғындары қазір мыңғырта мал ұстап, егін егіп, жеке кәсіптің тірлігіне төселіп қалды. Әсіресе, ауыл тұрғындары осындағы «Бапыш-Сейсенбай» шаруашылығының оңды тірлігіне дән разы. Өйткені, бұл қожалық ауыл тұрғындарының біразын тұрақты жұмыспен қамтып, еңбек етіп, нәпақа табуына мүмкіндік жасап отыр. Бұл қожалықты осы ауылда ұзақ жыл еңбек етіп, колхоз экономикасының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Сейсенбай Рәпілбеков іргесін қалап, аяғынан тік тұрғызып еді. Осы колхозда тауарлы сүт фермасының меңгерушісі, қызылша өсіретін бригаданың бригадирі, астық қоймасының меңгерушісі болып істеп, шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген Сейсенбай қария 90-жылдары колхоз тарағанда белді бекем буып, ауданда алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрды. Ә, дегенде ауылдан диірмен тұрғызды. Бұрын ұн тартқызу үшін Түймекент, Асаға баруға мәжбүр ауыл тұрғындары енді ол жаққа сенделмейтін болды. Бұл дағдарыс жылдары көпшілікке үлкен демеу еді. Сейсенбай қария дүниеден өткен соң қожалықтың жұмысын ұлы Сәкен қолға алып, жалғастырып келеді. Жасынан шаруақор әкенің тындырымды ісін көріп өскен Сәкен шаруаны дөңгелетіп әкетті. Бұл күнде қожалықтың иелігінде 784 бас асыл тұқымды мүйізді қара, 6500 бас қой, 930 бас жылқы және 15 бас түйе бар. Осыншама малды бағып-қағу үшін қора-жай, үй-жай, малсақ малшылардың жағдайын жасап отыр. Бұрынғыдай емес, қазір төрт түлік малды өсіргенге мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау көрсетілуде ғой. Осыған орай «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларынан қажетті қаржы алып, мал түрін асылдандыруда. Өйткені өсірген малыңның тұқымы жақсармай, табыс та болмайтынына әлдеқашан көзі жеткен Сәкен осы бағытта еңбек етуде. Биыл қожалық мың гектар алқаптың 430 гектарына күздік бидай, 450 гектарына арпа еккен. Егіннің әр гектарынан 25 центнерден өнім алып, табысқа қол жеткізді. Қожалықтың 211 гектар суармалы, 483 гектар тәлімі және 4157 гектар жайылымдық жері бар. Осы жерлердің күтімін ұлғайтып, ұқсату оңай шаруа емес. Мал тұяғы тоздыратын жайылымдықты күтіп ұстау бағытында оңды тірліктер бар. Сәкен Рәпілбеков аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Өзі депутат болып сайланған округтің мұң-мұқтажымен жіті таныс. Оның қордаланып қалған түйінді мәселелерін шешуде елгезектік танытуда. Ауыл жолдары, көшелері, ауызсу мәселесінде әлі де шешімін таппаған проблемалар баршылық. Ол біртіндеп өз шешімін табу үстінде. Еңбегі өнімді қожалықтың шарапаты ауылға да тиюде. Осында еңбек ететін ауылдың 25 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Еңбекақысы уақтылы төленіп тұрады. Мерекелерде сый-сияпат жасалынып, төбелері көкке жеткендей болатын қожалық еңбеккерлері дән риза. Қыстың көзі қырауда мал қыстатып отырған малшылардың қора-қопсысы сайлы, жемшөбі жеткілікті. Қар басып қалғандай болса, қуатты техникалар да дер кезінде жетеді. «Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң – еліңе пайдаң тисін» дегендей, осындай қожалықтар ауыл сайын көбейсе, ауыл тұрғындары түгелдей еңбекпен қамтылып, алаңсыз өмір сүрер еді ғой. Қай ауылға барсаңыз да ауыл тұрғындары осыны айтады. Олай болса, тірлігі оңды «Бапыш-Сейсенбай» шаруашылығы сынды қожалықтардың қатары көбейе берсін.

Есіркеп Серікбайұлы, ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар