Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров атындағы ауылдық округіне қарасты Тамабек ауылында Мәскеу билігі тұсында әлеуметтік мәселелер толық шешімін таппаған болатын. Ауылда сонау елуінші жылдардың басында салынған, кейін оның өзі де өртеніп, қайта жөнделген ескі мектеп үйі бар еді. Ал кітапхана мен медпункт тар бөлмелерге орналасқан-ды. Жетпісінші жылдардың соңында салынған клуб үйі болмашы ақшаға жекешелендіріліп кетті. Ауызсу мәселесі де шешілмеген, әркім өз бетінше құдық қазып, ащы сумен амал жоқ күн көретін.
Ауылдың бұрынғы аты Амангелді деп аталатын. Ол бір кездері Чкалов, Амангелді, Ынтымақ колхоздарынан құралған болатын. Міне, осы ауылдан сол кездегі мал шаруашылығы саласындағы ерен еңбегі үшін Дәдебай Байқонысов, Мұратбек Тәшкентбаев, Байқошқар Мүсірәлиев, Қартабай Атшабаров, Жаманқара Аманбаев, Әбзелбек Бижанов, Әмір Туғанбаев, Тілеп Қыдырбаев, Орман Қасымбеков, Дүкенбай Оразбеков, Әжібек Тұтқышбаев сияқты 11 атамыз Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев (кейіннен Ойық ауылына көшіп кетті), Рафаэль (Рәпілбек) Ниязбеков, филолог-ғалым Жанғара Дәдебаев (Социалистік Еңбек Ері Дәдебай Байқонысовтың ұлы), кейінгі талантты ақын, жазушылар Нарша Қашағанов, Шорабек Айдаров, Серік Томанов, Әбділдә Серсенбиев, Телғара Үсенбаев, облыстық қазақ драма театрының белгілі әртісі болған, Құрмет орденінің иесі Спандиярбек Мұқышев және ата-бабалары осы ауылда туып-өскен белгілі спортшылар Олжас Сәттібаев, Ұлан Қонысбаевтармен де мақтанамыз. Десек те, ауылдың әлеуметтік жағдайына кеңес өкіметі лайықты көңіл бөлмегені шындық екенін жасыра алмаймыз. Ауылымыздан батырлар мен ақындар, дарындар мен ғалымдар, білікті басшылар мен хатшылар көп шыққанымен, халықтың тұрмысы өркениет талабынан көш кейін қалып қойды. Өйткені, Мәскеу одақтардағы ауылдарға көңіл бөлмеді. Елімізді шикізат қоры ретінде ғана пайдаланды. Ферманың бар малы мемлекеттік меншікте болды. Әр отбасы қорасында бар болғаны 10-15 қой, 1 сиыр, 1 жылқы ұстап қана күн көретін. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң ауыл халқы біраз қиыншылықты бастарынан кешірді. Мемлекет мүлкі жекешелендіріліп, кешегі малшылар мен механизаторлар жұмыссыз қалды. Халық жалақысын ала алмай, жұмыссыздықтан елдің алды қала жаққа көше бастады. Сондай қиын-қыстау кезеңде Елбасымыз кемеңгерлік көрсетіп, халықты жеке кәсіппен айналысуға шақырды. Соның арқасында шаруа қожалықтары құрылып, мал өсіру, егін егу қолға алынды. Жаңа кәсіп иелері шыға бастады. Жұмыстың көзін тапқандар аз уақыт ішінде-ақ мыңғыртып мал өсіріп, байып шыға келді. Мал басының көбеюіне мемлекеттік бағдарламалардың өмірге келуі көп пайдасын тигізді. 1998 жылы елді мекен атауы ауданның біртуар азаматы Тамабек Қартабаевтың есімімен аталды. Талас ауданының экономикасы мен әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөліп, терін төккен ол осы Амангелді ауылынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Қартабай Атшабаровтың ұлы болатын. Қазір ауылдағы қалаға көшу үдерісі тоқтаған. Соңғы санақ бойынша Тамабек ауылында 85 отбасы тұрады. Ауылда жаңадан салынған 1 орта мектеп, 1 медициналық пункт бар. Сондай-ақ, 1 кітапхана жұмыс істейді. Иманы саламат болсын, осы ауылдан шыққан танымал басшы Берден Байқошқаров өзінің жеке қаржысына Дінмұхамед Қонаев атындағы жаңа мешіт үйін салдырып берді. Мақтанышпен атап айтарымыз, осы аталған заманауи нысандар Тәуелсіздіктің арқасында бой көтерді. Қаладағы нысандардан еш кем емес Амангелді орта мектебінде 120 оқушы білім алады және осы мектептің қасында 50 бүлдіршінге арналған шағын орталық жұмыс істейді. Иә, Тәуелсіздіктің арқасында ауылдың бет-бейнесі бүтіндей өзгерді. Әдемі үйлер салынды. Облыстық мәндегі жолдың Сәду Шәкіров пен Ойық ауылы арасындағы 20 шақырым жолы және ауылдағы 1 көшеге асфальт төселіп, екі көше ағымдағы жөндеуден өтті. «Таза су» бағдарламасы бойынша әр үйге ауызсу құбыры тартылды. Әр үйге табиғи газ берілді. Амангелді атындағы орта мектебінің қазандығы табиғи газға қосылды, ішкі көшелер жөндеуден өткізілді. Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған боздақтарға арналған ескерткіш абаттандырылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін қатты қалдықтар тастайтын орын белгіленіп, қоршалды. 2012 жылы Тамабек ауылының шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының үй қасындағы шарбақтарын суару үшін «Жұмабек» каналына су келтіру мақсатымен Талас өзеніне тоспа жасады. Ел Тәуелсіздігінің арқасында ел бақуаттанды. Бүгінгі таңда Тамабек ауылында 15 000 бас қой-ешкі, 100 басқа жуық түйе, 250 бас жылқы, 1500 бас сиыр бар. Кешегі Еңбек Ерлерінің ұрпақтары ата-баба дәстүріне адалдықтарын танытып, аудандағы ең бақуатты, табысы тасыған ауылға айналып отыр. Еселі еңбектерінің арқасында еліміздің азық-түлігін молайтуға зор үлес қосуда. «Осының барлығы Елбасының – Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатының арқасында жасалынған жақсылықтар» дейді ауыл халқы бірауыздан.
Нұрбол КӨПӘДІЛОВ, Сәду Шәкіров ауылдық округінің әкімі.
Тамабек ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді