«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Лаула, лаула, Аманкелді алауы!

Лаула, лаула,  Аманкелді алауы!
ашық дереккөз
Лаула, лаула, Аманкелді алауы!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өтпелі кезеңде елімізде барлық салада қиындықтар туындағаны белгілі. Көршіміз Өзбекстан елімізге бөлетін «көгілдір отын» бағасын жиі өсіреді. Сондықтан, еліміздің газ шаруашылығында шешімін күткен күрделі жағдай қалыптасты. Оңтүстік облыстардың, оның ішінде облысымыз тұрғындары ағаш, тал-дарақты кесіп жақты. Көмірдің де жетіспеушілігі байқалды. Елбасының қолдауымен өзіміздің облыс аумағынан «Аманкелді Газ» кен орнын игеру жұмыстары қолға алынды. Осылайша, ел Президентінің дана шешімімен жамбылдықтар үлкен қуанышқа кенелді. Бұл Мемлекет басшысының біздің өңірге деген жанашырлығы, тікелей қамқорлығы деп бағалағанымыз жөн. Бұл өндіріс ошағы еліміздің газ шаруашылығы саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, оңтүстік өңір тұтынушыларына «көгілдір отын» жеткізуді және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы 2000 жылғы 12 желтоқсандағы көмірсутек шикізатын қосарлы барлауға және өндіруге арналған келісімшарт негізінде облыстың «Аманкелді Газ» кен орындары тобын игеруді бастады. 2003 жылдың 23 қазанында Елбасының қатысуымен «Аманкелді Газ» конденсатты кен орны салтанатты түрде ашылды. Аталған келісімшарттың мерзімі – 2031 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жобаны жүзеге асыру шеңберінде геологиялық барлау және сейсмикалық жұмыстар кешенін, қорларды есептеу, тәжірибелік-өндірістік пайдалану жобаларын, өндіру ұңғыларының құрылысы жобаларын және кен орындары нысандарын орналастыру мен өңдеуді қамтитын «Аманкелді Газ» ЖШС-ында нәтижелі істер жүзеге асырылуда. Кен аумағындағы табиғи газ қорлары 15 миллиард 520 миллион текше метрді құрайды. 2008 жылдың басынан бастап Аманкелді кен орны өндірістік өңдеу сатысынан өтті. 2014 жылдан бастап Жарқұм кен орны тәжірибелік-өндірістік пайдалануға берілді. Мұнда бүгінгі таңда бірнеше ұңғыдан өндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы басталған барлау кезеңі үш жылға созылады деп көзделіп отыр. Алғашында Аманкелді және Жарқұм кен орындарында ұңғылар саны аз болса, бүгінгі таңда мұнда 40 ұңғыдан табиғи газ өндіріледі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Айрақты-Жарқұм» өндірісішілік газ құбырын салу жұмысы аяқталып, Аманкелді, Жарқұм кен орындарынан үш ұңғы пайдалануға берілді. Бұл жағдай мұндағы газ өндірісінің орташа тәуліктік көлемін 1 миллион текше метрден астам деңгейде ұстауға мүмкіндік берді. Биыл «Аманкелді Газ» ЖШС кен орнында халықаралық стандарттарға сәйкес газ конденсатын химиялық талдауға арналған жаңа зертхана ашылды. Бұл жоба Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алға тартылған газ және газбен жабдықтау саласындағы міндеттерін орындау бойынша «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. «Аманкелді Газ» конденсатты кен орны оңтүстік өңірлердегі газ тапшылығын жоюға едәуір үлес қосып отыр. Осы кезге дейін «Аманкелді Газ» кен орнында өндірілген табиғи газдың көлемі 4 миллиард текше метрге жетті. Ал өндірілген газ конденсатының көлемі 300 мың тоннаны құрады. Аталған кен орны аумағынан өндіретін газ қоры шамамен әлі 40 жылға жетеді деп көзделуде. Облысты түгел табиғи газбен қамтуға және Алматы облысына да газ тасымалдауға мүмкіндік бар. Осылайша, Елбасының қолдауымен ашылған «Аманкелді Газ» өндіріс орны бұл күнде қанатын кеңге жайып келеді. Ел Президентінің тікелей қамқорлығымен ашылған аталған кәсіпорын облысымыздың жүздеген елді мекенін «көгілдір отынмен» қамтуға мүмкіндік берді. Осынау игілікті істерді де бақыт құсы болып қолымызға қонған Тәуелсіздіктің жемісі, елім деп еміренген Мемлекет басшысының көрегендігі деп есептейміз.

Қанат Құрманалиев, «Аманкелді Газ» ЖШС бас директоры.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар