«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ескек желден электр қуатын өндіру үйреншікті іске айналды

Ескек желден электр қуатын өндіру үйреншікті іске айналды
ашық дереккөз
Ескек желден электр қуатын өндіру үйреншікті іске айналды

Осыдан бес жыл бұрын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қордай асуында еліміздегі ең алғашқы желден электр қуатын өндіретін екі станса іске қосылған болатын. Бұл бастамалар уақыт өте келе жалғасын тауып, еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Виста-Интернешнл» ЖШС өндірістік қуаты 21 мегаватт болатын, жалпы сомасы 6362 миллион теңгенің жобасын іске асырды. 2014 жылдың соңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» тақырыбында өткен жалпыұлттық телекөпірде осы қордайлық жобаның 9 мегаватт болатын 1-кезеңінің аяқталуы ұсынылды. Телекөпір барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Елбасыға жобаның жүзеге асырылу барысы жайын «Виста-Интернешнл» ЖШС директоры баяндаған болатын. Өткен жылы серіктестіктің жел электр стансалары арқылы жалпы сомасы 1024 миллион теңге болатын 40 миллион 324 мың киловатт-сағат электр қуаты өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті жобалық 47 миллион киловатт-сағатқа жеткізбек. Келесі кезекте Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2015-2019 жылдарға белгіленген жобалары бойынша өткен жылы Қордай асуына біздің «ВетроИнвест» ЖШС келіп, жалпы өндірістік қуаты 53,75 МВт болатын жел электр стансаларын орнатуды бастады. Құны 12,9 миллиард теңгеге бағаланған бұл жобаның толық іске асырылу мерзімі 2017 жылдың соңы. Барлығы отыз үш қондырғы орнатылатын болса, оның отыз бірі – 1,65 МВт, екеуі – 1,3 МВт-лық. Қондырғылар толық жеткізіліп, олардың көпшілігі орнатылып, құрастырылуда. Бүгінде Қордай асуымен өтетін күре жол бойынан пайда болған биік мұнаралы жел электр стансаларының көбінің қалбағайы айналып жұмыс істеп тұрса, бірнешеуі әлі құрастырылып жатқанын көруге болады. Қазір мұнда елу жұмыс орны ашылған, құрылыс аяқталып жоба толық іске қосылғанда он үш адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жыл бойы жел толастамайтын Қордай асуы жел электр стансалары үшін бекер таңдалмаған. Экологиялық таза табиғи қуат өндірілетін аймақтарды анықтау бойынша алдын ала жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне орай, мұнда жел электр стансаларының шоғыры әлі де көбейетін болады. Алдағы уақытта мұнда «ИнсайдерГрупп» компаниясы жалпы қуаты 100 МВт болатын осы замандық жел электр стансалары желісін іске қоспақшы. Сөйтіп, Қордайдағы желден қуат өндіретін стансалар шоғыры оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын жоюға сүбелі үлес болып қосылмақ. Заманалар бойы желі азынап, аң мен мал тұяғынан басқаны білмеген, өткел бермес адуын асу айналасы бес жылдың ішінде заманауи «жасыл энергия» нысандары – желден қуат өндіретін стансалар мекеніне айнала бастады. Осылайша, Тәуелсіздіктің арқасында желдің өзін пайдаға асыратын инновацияға қол жетіп отыр.

Рустам Сагитов, «ВетроИнвест» ЖШС директоры.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар