Біздің басты байлығымыз, бақытымыз – Тәуелсіздігіміз. Егемен ел болғанымыздың арқасында ұлттық мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, дініміз қайта жаңғырды. Ал тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған татулық пен тұрақтылықтың арқасында бүгінде Қазақ елін барша әлем танып, мойындады. Осыған орай, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жүйке аурулар интернат үйінде «Қазақстан халықтарының достығы» атты бөлімаралық жарыс өтті. Оған аталмыш интернат үйінің қызметкерлері мен қызмет алушылары қатысты. Мекемедегі түрлі бөлімдерден жасақталған қатысушы топтар өңірімізді мекендейтін түрлі ұлттардың өнері мен мәдениетін көрсетіп, бақ сынасты. Атап айтсақ, «Бірлік» тобы түріктер, «Шапағат» тобы қырғыздар, «Достық» тобы орыстар, «Гүлстан» тобы өзбектер, «Татулық» тобы қазақтар, «Ынтымақ» тобы грузиндер болып киініп, сол ұлттардың әнін айтып, биін биледі. Шараның ашылу салтанатында сөз алған қазылар алқасының төрағасы, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Өмен Байшығашев жиналғандарды елдік мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Қазіргі таңда еліміздегі ауызбіршілік пен ұлтаралық келісімнің нәтижесінде бейбіт қоғамның бейнесі қалыптасты. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасыр аралығында еліміздің экономикасы дамыған, әл-ауқаты артқан, бірлігі бекемделген, тірлігі тындырымды, тұтастай достықтың, ынтымақтастықтың ордасына айналғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Осынау береке-бірлігімізді сақтай отырып, баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, Мәңгілік Ел болайық, – деді ол. Бұдан соң, топтар байқаудың ережесіне сәйкес бес түрлі сынға түсті. Таныстыру, ән, би, ұлттық киім, ұлттық тағам айналымдарында ретімен шығып, өнерлерін ортаға салған олар барынша биіктен көрінуге, көпшіліктің көңілінен шығуға тырысты. Қызметшілермен бірге қызмет алушылардың да жарысқа белсене атсалысқаны бізді сүйсінтті. Тартысты өткен жарыста «Ынтымақ» тобы бас жүлдені жеңіп алса, «Гүлстан» тобы бірінші орын биігінен көрінді. Ал, екінші орынға «Достық» пен «Бірлік» топтары, үшінші орынға «Шапағат» пен «Татулық» топтары лайық деп табылды. Жеңімпаздарды №1 Жүйке аурулар интернат үйінің директоры Мұрат Бердалиев марапаттады. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ж. Сембайұлы, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді