Мыңғырған малымыз да, өркендеген өндірісіміз де бар
- author «Ақ жол»
- 12 желтоқсан, 2016
- 253
Бақытжан НҮРКЕНОВ, аудан әкімі.
Биылғы жыл еліміз үшін айрықша елеулі оқиғаларға толы. Оның ішінде ең бастысы, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап өткен егемендікті еншілегенімізге 25 жыл толуы мерейтойын атап өткелі отырмыз. Осынау ширек ғасыр – тарих үшін қас қағымындай ғана уақыт ішінде жаңа қалыптасып, аяғына қаз тұрған тәуелсіз жас мемлекетіміздің бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтуда атқарылған айрықша ауқымды жұмыстарды бірер сөзбен айтып жеткізу де қиын. Қиындықтармен де бетпе-бет келдік.
Елбасының сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының арқасында сандаған тығырық, дағдарыстан жол тауып шыға алдық. Тәуелсіздік туы аясында ынтымақ, бірлікпен жұмыла еңбек еттік. Қазақстан «елулік межені» бағындырып, тұрақты даму жолына түсті. Елбасының әлемдегі дамушы 30 елдің қатарына ену жөніндегі 5 реформа «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру ісі басты мұратымызға да айналып отыр. Біз, сөз жоқ, Ұлт жоспарында белгіленген меже мен міндет үдесінен шығатын боламыз. Оған елімізде, оның ішінде облыс, ауданда да мықты іргенегіз қаланды. Алда – нұрлы болашақ! Бұған біздің ауданымыздың мысалынан да айқын көз жеткізуге болады. Аудандағы тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жетістік, ол – маң даланың қайта малға толып, өндірісті өңірге айналғандығы. Әсіресе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қабылданып, жедел нақты іс жүзіне асырыла бастауы өңіріміздің дамуына соны серпін берді. Соның арқасында біздің ауданымыз аумағында да бірқатар инвестициялық бірегей ірі жобалар қолға алынды. Шетелдерден көптеп инвестиция тартудың нәтижесінде алтынға, малға бай Мойынқұм енді өндірісі өркендеген өңірге айнала бастады. Франциядағы әлемнің 11 елінде цемент өндіретін зауыттары жұмыс жасайтын «VICAT» тобы компаниясының таңдауы басқа емес, ауданымыз аумағына түсуі жайдан-жай емес. Аталған компания бізді сенімді әріптес ретінде танып отыр. Мойынқұм тоғыз жолдың түйіскен торабы, шикізаттық қоры мол әрі инвестициялық ахуалы да қолайлы. Осы жағдайлар ескеріліп, Балқаш көлі жағалауы, Мыңарал ауылында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның Мыңарал цемент зауыты бой көтергені белгілі. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың маусым айында телекөпір арқылы салтанатты түрде ашып, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірдегі алғашқы қарлығашы деп атап өткен-ді. Жалпы құны 34,9 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаты 1,2 миллион тонна цемент өндіруге есептелген бұл нысан бүгінде облыстағы ірі кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Зауыт өнімінің көлемі жылдан-жылға өсу үстінде. 2011-2013 жылдар аралығында жылдық қуаты деңгейінде жұмыс істеген болса, 2014 жылы өнім көлемін 1 270 мың тоннаға дейін жеткізді. Мұнда цемент шығару ісіне 243 адам жұмылдырылып отыр. Кәсіпорынның басқа да жұмыстарына қосымша 300-ден астам адам тартылған. Жалпы, ауданымызда 2010-2014 жылдары аймақтық Индустрияландыру картасына жалпы құны 51,9 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба енгізілген. Оның бірі – «Ақбақай алтын алу фабрикасын қайта жаңарту» жобасы. Оны кезіндегі «Ақбақай кен байыту комбинаты», қазіргі «Алтыналмас АК» АҚ-ның Ақбақай филиалы жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорын бағзы кездері мемлекеттің алтын қорын жылына 200 килограмм алтынмен толтырған болса, енді жылына 1000 килограмм алтын өндіру әлеуетіне ие. Жалпы 2011 жылдың маусым айында тұсауы кесілген жобаның жылдық қуаттылығы 1 миллион тонна кен өңдеуге есептелген. Кәсіпорын үстіміздегі жылдың 9 айында 1 247 килограмм алтын, 326 килограмм күміс өндіруге қол жеткізді. Жалпы, жоғарыда аталған кәсіпорындар жергілікті қазынаға қомақты көлемде салық төлемдерін аудару арқылы ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсаруына да өзіндік үлестерін қосуда. Мекемелер мен жеке азаматтарға қайырымдылық шаралары мен демеушілік көмектер де көрсетеді. Аудан халқын жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейі төмендетілуіне де зор ықпал етуде. Бүгінде 1,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мойынқұм өңірінің жер асты байлығы ұшан-теңіз. Менделеев кестесіндегі элементтердің бірталайы кездеседі десе де болады. Бұл тұрғыда асыл тастарды өңдеу де жүйелі жолға қойылған. Үш бірдей шағын кәсіпорын гранит тасын өндіру мен өңдеуді кәсіпке айналдыруда. Оның бірі – Аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген, 2010 жылы алғашқы өнімін шығарған «Альбасар» ЖШС. Жылдық қуаты 4900,0 текше метр гранит өнімдерін өндіруге есептелінген, жобалық құны 570 миллион теңгені құрайтын зауыт тұрақты жұмыс істеп, бүгінде 42 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда граниттен бордюр, брусчатка секілді құрылысқа қажетті алуан түрлі өнімдер өндіріліп, өңделеді. Зауыт өнімдері еліміз өңірлерінде бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар мен елордамыз Астана қаласындағы ЭКСПО қалашығының құрылыс нысандарына пайдаланылуда. Мойынқұмнан шыққан мұндай байлық ел игілігіне айналып жатқаны аудан тұрғындарын да қуанышқа бөлеп отыр. «Хантау» цемент зауыты да тәуелсіздік жылдары іске қосылған. Онда жылына 500 мың тонна цемент өндіріледі. Зауыт 8,2 миллиард теңгенің заманауи технологияларымен жарақтандырылған. Мұнда, негізінен құрылыста кеңінен пайдаланылатын жоғары сапалы М-400 Д-20, М-500 ДО цементтерін шығару жолға қойылып отыр. Кәсіпорында 306 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың жартысынан астамы жергілікті тұрғындар. Зауыт үстіміздегі жылдың 9 айында 205,5 мың тонна цемент өнімін айналымға шығарды. Өнімнің сапасы жоғары, айрықша сұранысқа да ие. 2015-2016 жылдары Аймақтық индустрияландыру картасына 2 542 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізілген. Оның ішінде мырыш және қорғасын концентратын өңдеу, сульфат натрийі мен техникалық тұз, гранит өндіру жобаларының болашағы зор деп саналуда. Кәсіпорындар толықтай іске қосылғанда бірнеше ондаған жұмыс орындары ашылмақ. Ауданның Мыңарал ауылында екі жыл бұрын ашылған балық өңдеу зауыты да бүгінде өз жұмысын жандандыру үстінде. Мұнда жылына 1,5 мың тонна балық өнімдері өндіріледі. Зауытта 200 адам жұмыс істейді. Міне, мұның барлығы да ширек ғасыр ішінде жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауданымыздың өндірісті өңірге айналғандығының нақты айғағындай. Өндірістің жайы осындай. Өрісіміздің қайтадан төрт түлік малға толып, ауданның Ж. Қуанышбаев бастаған малшылары асқақтатқан байырғы даңқын қайта оралтудың да қамы жасалуда. Ең бастысы, ата кәсіп – мал шаруашылығын дамыту ісіне ден қойған кәсіпкерлеріміз қатары көбейіп тұр. Оларға мемлекет тарапынан да қолдаулар аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ауданда төрт түліктің барлық түрі бойынша да айтарлықтай өсім байқалуда. Бүгінде мүйізді ірі қара – 29 735, қой-ешкі – 154 825, жылқы – 7 523, түйе 1 121 басқа жетті. Мал санының көбеюіне «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларының ықпалы айрықша елеулі болып тұр. Мұндай мүмкіндікті халық та мүлт жібермей тиімді пайдалануда. Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту ісі де жандана түсті. «Агрофирма Түрікпен» ЖШС «Құлан» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алып, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде серіктестік иелігінде 1560 жылқы мен 896 қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара малы бар. Алдағы бірер ай ішінде мұнда тағы да қалмақ тұқымды 3000 мүйізді ірі қара және ет бағытындағы 3000 бұқа әкелінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, келер жылы «Мойынқұм Откорм» ЖШС мал шаруашылығын дамыту мақсатымен 126 гектар аумақта 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастамақ. Аталған серіктестіктің жайылымдығы да сайлы, егістік жері де бар. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіруді, сондай-ақ, бірқатар ұсақ шаруа қожалықтарын маңайына топтастыруды да діттеп отыр. «Мойынқұм Асылтұқым» ЖШС де 403 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіруде. Үш серіктестікте де мүйізді ірі қараның ақ бас, әулиекөл, герефорд, қалмақ тұқымдары санын көбейтуге бағыт ұсталынып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыруда ауа райының қолайсыздығына тәуелді емес тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолданудың маңызы зор. Бұл тұрғыда тауар өндірушілер арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Биыл Кеңес ауылындағы «Ақ ниет» шаруа қожалығы 29 гектар жерге қызанақ егіп өсіруде тамшылатып суару тәсілін тиімді пайдаланды. Мойынқұм ауылына «НұрТранссервис» ЖШС басшысы Пернебай Рысымбетов 3 тонналық сүт жинайтын танкер орнатуды қолға алып отыр. Жеке кәсіпкер Кендебай Тынышбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы сүт өңдейтін цех ашуға қызу кірісуде. Мұның барлығы да аудандық кәсіпкерлер палатасының тынбай еңбектеніп, ізденуінің жемісі деп білеміз. Ауданның білім саласында да атқарылған іс көп-ақ. Жергілікті бюджет есебінен жыл сайын жеткілікті қаражат бөлініп, оқушылар оқулықпен 100 пайыз қамтылуда. Оқушыларымыз республикалық, облыстық байқаулар мен пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл олардың алаңсыз білім алуына толықтай жағдай жасалынып, мектептердің жылма-жыл жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталуының да жемісі. Атап айтсақ, 1991-2016 жылдар аралығында аудан бойынша 19 мектеп лингафонды-мультимедиялық, 15 мектеп биология, 18 мектеп химия, 10 мектеп физика кабинеттерімен жабдықталды. 1991-2016 жылдар аралығында аудан бойынша 4 мектеп, 9 балабақша жаңадан салынды. Облыстың жалпы аумағының 44 пайызын алып жатқан ауданда атқарылар ауқымды істер әлі де жетерлік. 25 жыл көп уақыт емес. Солай бола тұрса да күні бүгінге дейін жүзеге асырылған жұмыстардың ширек ғасыр аясына сыймасы анық. Дегенмен, біз осы қарқынымыздан айнымауға тиіспіз. Мақсат-мүддеміз ортақ. Жүрер жолымыз да біреу. Ол – «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол. Елбасының сарабдал саясаты мен Ұлт жоспарында нақтыланып көрсетілген тапсырмалар бізді солай етуге де міндеттейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Тәуелсіздігіміздің туы дәйім биікте асқақ желбірей берсін!
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді