«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғибратты ғұмыр иесімен кездесті

Ғибратты ғұмыр иесімен кездесті
ашық дереккөз
Ғибратты ғұмыр иесімен кездесті

№5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназия Тараз қаласындағы байырғы білім ошағы болып саналады. Сонау 30-жылдардың ортасында Әулиеата шаһарында алғашқы болып ашылған көне білім ұясынан сан буынның ұрпағы білім алды. Бұл мектепте ағарту саласының белгілі тұлғалары еңбек еткен. Қазақ зиялыларының үлкен бір тобы осы мектепте білім алған. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, жазушы Шерхан Мұртаза, тұңғыш Сенат төрағасы Өмірбек Байгелді, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков және Жамбыл өңірінің қадірменді қариясы Баттал Жаңабаев сынды белгілі азаматтар бар. Жақында осынау білім ұясының ұжымы мен оқушылары облыстың Құрметті азаматы, қазақ баспасөзінің ардагері Баттал Жаңабаевпен кездесу өткізді. Келер жылы торқалы 90 жастың төріне шыққалы отырған қазыналы қарияның ғұмыры ғибратқа толы. Бар саналы өмірін баспасөзге арнаған, оның ішінде облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде ұзақ жыл редакторлық қызметте болған Бәкеңнің өмірден түйген бай ой-оралымдары кездесу үстінде сыр болып шертілді. Ұстаздар мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кіндік қаны тамған қасиетті Таластың Көшек даласында өткен балалық шағынан, осы мектепте білім алған ұмытылмас сәттерді, Алматыдағы қара шаңырақ КазГУ-дің қабырғасындағы қызықты студенттік жылдардан естеліктер айтты. Бәкеңнің ғибратқа толы өмір жолынан облыстың Құрметті азаматы Саттар Жанәбілов те тағылымды естеліктер айтып, кеш мазмұнын байыта түсті. Таластық қос өрен ақындар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова кеш бойы жырдан шашу шашып, мектеп залын әсерлі әнге бөледі. Ғибратқа толы кеш соңынан мектеп-гимназия директоры Салтанат Төлеу білім ұясы атынан қазыналы қарияға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Қарлығаш Рахым, №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназия директорының оқу-тәрбиесі ісі жөніндегі орынбасары.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар