Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. Заманауи үлгіге сай кәсіпорындар экспортқа бағдарланған өнім шығаруда. Мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында қазақстандықтар, оның ішінде жастарды баспанамен қамтамасыз етуде ауыз толтырып айтарлықтар игілікті іс тындырылуда. Біздер, Тараздағы «Ғимарат-Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары еліміздің гүлденіп, әлеуеті арта беруі үшін ортақ іске өз үлесімізді қосуға күш салудамыз. Тараз қаласында 1968 жылы темірбетон бұйымдарын шығару үшін ашылған зауыт өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасындағы экономикалық қиындықтарға байланысты жұмысы тоқтап қалған болатын. Тәуелсіздіктің арқасы ғой. 2002 жылы інім Сырлыбек Сматов екеуміз бірігіп, нысанды сатып алып, оған инвестиция құйып, жұмысымызды бастап кеттік. Інім екеуміз және басқа да мамандармен кеңесіп, кәсіпорынның бұрынғы бағдарын сақтап, темірбетон бұйымдарын шығаруға бәтуаластық. Үздіксіз ізденіс, уақытпен санаспай еңбек ету нәтижесінде әлеуетіміз біртіндеп нығая берді. Бүгінде «Ғимарат-Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде темірбетон бұйымдарының 50-ден астам түрі шығарылады. Егер тапсырыс болса, жылына 2 миллиард теңгенің тауарын өндіретін әлеуетке ие болдық. Жұмысшыларымыздың саны 150-ге жетті. Орташа айлық – 100 мың теңге. Өндірістегі техника мен жабдықтарды жаңартуға жыл сайын 20 миллион теңге бөлеміз. Соның нәтижесінде техника саны 40-қа жетті. Өнімдеріміз облысымызбен қатар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Атырау облыстарына жөнелтіледі. Өндірілген өнім арнайы зертханада тексеруден өткізіледі және тиісті сертификат беріледі. ИСО-9001 және 2000 сапа менеджменті жүйесін 2006 жылы енгізген болатынбыз. Содан бері оған лайық екенімізді екі рет растап, дәлелдедік. Әлемді шарпыған қаржы дағдарысы, әсіресе, құрылыс саласына үлкен кедергі келтіруде. Көп жерде құрылыс қарқыны бәсеңдеп қалды. Мұның өзі біздің кәсіпорынның да толық қуатында жұмыс істеуіне кесірін тигізуде. Осыдан екі жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда тапсырыс екі есеге азайды. Жұмыс азайғанымен, жұмысшыларды қысқартпаудың, жалақыларын төмендетпеудің барлық жолдарын қарастырудамыз. Соңғы кезде аулалар мен аяқжолдарға төселетін сәндік тақта плиталар шығаруды қолға алдық. Серіктестікте қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Біз темірбетон шығаратын бұйымдар үшін барлық материалдарды республика аумағынан аламыз. Тәуелсіздік мерекесі – біз үшін аса қастерлі де қасиетті. Оны лайықты қарсы алу үшін ұжым мүшелері жоғары өнімділікпен еңбек етуде. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылы 1 миллиард 300 миллион теңгенің тауарын өндіруді көздеп отырмыз. Қазір мамандарымыз келесі жылға қомақты жұмыс ауқымын табу үшін ел аумағын аралап, бірқатар құрылыс компаниялармен келісімшарттар жасауға күш салуда. Мұның өзі бізге келешекте де жұмыс ырғағын бәсеңдетпеуге мүмкіндік береді.
Қалдарбек Сматов, «Ғимарат-Темірбетон» ЖШС директорының орынбасары.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді