Данышпандық субстанциясы

Данышпандық субстанциясы
ашық дереккөз
Данышпандық субстанциясы

Заманынан ойы озып туған бұл кім? Дұрысы, қай қаламгер? Артында іздері, сұрары бар жан ба? «Ерінбеген етікші болады» дегендей, еріккендердің бәрі қолына қалам алып бірі ақын, екіншісі жазушы, үшіншісі тарихшы атанып, том-том «кірпіш-кітаптар» шығарып, мерейтойын мерекелеп жатқан уақытта, бір кездері ардың ісі саналған ұлы мәртебелі қазақ әдебиетінің қиял-ғажайып дүние деген қиын жанрына қаймықпай қалам тербеген сиректердің бірі болған оны ел-жұрты неге іздемейді? Неге «еске алайық, әдеби-мәдени кездесулердің тақырыбына айналдырайық» деп ышқынбайды? Туған-туыстары бар ма өзінің?!. Өмірден небәрі 49 жасында өтіп кете барған талантты жазушы Шоқан Әлімбаев туралы ойланғанда, санама ең алдымен осындай өкінішті сауалдар келеді. Біз айтып отырған фантаст жазушы алыс та емес, облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Аса теміржол бекетіндегі Қазбай деген кісінің қара шаңырағында 1941 жылы дүниеге келіпті. 1961 жылы, яғни 24 жасында Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Содан бастап «Спорт» газетінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік алқа мүшесі қызметтерін атқарыпты. Жас жазушы ретінде алғашқы әңгімелері 1964 жылдан бастап «Простор», «Жұлдыз» журналдарында жариялана бастаған. Ойы толысып, білімі жетіліп, қалам қарымы мен шығармашылық қуаты молайған кезде «Данышпандық альфасы», «Данышпандық формуласы» деген повесть пен роман жазған. Сондай-ақ, оқырмандардан оның «Данышпандық субстанциясы», «Сауыттағы данышпан», «Қара маржан», «Саматтың өкпесі» атты әңгімелері де жоғары бағасын алды. Жазушы шығармалары сол кездің өзінде-ақ орыс, украин, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде жарияланған.

Енді ойланыңыздаршы, егер қасиетті қазақ әдебиетінің қаламгерлері аса сирек баратын қиын жанрда аз ғана ғұмырында осыншама дүние берген аса талантты жазушы туралы басқа емес, өзінің жерлестері, біздер жарытып ештеңе білмесек, біздер ауыз толтырып ештеңе айта алмасақ, онда ел мен ес деген қастерлі ұғым алдында ұят емес пе? Биыл көзі тірі болғанда әдебиет әлеміне құбылыс болып енген таланттардың бірі Шоқан Қазбайұлы Әлімбаев тура 75 жасқа толғандай екен. «Марқұмның жатқан жері жайлы болсын» дей отырып, оның қойын дәптерінен алынған қанатты сөздерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадық. құдай қаласа, келесі жылы дарын иесінің фантастикалық әңгімелерімен де таныс боласыздар.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Адамды өлтірсе де, идеяны өлтіруге болмайтынын екінің бірі біледі, бірақ идеяның өзін қылыш пен оқ секілді адам өлтіре алатынын екінің бірі біле бермейді. * * * Ұлы мақсат үшін азап шегу де жанға батады. * * * Кез-келген халықтың өткені ұлы болмауы мүмкін, бірақ болашағының ұлы екені сөзсіз. * * * Кейде даңқтың жалғыз сәті тұтас өмірге татиды. * * * Даңққұмарлық қашанда үлкен мақсатқа сүйрейді, сонысы ғана жақсы. * * * Көп заттың бізге беймәлім болатын себебі, біздің өзіміз оларға беймәлімбіз. * * * Бәріміз де өз тағдырларымыздың қолбасшыларымыз: әскеріміз – күш-қуатымыз, айқасымыз – өмірдің өзі. * * * Ғажайыпқа сенетін адамдар ғана ғажайыпты көре алады. * * * Арыстанның өлігін мысық келіп иіскейді. * * * Жақсылықтың шегі бар, зұлымдықта шек жоқ. * * * Зұлымдық басына күн туғанда әділдіктен пана іздейді. * * * Ұлылық адам жанына қанша әсер етсе, мүсәпірлік те адам жанына сонша әсер етеді. * * * Ұсақ себептер де ұлы оқиғалар тудыра алады. * * * Кейде бақыттың өзі бақытсыздық секілді аяқ астынан. * * * Айрықша қиыншылықтар айрықша өмірде ғана болады. * * * Жазаны қылмыстың өзі кеседі. * * * Ойдың әскери империядан айырмашылығы – оның жаулап алғандары қоластында мәңгі қалады. * * * Ұлы адам өзін иә жақсы көргізбей, иә жек көргізбей қоймайды. * * * Ұлтты ұлы өкілдеріне қарап бағалайды. * * * Данышпандық пен ақиқат бір-ақ зат, біреуі рухани, екіншісі заттық құбылыс, екеуінің де мәні – мәңгілік. * * * Данышпандық пен есуастықтың арасы жалғыз қадам. * * * Надандықтан асқан жамандық жоқ. * * * Жақсының қателігі, жаманның жақсы ісінен де мәндірек. * * * Ұлы адамдар – дүниежүзілік тарих сахнасында ойнаушы актерлер. * * * Өмір жолын енді бастаған данышпаннан құдіретті құбылыс жоқ. * * * Ұлы оқиғалар ұлы жағдайда ғана туады. * * * Күнә ойдан басталады. * * * Атыңды шығарғың келсе, ұлы адамды ғайбатта. * * * Заңына қарап заң шығарушыны тануға болады. * * * Бағзы уақыттың қай-қайсысынан да біздің ғасырымыз биік тұр деу – аз; осы ғасырда өмір сүріп отырғаныңды еңбегіңмен ақтай білу ләзім. * * * Жаратқан ие жаббар хаққа жалбарынуға да, жер-жебіріне жетіп, жекен су асыруға да болады. Пенде атаулының бір-бірінен ділі айрылар тұс – тек осы. * * * Ең маңызды нәрсе – ескермей өте шыққан ең елеусіз нәрсең болуы мүмкін. * * * Атақ-абыройың – атан өгіз тарта алмас азабың болуы да кәдік. * * * Мақсат үлкен болса, құрбандығың да одан кем соқпайды. * * * Тайыз адамнан түңіліп тапқан тағлымың – ұлы адамнан үйренген өнегеңнен титтей де кем болмайды. * * * Аппақ қардай тазалықтың аяусыз қатыгездігі де болады. * * * Жамандыққа арашашы болам деп жанын пида еткен Ізгіліктен асқан есуас – бұл жалғанда жоқ шығар. * * * Адамгершілік атты әлемде ұсақ-түйек деген болмайды. * * * Аса үлкен армандар да орындалуы мүмкін, бірақ олар темір таяғыңнан – тебендей, темір етігіңнен – теңгедейін ғана қалдыруы кәміл. * * * Ғарыш тірлігі – шешуші қиын шым-шытырық математикалық формула. * * * Адам баласына аса үлкен пайдасын тигізетін, сөйтіп адамзат ақыл-ойының даңқын арттыра түсетін кез-келген ұлы жаңалыққа жанымды пида етер едім. * * * Қимас достың әйеліне тек әтектің көзімен қарау керек. * * * Бала атаулы анасын аяғанда шыбыны шырқырап кетеді; ал, әжесіне келгенде – кібіртіктеп қалады. * * * Қасірет шегіп, қайғы ішкен адам бақытсыз ба; әлде қайғысыз-қамсыз күн кешкен адам бақытсыз ба – тап басып, табанда айтып беру оңай шаруа болмаса керек. * * * Ең жаман деген әйелдің өзі – ең жақсы деген ойнастан он есе артық. * * * Күні жеткен кәрі адам біреудің жаназасына барып отырып өзін жұрт қалай жөнелтетінін ойлайды. * * * Өмірдің мән-мағынасын неғұрлым үстірт ұқсаң, тіршілік етуің соғұрлым жеңіл болмақ. * * * Қолымызбен істеген күнәмізді мойнымызбен көтеруге келгенде қандай дәлел тапқышпыз, құдауанда. * * * Мінездің тентектігінен – ойдың келтелігі жаман. * * * Қайырымдылық пен қатыгездікте шек болмайды. * * * Хас ұлылардың тағдыры қашанда қасіретке толы. * * * Кейде алдамшыдан да ақылы дария ұл туады (Шарль Талейраннан – Эжен Делакруа туған). * * * Бір де бір қылмыс – қылмыскердің өзі үшін де із-түзсіз өте шықпайды. * * * Өзгелердің көз алдында адал болып қалу үшін өз арыңның алдында адал болуың керек. * * * Бұл дүниеде адамның білімінен өткен салыстырмалы нәрсе жоқ. * * * Ойлау дегеніміз – қасірет шегу деген сөз. Абай: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда...» – дейді. * * * Бойымызда тілге тиек етер титтей жақсылық немесе тамшыдай тазалық бар болса, соның бәрі үшін біз ұлы адамдарға қарыздармыз. * * * Асқар биік адамды толқытпай қоймайды. * * * Мынау әлем – жұртты ісімен таң-тамаша қалдырып, халық қошеметпен қарсы алатын адамдар үшін ғана жаратылған. * * * Ізгілік атаулы әрқашан ізіне Ібілісті ерте келетіні де бар. * * * Шын әулиенің өзін де әйелі мойындамаған. * * * Қарапайымдылықтың ең биік түрі – ұлылықтың қарапайымдылығы. * * * Әрбір дана адам – өз даналығының құлы, Әрбір ұлы адам – өз ұлылығының құлы. * * * Жойқын талант жойқын құрбандық та тілейді. * * * Жалған ұлылық – шын ұлылықтың төбесінде талай-талай тайраңдаған. * * * Аты-жөні белгісіздеу біреудің дұрыс пікірінен гөрі, ұлы адамның бұрыс пікірін көбіне құп көретініміз жаман. * * * Ұлылық атаулы, – ол мейлі кесірлі де содырлы болсын, – адамды еріксіз еліктіреді. * * * Ғұламалық – он сегіз мың ғаламның бір-бірімен байланысты екенін ұғу ғана емес, сонымен бірге әр нәрсенің себебі мен салдарын қабат білуде жатыр. * * * Ұлы қолбасшылардан гөрі ұлы ғалымдар әлдеқайда көп. * * * Саф тазалық – хақтың жолына бас тіккеннің салдарынан ғана болуы мүмкін. * * * Ұлы актерлер сахнада ғана ойнап жүр деуге болмайды, олар өмірінің әр минутында да тірлікті бейнелеп жүреді. * * * Ақылға кеніш адамдардың күнделігі – кітаптарынан да қызық. * * * Даналық – тәңірінің өзіндей тазалық. * * * Данышпандық – адам баласы өзін-өзі шықпыртып айдап отыру үшін Алла тағала сыйға тартқан шыбыртқы іспетті; яки құдайдың құлдарына жіберген қатерлі ауруы бұл. * * * Бүкіләлемдік тартылыс заңы секілді, данышпандықтың пайда болу заңдылығы да бір күні ашылады. * * * Данышпандық – тек бір өзіне ғана лайық аты мен заты бар, аса үлкен рухани құбылыс. * * * Ұлы өнер – ұлағаты мол өмірдің ұшынған сәттерінен ғана нәр алады. * * * Даналық – ілім-білім жолына басыңды бәйгеге тігу арқылы ғана келер қасиет. Одан өзге құрбандық бұл жерде жүрмейді. * * * Данышпандықты сұрап та, сатып та ала алмайсың; оны табиғат-анаң ғана тарту етеді. * * * Жұрттың бәрі: «ақиқатты білеміз» немесе «оның құпиясына көзіміз енді-енді жетіп келеді» деп ойлайды; ал, шын мәнінде, ұлы ақиқаттардың ішкі мәнін ұғатын да, оның кілтін қолына ұстап отырған да – тек данышпан адамдар. * * * Жұрттың бәрі «біз де ауырсақ» деп ойлайтын жалғыз дерт – данышпандық. * * * Дананың данышпандығы – сол дананы тудырған халықтың күллі ақыл-ойының жемісі. * * * Өз еркіңмен, жаның қалмай зыр жүгіріп жүріп қызмет қылатын жалғыз жалмауызың – өзіңнің алапат ақыл-ойың. * * * Кей кісінің данышпандығы – өзінің желкесін қияр жендеті. * * * Алапат ақыл-ой шатыса бастағанда, дүниеге данышпандық келеді. * * * Шаршы топтың алқасына ақылы дария адам түссе, ауыл арасының жүйрігі артын қысады. * * * Жаныңды ауыртар өзге сырқаттар секілді, құштарлық та – дерт. * * * Кейбіреудің барша таланты – басқаның жазғанын түсінбеу ғана... * * * Ойдың сыртқы көрінісінен – ішкі мағынасы мәндірек. * * * Пенденің бойында перілік те, періштелік те қатар өмір сүріп жататын кезі болады. * * * Қашқан да қуған да – «Құдай!» дейді. * * * Адамды білмей тұрып, адамзатта нең бар?! * * * Мүләйімсіп тұрып, шынайы болуға тырысамысың?! * * * Досым көп болсын десең, көп алдында мақтанба. * * * Ата-анасының күнәсі көбейген сайын, баланың бақыты кемиді. * * * Өзімізге өзіміз кешіре салатын кінәні өзгеге өмірі кешпейміз-ау. * * * Үміт – адамның өзін-өзі жұбатуы. * * * Өзі есінен танбаса, ерек жаратылған жанды ешкім тоқтата алмайды. * * * Ұлы істер – үлкен сілкіністер кезінде ғана дүниеге келеді. * * * Талант секілді, талғамды да сатып ала алмайсың. * * * Бауырмалдығымыз азайған сайын, бауыр басуымыз күшейіп бара жатқан секілді. * * * Жортқан сайын жолымыз бола бергеннен – ара-тұра сәтсіздіктің дәмін татып қойған әлдеқайда пайдалы. * * * Бір ұлы кітап бірнеше ұлы кітапты дүниеге әкелуі мүмкін. * * * Адам баласы күлуден бұрын жылауды үйренген. * * * Идея үшін өліп кетуге бар фанатиктердің өздері махаббатты – бақыттылықтың шыңы деп есептейді. * * * Шын ғашық сүйгеніне шаң жуытпас. * * * Махаббат та – ғажайып секілді; сенсең – ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір келері анық. Иә-иә, махаббаттың өзі ғажайып. Адамзат өмірінің әрбір жасампаз ғажайып сәтінің негізінде махаббат жатыр... * * * Үлкен махаббат туралы армандау үшін, алдымен өзің соған лайық болуың керек. Махаббат әрқашан жүрегіңде жүрсін. * * * Заманалар желдей зулап өтіп жатыр... Неше ықылым заманнан бері неше ықылым ұрпақ келді дүниеге... солардың әрқайсысы осынау сезімді өздерінше жаңадан ашқан болады. Өйткені шынайы махаббат, шын ғашық болу – табиғаттың бір құпия құбылысы ретінде, ешқашан оңай қолға қонған емес. * * * Бұл жалғанда ең басты нәрсе – өзіңді емес, өзгелерді, Адамды сүйе білу. Қажет болса, солар үшін тіпті өзіңді құрбан ету... * * * Өзгелер үшін өзіңді құрбан ету – Адамдарға деген махаббат пен рақымның ең жақын көрінісі. * * * Өзін Адаммын деген әрбір Адамның ең ізгі мақсаты – Ницше айтқандай: «Адамзаттан ия күшіңмен, ия рухыңның биіктігімен асып түсіп, оларға кемсіте-кекірейе қарау» емес, қайта қолыңнан келгенінше адамға, адамзатқа қызмет қылу болуы керек. * * * Кітап атаулы адамдарды араздастыруға емес, бір-біріне бауырластыруға үйретуі керек. * * * Ұлы істің ілгері басуына кейде ергежейлі де көмек ете алады. * * * Тек ұлы сезімдерді жырлаған поэзия ғана – шынайы поэзия болмақ. Ал, кейбіреулер: «ұяң дауыс», «ізетті де инабатты лирикалық үні бар» деп жүргендердің бәрі – шынайы да нағыз ұлы поэзияның қасында қиқым-сиқым ғана... яки Ұлы жүректің күмбірлеген қуатты үніне қосылып кеткісі келетін жалған дыбыстар. * * * Талант тапшылығы мен ой таяздығын ақтау үшін адамдар қандай қитұрқыларды ойлап табады десеңші. * * * Жазушының кітаптары – өзіне арнап соққан мұнарасы. Ұлы кітабың – ұлы мұнараң. Бәлкім, мұнарадан да мәңгілік шығар. Өйткені мұнара Уақыттан қорқады ғой. Ал, кітап мәңгі өмір сүрмек. Сонымен бірге, ұлы кітап – сенің адамзатқа ұсынған ұлы сыйың. * * * Даңқ дегеніміз – үлкен іс тындыру қолынан келмейтін, өзі де, сөзі де ұсақ адамдардың ғана көкірегіне жел бітіріп, талтаңдатып қояр; ал, шын ұлылар онымен балдызындай ойнап, құдашасындай құмға аунатып кете барады. * * * Тоғышарлық – әлеуметтік құбылыс емес, қайта адам жанының бітім-болмысы. * * * Данышпандық – ақыл-ойдың көріпкелдігі, көріпкелдік – адам жанының данышпандығы. * * * Ұлы істі керемет тындыра алатын адам ұсақ-түйекті де тастай қылады деуге болмайды. * * * Сөз – семсерден бетер. * * * Кемеңгерлік – алыптықпен ауырған рухтың көрінісі. * * * Кез-келген ұлы адам – ақын. * * * Көкірегің таза болмай, кемеңгерлік жоқ. * * * Ұлы адамдардың үлкен бір серігі – шамырқану. * * * Ең ұлы деген жаңалықты ашудың өзі – ешқашан тірі адамның тырнағына тұрмайды. * * * Махаббаттың да өз Хан Тәңірісі болады. * * * Махаббаттың құлы болғандар – Адам атты табиғатта аса сирек ұшырасатын киелі жандар. * * * Фанатиктер де жолы болғанын жек көрмейді. * * * Қасірет шегіп, қан жұтсаң, қашанда құдайшыл болуға бейім тұрасың. * * * Қызғаныш – дерт секілді; кеудеңе бір кіріп алса, оңайлықпен шықпайды; шыққанынша сені де, құрбандығын да күйретіп тынады. * * * Қызғаныш – махаббаттың жендеті. * * * Адам данышпан боп туады; талант болса – қалыптасады. * * * Жезөкше де жақсы үй құруды армандайды. * * * Кемеңгерлік – шыңына жеткен шындықты бұлтартпастан әділ айту. * * * Ұлы шығармаларда әрқашан мәңгі өлмейтін шындықтар болады. * * * Ойды – ой қозғайтыны секілді, бір ұлы жаңалық – екінші бір ұлы жаңалықтың ашылуына түрткі болады. * * * Құдайды ойлап табу – адамзат ақыл-ойы мұнарасының ең ұшар басы. Тағдырды шексіз талқыға салуға болмайды. * * * Білуге іңкәрлік – адамзатты аранның аузына әкелген кезі аз болмаған. * * * Жақсылық деп жүргеніміз – кейде жаманшылық боп шығуы әбден мүмкін. * * * Өр көңілділік кез-келгеннің пешенесіне жазылмаған. * * * Бір ошақтың басына саф тазалық пен салдақылықты әкеп қосақтағаннан асқан қиямет-қайым жоқ. * * * Кімнің жендет екенін де жағдай анықтайды. * * * Анық бір себеп болмаса, көңілге күдік кірмес-ті. * * * Күдікшіл адам – қызғаншақ, Қызғаншақ адам – күдікшіл. * * * Баласын еркелеткен боп отырып, анасына көз сүземіз... Адам баласының азғындығы мен екіжүзділігіне шек бар ма. * * * Бір адамның өмірінің қызығы мен қиындығы бір мемлекет өмірінің қиындығы мен қызығынан кем түспеуі мүмкін. * * * Қатыгез адам қашанда қадір білмейді. * * * Гомердің болған-болмағанына күмәнданып жүргенімізде, Айса мен Мұхаммедтің болған-болмағанына күмәнданатындарға таңданатындай түк жоқ. * * * Адам өзінің хал-жайын анығырақ білген сайын, ажалға самарқау қарайтын болады. * * * Алдымызда не күтіп тұрғанын білмеуімізде табиғаттың тылсым құпиясы жатыр; егер оны білсек, біздің – төбе шашымыз тік тұрар еді, ал ұлы адамдардың бәрі асылып өлер еді. * * * Ой – шексіздік іспетті. * * * Мәні терең мағына – адам айтса сенгісіз сандырақпен астасып кететін кез көп. * * * Өзің – ұлы адам болып, оныңды ешкім ұқпағаннан асқан қасірет жоқ. * * * Ең бақытсыз адам – пайғамбар. * * * Білмегеніңе шүкіршілік қылатын талай жайт бар. * * * Әрбір іс-әрекетті аумағына қарап емес, қандай мақсат үшін жүзеге асырғанына қарап бағалау жөн. * * * Қоғам атаулы тек ұлы адамдардан ғана құралмайтыны секілді, біздің өміріміз де тек рухани самғау сәттерінен ғана тұрмайды. * * * Дүниеде кемеңгер адамның қулыққа артқанынан жаман нәрсе жоқ: ақылы дария адамның даналығынан нәр алған сұрқиялық – сұмпайылыққа айналады. * * * Кемеңгерлік шыңы – көріпкелдік. Көріпкелдер – кемеңгерлерден де сирек. * * * Қай-қайсымыз да бөгде біреудің күпірші­лігі­нің күнәсін қоса арқалап жүрген жайымыз бар. * * * Адамның адамгершілігі – құдайдан қорыққандықтан ғана тізгін үзбей келе жатыр. * * * Инабат – иманның қабы. * * * Өзгелердің қолынан келмегенді сен жүзеге асырсаң – адам жанының рақаты сол. * * * Ар алдында қаншалық күнәһар болсақ, құдай алдында да соншалық күнәһар болғанымыз. * * * Адам баласының түйсігі тап діні мен ділінің алдындағыдай еш жерде, ешқашан ағынан жарылып ақтарылмақ емес. * * * Нәубет төнсе – құдай еске түседі. * * * Өзін көп өбектейтін жан – өзгені сүйіп жарытпайды. * * * Ақылдан адасу – аса үлкен қайғыдан. * * * Біреуге айдан анық нәрсені енді біреу мың жылда да ұқпайды. * * * Тағдыр – әрдайым өгей шеше. * * * Өмір бойы топастықтан тепкі көріп өткенше, көрегендігіңнің қасіретіне тұншығып өлген он есе артық. * * * Ұлы адамдар ғана ешкімді пір тұтпайды. * * * Әдеттен тыс әрбір құбылыс әрқашан зерттелуге тиіс. * * * Пайдакүнемділік пен бақай есептен ада адам­дар ғана аса үлкен табыстарға жете алады. * * * Менің тіршілік-тынысым да, әлгінде ғана өзім аңдамай аяғыммен езіп кеткен құмырсқаның тіршілік-тынысы да – бір ғана құдіреттің күшіне бағынышты

Шоқан ӘЛІМБАЕВ, жазушы.

Ұқсас жаңалықтар