Облыс аумағындағы ормандарды қорғау, қорын молайту және жаңадан орман өсіру шараларымен айналысатын аудандарда орналасқан 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің негізгі міндеттері – ормандарды сақтау, өрттен, аурулар мен зиянкестерден қорғау, орманды жерлердің көлемін ұлғайту, елді мекендердің айналасын көгалдандыру, орман ресурстарын ұтымды пайдалануды іске асыру. Облысымыздың аумағы 14,4 миллион гектар жерді құрайды, оның 4,4 миллион гектарын орман қоры иеленген. Орман қоры негізінен шөл даладан тұрады. Онда сексеуіл орманы (2,3 млн. га) бар. Осыған байланысты, орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу сексеуілдік ормандарды қайта қалыптастыруда аса маңызға ие. Соңғы жылдары сексеуіл орманын көшет арқылы өсіруге баса мән беріле бастады. Бұл іс-шараларды орындауға орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылған. Орман қоры жерінің 96,2 пайызы Мойынқұмның шөлді аймақтарында орналасқан. Оның тең жартысы – сексеуілді алқаптар. Бұл ерекшеліктер табиғат қорғау құрылымдарының жұмысына өз әсерін тигізіп те отыр. Қалай болғанда да атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орман алқаптарының көлемі биыл 8691 гектарға ұлғайды, облыс аумағындағы орман қоры жерінің үлесі 15,3 пайызға жетті. Жұмыстың ендігі бір басты бағыты – жаңадан орман өсіру шараларын атқару болып табылады. Бұл жұмыс жыл сайын 6500 гектар жерге жүргізіледі. Ағымдағы жылдың көктем айында 1400 гектар (оның ішінде: жүзген – 60 га, қарағаш – 120 га және сексеуіл – 1220 га) алқапқа әртүрлі ағаштардың көшеттері егілді. Тәжірибе көрсеткеніндей, сексеуілді көшет арқылы өсірудің нәтижесі тұқымынан себуге қарағанда анағұрлым жоғары әрі тиімді, өнгіштігі 75 пайызға дейін жетеді. Қалай десек те сексеуіл егу көлемі төмендеп кеткен. Бұрын Мойынқұмды ен жайлаған бес ауданның әрқайсысы жылына 4-4,5 мың гектар сексеуіл алқабына тұқым себеді екен. Қазір, бәрі жабылып жүріп еккендері – 5 мың гектардан әрең асады. Көшет отырғызу кезінде барлық талаптар орындалмауда. Осы ретте ағымдағы жылдың сәуір айында инспекция мамандары өңіріміздегі Меркі, Луговой, Ақыртөбе, Байзақ, Мойынқұм, Көктерек, Қосқұдық және Жамбыл орман шаруашылығы мекемелерінің көктемде қолға алған көшеттен ағаш отырғызу іс-шараларына тексеру жүргізді. Тексерудің нәтижесі бойынша Мойынқұм, Меркі және Луговой орман шаруашылығы мекемелері директорларының орынбасарлары және Көктерек орман шаруашылығының орманшысы орманды қалпына келтіру мен орман өсіруге арналған орман қорының басқа да санаттағы жерлеріне ағаш егудің тәртібін бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына бес айлық есептік көрсеткіштен айыппұл салынып, ол өндірілуде.
Мақсат ЗАУЫРБЕКОВ, облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді