Байтақ дала – туған жердің, қымбат бізге әр тасы

Байтақ дала – туған жердің, қымбат бізге әр тасы
ашық дереккөз
Байтақ дала – туған жердің, қымбат бізге әр тасы

Бүгінгі күннің ақиқи шындығының бірі мынадай. Шетелдік саяхатшыларды атамзаманнан осы күнге аман-сау жеткен көне тарихи ескерткіш орындары мен оба, қорымдардан гөрі, біздің қыран ұшса қанаты талған, құлан жортса тұяғы тозған, о шеті мен бұ шетіне көз жеткізгісіз ұлан-байтақ даламыз көбірек қызықтырады. Яғни, қазақ даласының өзі – ауқымды туристік нысан. ...Тескентау асып жететін туристерге жайлы қонақ үй мен дайын дәмхана онша қызық емес. Олардың ауыл адамдары не ішсе соны ішу, олар не істесе соны істеу үшін қу медиен, құба түзге бүйректері бұрып-ақ тұрады. Ұлы Дала Елі адамдарының дәстүр-салты, тұрмысы айрықша әсерімен баурайды. Бір сәт дала перзенттеріне айналғылары келе ме-ау... Бір жағынан екі-үш күн бедерінде қырға шығып, ойға түсіп, дала табиғатының тылсым сырларына да қанығып үлгереді. Өйткені, олар мұндай байтақ даланы өңі түгілі, түсінде де көрмеген. Осы істі үйлестіріп отырған Қарағандының Ақтоғай ауданындағы ағайындарымыздан біздің неміз кем?! Мысалы, мына іргеміздегі «Ақсу-Жабағылы» қорығының басшылығы туристердің, міне, осы талмау тұсын тап басып, «Қойлыбай» жайлауынан айран, қымыз ішкізіп, ет, құрт-майға мелдектетіп, таудың сабатты салқын аясында салт атпен серуендеуін ұйымдастырып, мейлінше елгезектік танытып бағады. Туристердің табиғатпен өздерін біртұтас күйде сезініп, осы аумақтағы үш-төрт кардонды салт атпен аралап, әбден құмардан шығуына да жағдай жасайды. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ деп айта алмаймыз. Табиғат ерекшеліктері – флорасы мен фаунасы әралуан реңктегі кез-келген ауылдың мұндайға шамасы жетеді. Өңіріміздегі туристер тартудағы мүмкіндіктеріміз тұтастай іске қосылмаған күйі тұр. Мысалы, шөл, шөлейтті өңірлердегі жергілікті тұрғындардың жаздың ыссы күндері құмға түсіп, жел-құздан арылу емшарасы саяхатшыларға таңсық көрінері анық. Ақкөл, Билікөл, Тасөткел айдындарынан балық аулаудың, құс салып, аң қағудың өз қызығы өзінде. Экотуризмнен туристік фирмалар емес, жергілікті тұрғындар да пайда көруі тиіс. Өйтпеген күнде олар табиғатты күту, баптау, аялау жайын мүлде естен шығарып алуы әбден мүмкін. Ауылдықтар үшін «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» болып тұр. Мұның бәрін де ұйымдастыру, үйлестіру өз қолымызда. Кауфман, грейг, альберт, зинаида, дала түкті қызғалдақтары да бізде өседі. Тянь-Шань қоңыр аюын, қар барысын, берікқара шыбыншы торғайын, тағы басқа сирек кездесетін аң-құстарды сырттай болса да тамашалаушы адамның аузының суы құритыны анық. Осы біз Аспара, Майдантал, Аса, Шу, Талас, Көксай, Қарақыстақ, Теріс-Ащыбұлақ өзендері мен Әулиекөлдің, Балқаштың көкмайсалы жағалауларын аралап көрдік пе, өзі! Көксай каньоні ғажаптарына көз суара алдық па? Қарақыстақ пен Жайсаң даласындағы балбалтастардың да ықылым заманнан шертер сырлары мол-ау. Қазіргі кезде ЭКСПО қонақтарын аралатып, көрсету белгіленіп отырған бағыттар сызбасындағы тарихи-мәдени нысандар өлкеміздегі барлық көне мұраларымызды, туристік әлеует-мүмкіндігімізді толайым жарқырата ашып көрсетеді деп нық байлам жасай алмаймыз. Бұл көне ескерткіштер мен табиғаты көркем орындарымыздың, бәлкім, жүзден біріндей ғана бөлшегін құрайтын болар. Бізде бар дүние бұдан әлдеқайда көп. Оларды шетелдіктер былай тұрсын, жергілікті тұрғындар, өзіміз де жарытып біліп жатқанымыз жоқ. Әрине, олардың бәрін бірдей игеру, қолжетімді инфрақұрылымын жасап, көпшіліктің кәдесіне асыру бір күннің, бір жылдың жұмысы емес. Болашақта табыс көзіне айналар бір өндірімді сала да осы. Обалы неге керек, ғалымдарымыз алты айырығынан тер кете еңбектеніп, қыруар археологиялық тарихи-мәдени мұраларымызды ғасырлар тереңінен алып шығып, жұрт назарына ұсынудай-ақ ұсынып жатыр. Әттең, басым дені тек қағазда қатталумен тұр. – Рас, Жамбыл жері көне жәдігерліктерге толы. Тарихи-мәдени, археологиялық, архитектуралық ескерткіштер де көп-ақ. Олармен бірер ай бедерінде түгел аралап, көріп, танысып шығу да мүмкін емес, – дегенді айтады бұл тұрғыда облыс әкімдігі мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясының бөлім басшысы Сауран Қалиев. Оның айтуынша, облыстың қала, аудандары аумағындағы мұндай орындардың толық тізімдемесі жасалып қойылған. Онда алдын ала, мемлекеттік және жергілікті дәрежедегі тізімдерге алынғаны бар Таразда – 7, Байзақта – 189, Жамбылда – 185, Жуалыда – 318, Қордайда – 817, Меркіде – 185, Мойынқұмда – 150, Сарысуда – 112, Таласта – 218, Т. Рысқұловта – 333, Шуда 420 археологиялық ескерткіш тіркелгені жазылып көрсетілген. Бұдан тыс облыс аумағындағы тарихи, сәулеттік ескерткіштердің саны 400-ден асып жығылады. Барлығы 3365 бірлікті құрайды. Олардың ішінде палеолит кезеңі, қола, темір дәуірлеріне жататын Талас ауданындағы Тәңірқазған, Бөріқазған алғашқы адамдар тұрақтары мен Кемер, Күмістөбе, Қызылрысбек, басқа да 8-12 ғасырлардағы оба қорғандарының да туристік бағыттардың ең бір сүбелісіне айналдырылатын-ақ жөні бар. Т. Рысқұлов ауданы аумағындағы Ақыртөбе тұрағы, Мыңқайнар, Ақтас, Жалпақсаз оба қорғандары да ерте темір дәуірінің жәдігерліктері екені белгілі. Біраз археологиялық ашылымдардың тарихы одан да әріге кетеді... Қысқасы, бірқатар жерлерде кайнозой қабаттарына дейін аршылып, біршама зерттеулер жүргізілуі өңірімізде туризм кластері қалыптастырылып, дамытылуына берік негіз қалап, серпін берері анық. Шеттен келушілерге көрсетеріміз көп-ақ. Тек осы қолдағы барымыздың өзін ұқсата алмай жатқандығымыз болмаса. Оның үстіне жеріміздің асты, үсті әлі түгел зерттелініп біткен жоқ. Әрідегіні былай қояйық, тіпті берідегі тарихымыздың өзі топырақ астында қалып, көмескі тартуға айналып барады ғой. Мысалы, бір кездері жоңғар қалмағы шапқыншыларынан қорғану үшін ел-жұрттың ақ тер, көк тер бейнетпен тұрғызған бекініс, қарауыл мұнаралары әлі күнге өлкеміздің айбын-сұсындай болып, ана тұс, мына тұста күні бүгінге дейін омыраулап, менмұндалаумен тұр. Баяғы қалпынан аздап аласарып, шөгіп кеткенмен, Талас өңіріндегі әлі де сілемі жоталанумен жатқан Шәкіров ауылындағы Жұмабек арнасының құмға апарар жолы бойынан жоңғар шапқыншылығы тұсында тұрғызылған Тайтөбе, Бөлтірік ауылының теріскей бетіндегі Атбайлар (олардың топырағын түртсең-ақ, саудырап адам мен жылқы сүйегі шыға келеді), одан әрідегі Ақкесене, Көккесене, Ақкөлдің бергі бетіндегі Бозтұмсық, Төлебайдың биігі, Қиынқызыл... бекініс-мұнаралары сол бір жаугершілік заманның зар-қасіреті, бүгінге жеткен көне куәгерлері. Жергілікті тұрғындар «жау қайдан келеді» деп, қауіптеніп, мұндай бекіністерді Талас бойынан, биік белес-қырқалар басынан жапырлатып тұрғыза берген, тұрғыза берген... Шу ауданындағы Майтас үңгірі неолит дәуірінің «туындысы». Мойынқұм ауданындағы XIX ғасырларда салынған Оңғарбай, Өтелбай, Шудағы Айдын кесенелері де өткен тарихымыздан тағылым түйгізер ескерткіштер. Мына Мойынқұмда Құралай сұлу мазары барын да жұрт бертінде ғана білді... Ескерткіштеріміз көп. Бірақ олардың басына тамашалау үшін топтанып барып жатқан жұртты көрмейсің. Ежелгі ескерткіш орындары мен қала, аудан аралығында сайрап жатқан тақтайдай тегіс жол да жоқ. Сонда деймін-ау, оларды тарих қойнауында қалдырмай, жалғанның жарығына шығарудағы, қалпына келтіріп, жөндеп-жасқаудағы мақсат не? Жапан түзде, елден жырақ елеусіз түкпірде жел-құз мүжіп, жауын-шашын астында қалып, біртіндеп шөгіп, ешкім де көрмеген-білмеген күйі қайтадан тарих тылсымына жұтылуы ма күткеніміз? Тарихымыздың осындай олжаларын ең алдымен өзіміз, әсіресе, жас ұрпақтарымыз көріп, тамашалап, тағылым түйіп, игілігімізге айналдырудың мезгілі пісіп-жетілген секілді. Жергілікті жерде экотуризмді қалыптастырып, дамыту жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді күшейтуге де елеулі ықпал етпек. Осынау қадау-қадау көне ескерткіштер орындарының инфрақұрылымы жасалып, жол салынса, арнайы автобустар бөлінсе, ол маңға демалыс күндері ересектер де, жастар да барар еді. Туған өлке ғажайыптарымен танысып, бірауық көркем табиғат аясында демалып қайтудан ешкім де қаша қоймас. Біздің қанымызда тарихымызды, түбімізді, тегімізді білуге деген алапат құштарлық әлімсақтан бар. Мәселе – осынау істі сәтімен үйлестіре алуда. Экотуризмнен түскен қаражат ағымдық жөндеу мен нығайту жұмыстарына да жұмсалып, көне тарихи ескерткіштеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа дін-аман жетуі мәселесі өз-өзінен-ақ шешімін табар еді деген ойдамыз.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар