Көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша биыл Тараз қаласынан 200-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге барады. Сәуір айынан басталған шақырту маусымға дейін жалғасады. Қазіргі таңда шекара қызметіне – 34, ТЖМ бөлімшелеріне – 18 бозбала аттанып кетті. 38-і Қарулы күштер қатарына алынбақ. Маусым айының басынан Ұлттық Ұланға баратындар іріктеледі. Жалпы, Тараз қаласы бойынша 19 мыңға жуық жас азаматтар әскерге шақырылушылардың тізімінде тұр.
– Отан қорғау – әрбір ер азаматтың абыройлы борышы. Ал, бізде қазір таңдау бар. Әскерге жанарында оты, кеудесінде жалыны бар, денсаулығы мығым нағыз патриоттарды жіберуге тырысамыз. Өйткені, әскери өмірдің, қатаң тәртіптің қиындығына ерік-жігері күшті, азаматтығы биік жандар ғана төзіп, туған елінің тыныштығын қырағы күзетуге деген жауапкершілікті сезіне алады, – дейді қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, подполковник Ермек Абдуллаев. Әскерге барудан бас тартатындар да бар. Мұндай жағдайда Ермек Бекпенбетұлы ол балалармен жекелей әңгімелеседі. «Патриоттық сезімін оятуға тырысамын. Әрқайсысының туып-өскен отбасынан Отан деген ұлы ұғым бастау алатындығын айтып ұғындырамын. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді мектеп қабырғасынан бастау керек» дейді. Бүгінде аталмыш басқарма тарапынан бұл бағытта кешенді шаралар қолға алынып жатыр екен. Олар әуелі мектеп қабырғасында оқытылатын алғашқы әскери дайындық пәнінің сапасын қадағалап келеді. Жастар арасында әскери қызметші болуға ниет білдірушілер қатары да жылдан-жылға артып отыр. Олардың көпшілігі еліміздің әр аймағындағы әскери оқу орындарына түсіп, бүгінде білімдерін шыңдауда. Бұл орайда басқарма басшысы: «Біздің балаларымызға даңқты қолбасшы жерлестеріміз Бауыржан Момышұлы мен
Бақытжан Ертаевтың ерлік өнегесінің өзі теңдесі жоқ үлгі»,- дейді. Әскери борышын өтеп келгендерге жұмыс табу да қиын емес. Бүгінде еліміздің әрбір аймағындағы әскери бөлімдерге мамандар қажет. Мәселен, осы көктемде 111 азамат жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Біз қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың медициналық комиссиясының аға дәрігері Ербол Тауырбековті де әңгімеге тартқан едік: «Қазіргі таңда жас азаматтардың көпшілігінде кездесетіні көз аурулары. Себебі, балалардың барлығы компьютерде көп отырады, үнемі ұялы телефонды қолдан тастамайды. Сонымен қатар, майтабандық деңгейі де азаймай отыр. Салмақ жетіспеушілігінен әскерге жарамай қалатындар да бар. Сондықтан да әркім өз денсаулығын күтіп, сақтауы қажет», – дейді ол.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді