Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетін қазақ әдебиетшілерінің қара шаңырағы десек, артық айтқандық емес. Негізін ұлтымыздың ұлы тұлғалары М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, М. Балақаев, Қ. Аханов, З. Қабдолов қалаған факультеттің тарихы терең. Онда Мұхтар Омарханұлының өзі отыз жылға жуық дәріс берген.
Бұл көптеген профессорлар мен ғалымдар шоғырланған орта еді. 1937 жылы қыркүйек айында гуманитарлық, бір жылдан кейін құрамында үш кафедрасы бар (қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі) филология факультеті құрылды. Кейін қазақ әдебиеті кафедрасы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Оның қалыптасып, дамуына әлемге әйгілі академик-жазушы Мұхтар Әуезовтың сіңірген еңбегі зор. Ол қазақ әдебиеті тарихы мен теориясын оқытып-үйретуде, фольклорын зерттеуде батыл қадамдарға барды. Осындай майталман маман қалыптастырған жолдан университет оқытушылары әлі күнге айныған емес. Факультетте жоғары білімді мамандарды даярлау жоғары базалы, жоғары арнаулы, жоғары ғылыми-педагогикалық көпсатылы жүйемен жүргізіледі. Бізде 50 ғылым докторы мен профессор, 90 ғылым кандидаты, доцент, сондай-ақ, жоғары мектеп ғылым академиясының 4 толық мүшесі, 1 корреспондент мүшесі, 4 Қазақстан Республикасының ғылымына еңбек сіңірген қызметкер, 1 халық жазушысы, 15 Жазушылар Одағының мүшесі қызмет істейді. Ғалым-ұстаздардың ізбасарларды дайындау ісіне де ерекше мән беретіні белгілі. Оқытушылар бастамасымен факультетте студенттердің ғылыми қоғамы, жас ғалымдар кеңесі құрылған. Жыл сайын «М. Әуезов және әлем әдебиеті» ғылыми-теориялық конференциясы өтіп тұрады. Жас зерттеушілердің еңбектерін «ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы» басылымына жариялау дәстүрге айналған. Біздің факультет Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Бельгия, Чехия, Польша, Түркия, Қытай, Корея елдеріндегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Филология факультетінің оқытушылары Корея, Қытай, Түркия, АҚШ-тың жоғары оқу орындарында қысқа мерзімдік қызмет атқарады. Сондай-ақ, ғалымдардың халықаралық қорлардың гранттық жобалар конкурстарына қатысуына үлкен мүмкіндіктері де бар. Факультет жанынан құрылған жас ғалымдар кеңесі студенттердің зерттеу жұмыстарымен айналысуына қолдау көрсетеді. Кеңес жұмысында зерттеушілердің кәсіби деңгейін көтеру ісіне баса мән беріледі. Негізгі мақсаты – өзекті тақырыптар, ғылыми проблемаларды, жоғары ғылыми мәселелерді шешу. Жалпы, жоғары оқу орындары жастардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін тәрбие жұмыстарына баса мән беретіні мәлім. Ал, студенттік топ – жастар құрылымын ұйымдастырушы құрылым. Тәрбие жұмысы идеологиялық, ұйымдастыру, әдістемелік, әлеуметтік, психологиялық, көпшілік-мәдени, шынықтыру, сауықтыру бағыттарында ұйымдастырылады. Осы бағыттағы жұмыстардың негізінде жалпыуниверситеттік, факультетаралық жоспар жасалады. Тәрбие жұмысы қызметінің құрамында патриоттық тәрбие беру орталығы бар. Онда жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық ұстанымдарын дамыту бағытында жұмыстар жүргізіледі. Тәрбие қызметінің аясында полицияға көмек көрсететін отряд құрылған. Оған жастар арасындағы құқықбұзушылықпен күресуге бел буған ерікті студенттер топтастырылған. Құрылғанына төрт жыл болған отрядтың сапында бүгінде 50-ден астам жас белсене еңбек етуде. Студенттік өмірді қызықты өткізуге факультетімізде мүмкіндік мол. КТК командасы да бар. Олар университеттік жарыстарда бірнеше рет топ жарды. Ұлттық және қазіргі заманғы ән-би үйірмелері, әдеби көркем студия, поэзиясүйер жастардың «Қаламгер», «Көкжиек» атты әдеби-ғылыми клубтары құрылған. Бір сөзбен айтқанда, біздің университетте, факультетімізде жастардың толық білім алуына барлық жағдай жасалған. Кітапханада оқу пәндері бойынша оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми еңбектер, әдістемелік кеңестер, нұсқаулықтар жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. «Түркі жазуының мейрамы», «Славян жазуының мейрамы» секілді студенттердің мәдени-ағарту үйірмелері жұмыс істейді. Оқу орнындағы рухни өмірді жақсартуға белсене үлес қосып жүрген М. Әуезов атындағы бірлестіктің мүшелері мен талантты студенттердің шығармаларын баспасөз беттеріне жариялау, радио, теледидарға шығару жақсы жолға қойылған.
Жазира Әбдірахманова, Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің мемлекеттік тіл кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді