«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елге қарасқанның байлығы еселене түседі

Елге қарасқанның байлығы еселене түседі
ашық дереккөз
Елге қарасқанның байлығы еселене түседі

«Отан – отбасынан басталады», дейді дана халқымыз. Еліміздің әр тұрғыны еңбекқор болып, нанын адалынан тапса, еліміздің де болашағы жарқын, баянды болмақ. Ал өзі байып, бақуатты болған адамның ауылы мен еліне пайдасы тисе, байлығы еселеніп, өсіп-өне түседі. Бұл ретте менің туып-өскен ауылым – Жарлысуды Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауылмен салыстыруға әсте болмайды.

img_9601Сайрамбай Дөненбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері.

Атам қазақ «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Баба аманатын басшылыққа алған біздің «Шәушен» шаруа қожалығының иелігінде қазіргі таңда 38 мың бас асыл тұқымды қой, 3500 жылқы бар. Бұл ретте мен байлық жинап жатқан жоқпын. Барлығы ауыл, ел үшін дер едім. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 200-дей жұмысшымыз бар. Қайта, мен солардың қызметкерімін десем болады. Туған ауылым Жарлысуға мешіт, интернат, саябақ, шопандарға 40 үй салып бергенімізден жұрт хабардар болар. Бұл арада мешіттің имамына, интернат пен саябақты күтіп-баптаушы қызметкерлерге айлықты шаруашылық есебінен төлейтінімізді айта кетейін. Ал шопандарға арналып соғылған үйді малшылар 8 жылдан кейін өз аттарына аударып ала алады. Бұл олардың жалақыларына еш қатысы жоқ. Яғни, шаруашылыққа еңбегі сіңген малшыларға тегін беріледі. Бұйырса, малшылардың балаларына арнап 100 орындық балабақша салмақшымыз. Сондай-ақ, тау бөктерінен ұлттық сусынымыз қымызбен емдейтін орталық жыл сайынғы зекеттің есебінен жинақталған қаржы есебінен аштық. Шаруашылық дәл қазір 250 бас бие байлап отыр. Алла қаласа, олардың санын 500-ге жеткізуімізге де толық мүмкіндік бар. Осынау қымыз өндірісін көтеру арқылы ауылды көтерудің, қазақты арақтан арылтудың амалын жасамақпыз. Ұлттық сусынымызды ұлттық идеологиямызға айналдырсақ деген ойымыз бар.

 Жуырда ұмытыла бастаған «Қымызмұрындық» мерекесін ұйымдастырдық. Ал малшылар слетінде ұзын-ырғасы 40 шақты еңбек адамын 3 «Нива» автокөлігі мен жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын қаржылай сыйақымен марапаттадық. Яғни, еңбегімен еленген, үздік көрсеткіш көрсеткен әр бес қызметкердің біреуі қомақты қаржыға ие болды.

Менің көзімді ашқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы дер едім. Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай әлі күнге есімде. Осыдан тұп-тура он бір жыл бұрын, 2005 жылдың 1 ақпанында Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Сол жиында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан мен сөйледім. Жеткен жетістігімізді айттым. Сол кездегі Елбасының: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Расында, Елбасының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық, көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы жеткен жетістігіміз бірінші Алланың, екінші Елбасымыздың елді берекелі-бірлікте басқарып отырған саясатының арқасы. Одан кейін де Елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Нұрсұлтан ағамен әр жүздесуім мені ерекше қанаттандырады. Елбасымен алғашқы кездесуден кейін мен өзіме елдің игілігі үшін жыл сайын әлеуметтік бір нысан салып беруді мақсат санадым. Алға қойған мақсаттарымыз орындалып жатыр. Бірақ, біз бұған тоқмейілсімей, әлі де үлкен жұмыстар жасайтын боламыз. Ауыл, ел үшін бергенімізден береріміз көп деп білемін. Алға қойған мақсаттарымыз Алланың қалауымен ақырындап іске асып келеді. Бұйырса, алдағы жылдары тіпті танымастай өзгеретін болады. «Шәушен» шаруа қожалығының елге жасаған мұндай жақсылықтары жалғаса берері сөзсіз. Лайым, еліміз ынтымақты-бірлікте болып, ырыс-құты арта берсін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болғай!

Т. Рысқұлов ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар