«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘЙГІЛІ «ҚҰСТАР-ҚҰСТАР» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

ӘЙГІЛІ «ҚҰСТАР-ҚҰСТАР» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?
ашық дереккөз
ӘЙГІЛІ «ҚҰСТАР-ҚҰСТАР» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

 Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,

Қазақстанның халық жазушысы.

 Ақын, әнші, композитор жөнінде жазу қиын. Өйткені бұл кісілердің бар тірлігі халыққа белгілі. Халықтың көз алдында өтіп жатады. Олар жөнінде не жазсаң да, қалай жазсаң да, қандай соны пікір тауып айтпақ болсаң да, сайып келгенде сен білгеннің бәрі-бәрі халыққа аян, халыққа белгілі. Мәселен, Нұрғиса Тілендиевтің творчествосы жөнінде жұрт құлақтана қоймаған қандай тосын жаңалық тауып айтуға болар еді. Оның тірлігінде сіздердің көздеріңізден қағыс қалған қандай қалтарыс бар?

Жә, бұл сауалға жауапты бәріміз бірігіп іздерміз. Ал Нұрғиса алғаш рет ән шығарғалы он жеті жыл. Сонан бері Нұрғисаның үйі жаққа құлақ түріп отыратын халық осы бір сиқырлы сазы «құлақтан кіріп, бойды алған» тамаша композитордың сол баяғы тұла бойы тұңғышы – студенттер әнінен бастап, әрбір қадамын бағып келеді. Оның әндерін еліміздің атақты бұлбұлдары айтады. Одақтағы ең үлкен концерт сарайларында «Құстар-құстар» әніне жұрт ду қол соғады. Нұрғисаны, әсіресе, жастар жақсы көреді. Бұл өзі – заты бала мінезді, жарқын жігіт. Адам боп ішінде пікір сақтамайды. Сондықтан болар, бір көрген кісіге, ол ішіндегі бар жасау-жиһазын сыртқа шығарып жайып қойған үй сияқтанып тұрады. Рас, ол бір көрген ғана кісіге және Нұрғисаның тұлабойындағы табиғат берген тамаша талантын түсіне қоймай, үстірт ойлап қалған саяз ұғымды кісілердің түсінігі. Ақын мен әншіні бағалау үшін, меніңше, талантты мінезден даралап бөліп алу керек. Шағып алатын тікені бар екен деп райхан гүлінің бұрқыраған жұпар иісіне қай жан ынтызар боп құмартпай тұра алады? Шынын айтқанда, Нұрғисаның өз мінезі өзіне жарасады. Қанша уақыттан бері тақым жазбай қатар жүреміз. Бірақ біз оның бірде болмаса бірде әлдеқалай көңіл хошы болмай, кірбиіп, жабырқап қалған кезін көрген емеспіз. Қандай жағдайда кездессең де, ол дәл бір жолы болған жігіттей әрдайым алдыңнан көңілді, шат қалпында сақылдап күліп шыға келеді. Сол кезде қандай салмақты деп жүрген кісілер де өзінің әншейіндегі жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы мінезінен айырылып қалады. Нұрғисаға қосылып, сен өзің де көңілденіп, осынау нұрлы күн мен ашық аспан астында өмірдің қызығына тағы бір қарық болып, сақылдап күлгің, әзілдескің, ән айтқың келіп кетеді. Тақа болмағанда жасыл теректің саясында жаның рақат тауып отырып «Аққу» кафесінен шарап ішесің. Нұрғиса әңгіме болғанда бір жолы Қанабек Байсейітов: «Ой, ол иттің тұла бойы толған дыбыс қой. Оның денесінен бір үзіп алып лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп өлең айтып жатады», – деген еді. Нұрғиса талантының табиғаты жөнінде мұнан артық дәл айту және тауып айту мүмкін емес. Нұрғиса – өмірге құштар жан. Күнде ұйқыдан оянған сайын ол құдды өзі өмір сүріп келе жатқан мына нұрлы күн мен ашық аспанды, алматылықтардың терезесінің алдында көлбеп жатқан осынау ақ бас алып – Алатау жотасын алғаш рет осы қазір ғана көріп тұрғандай ынтызарланып, құмартып қарайтын болу керек. Әйтеуір, композитор творчествосынан оның бойындағы ілгеріде өзіміз әңгіме қылған тірлікке деген құштарлықты аңғарасың. Дәлірек айтқанда, оның өз табиғатына тән өмірге деген құштарлық, композитордың творчествосына өзек боп тартылған. Нұрғиса үш жүзден астам ән шығарған композитор, үлкені, кішісі бар, он бір фильмге музыка жазды. Таяу арада ғана түсіріліп біткен екі сериялы «Қыз Жібек» фильмінің музыкасын аяқтай салысымен қазір композитор «Ғани Мұратбаев» фильмінің музыкасына кірісіп кетті. Қазақстан мен Орта Азия жастарының тұңғыш бастаушысы болған атақты Ғани жайлы түсіріліп жатқан бұл фильм алдымызда тұрған үлкен бір мерекеге – Қазақстан комсомолдарының елу жылдығына тарту болмақ. Сонан соң Әуезов, Айтматов, Ахтанов, Тәжібаев пьесаларына да музыка жазған сол Нұрғиса. Басқа қадір-қасиеттерін былай қойғанда, Тілендиев шығармаларының бәріне ортақ, бәріне тән бір ерекшелігі – мейір қандыратын тап-таза мөлдірлік, шынайылылық, сыршылдық, әсемдік. Рас, Нұрғисаның қайсыбір әнін айту үшін кең тыныс, күшті дауыс керек. Ән бойында бірден шырқап ала қашатын айқай күш жатады. Соны арғы жағың біледі. Жүрексінесің. Бірақ жазатайым «әу» деген ән аузыңнан шыға қалса болғаны, сол сәтте құмарлық тұла бойыңды баурап әкетіп бара жатқанын байқайсың. Қызығып тұрып құмартасың. Асылы Тілендиев әндерінің халық арасына кең тарап кеткен себебі де осыдан болар-ау, қазақ жерінің бар түкпірінің бәрінде осы жұрт күй таңдап жатпастан облыстық, аудандық театрларда, колхоз, совхоз клубтарында, тіпті, айт тойларда, шілдеханаларда, отырмақтарда, қырман басында, қой қайырғанда, студенттер жатақханасында қызыл өңеш боп ән шырқап жатады. Және Нұрғисаның әнін айтқысы келгенде ешкім дауысының бары, жоғына қарамайды. Талай көрдік: ән салуға аздаған икемі бар кісілер түгіл, тіпті, өзіміз сияқты дауысы жоқ, музыкадан мақұрым кісілерге дейін «Құстар-құстар», «Алатау», «Куә бол», «Әкеме» әнін айтпақ боп, әлекке түсіп жатады. Бұл неліктен? Осы жұрттың Нұрғиса әнінен төгілген мөп-мөлдір әсем саздың мың бұралған әуезіне елтіп, шын көңілден қатты толқып, тебіреніп кете беретін себебі не? Музыка мамандары болмаса өз басым бұл сауалға үзілді-кесілді жауап берем деп айта алмаймын. Бір анық білерім: Тілендиев ет пен тері арасында жүрген әншейін жеңіл-желпі кездейсоқ бір сезімнің жетегінде кете бермейді. Композитор өмірде өзін толқытқан, тебіренткен тақырыпты ғана жазады. Кездейсоқ нәрсе көңілде қала бермейді де ғой. Әсіресе, көркемөнерде солай. Кездейсоқ әсердің бәрі түндігіңнің астына бір түнеп шығып, ертеңіне атына мініп алып өз жөнінде тартып кете баратын бейтаныс қонақ сияқты. Бар болғаны сол ғана. Бұл тұста тағы бір айтатын нәрсе: композитор тірлікте қаншама елпілдек бала мінезді болса да, шабыт келіп нота дәптерін алдына жайып тастап, пианино жанына отырғанда, мүлде басқаша. Ол кезде қиялға қанат байлап, осынау адамзат мекен еткен айдай әлемнің арғы, бергі жағын түгел шарлап, кезіп кетеді. Біз мән бере бермейтін баяғы дыбыстарды тірілтіп, тілге келтіріп, көкірегіндегі ең бір нәзік пернеңді басқызып сайратып жібереді. Жұртқа белгілі бір жағдайды айтайын. Теңізді толқыту үшін дауыл керек. Ал ақынның не композитордың бойында бейжай ғана тыныш жатқан сезімді тербеп жіберу үшін... анау-мынау емес, дәл бір үйдей қара тасты өзінің бауыр басып шөгіп жатқан жерінен ағызып алып әкеткен селдей ғаламат бір күш керек. Ондай құдірет күштің өмірде аты көп. Ол Отаның, тіл, туған анаң, не туған жерің болу мүмкін. Не әлде ол арманың – ақ құсың ба? Ақ құс демекші... Әрбір адамның, әсіресе, өнер адамының ерте ме, кеш пе, әйтеуір өмір жолында кездесетін бір-бір ақ құсы болатыны ақиқат! Ал құс оятқан сезім – махаббат сезімі дүниеде ізсіз-түзсіз жоғалып кетпейді. Егерде ол ақын сезімі болса – өлең жолына, композитор болса – ән сазына үйлесіп, күні ертең күллі жұртты құштар қылатын сұлу мүсінді бір асыл бейнеге айналады. Кейін қанша жыл, қанша уақыт өтсе де, ақын сезімі сындап, шындап соққан әлгі ақ құстың шашына ақ еніп, бетіне әжім түспек емес. Өйткені ақын сезімі – қартаймайтын сезім. Және ондай сезімнің тарихы болады. Кейінгі кездері халық аузынан түспей қойған «Махаббат мұңы» мен «Куә бол» әндерінің де қызық тарихы бар. Дәл осы арада оған тоқтап жатуды қажет көріп отырғам жоқ. Бек бұл арада айтқым келгені мынау еді: өткен жылдың күз айларының бірінде жазушы Ахтанов аяқ астынан пьесаға отырды. Тек бітірді. Пьеса бітер-бітпесте жас режиссер Пұсырманов Нұрғисаға барып, «музыкасын сен жаз» деп жабысады. Нұрғиса әлі сиясы кеппеген пьесаның қолжазбасын оқып шығады. Алғашқыда Пұсырмановтың қолқалаған өтінішіне бола қолына ықылассыз алса да, оқып шыққан соң самарқау көңіл шұғыл еңсе көтеріп алады. О тоба!.. Мына пьесаның тұла бойындағы тұнып тұрған сезім – бір кезде бұның өз басынан кешкен, соншалық қатты тебіренткен, бірақ араға екі-үш жыл түсіп, уақыт аралап кеткен сезімі. Иә, иә, мына пьесадағы айлы аспан, мүлгіген Алатау, сылдырап аққан өзен, сыбдырлаған жапырақ, тау аңғарынан ескен салқын самал – айналаңдағы осынау тілсіз куәлардың бәрі-бәрі бұның өз көңілінде жүрген сезімінің үстін басып өтті. Композитор қалай келіскенін өзі де білмей қалды. Шымылдық ашылар-ашылмастан Ахтанов пьесасының өн бойында жүріп отыратын лирикалық музыканың композициясы мен полифониялық тұтастығын ойлап жатпастан, Нұрғиса кенет құшырланып кетіп, құдды бір белдеуде ерттеулі тұрған аттай талай-талай бәйгіде жүлде әперген қара пианиноға отыра кетті. Сол-сол-ақ екен, сонан әрі сүйіскен екі жастың – Ләззат пен Нияздың – лүпілдеп соққан жүрегі, дірілдеген демі, сыбырлап айтқан серттері куәға тартқан тілсіз айғақ – сонау аспан, ай, Алатау, сыбырласқан жапырақ... бәрі-бәрі тілсіз сырға үн бітіріп, табиғаттың дәл өзінде ғана болатын пәктік, тазалық, мөлдір, тұнық ауаға, сыңғырлаған сазға айналып, сиқырлы саусақ ұшынан төгіліп кетті. Дүниеге тағы бір тамаша ән – «Кәу бол» келді. Нұрғисаның «Алатау», «Жан сәулем» сияқты көп әндері биікке ыршитын өршіл болатын. Ал кейінгі кезде композитор тыңдаушысын сырға шақырып, сұхбатты кеңеске тарта береді. Бұрынғы бойына сыймай тұратын бірде ойнақы, бірде өктем өзімшіл Нұрғиса мінезі әйгілі «Құстар-құстар» әнінен бастап, әсіресе, кешегі Тахауи пьесасының музыкасын жазу үстінде наз қоңыр дауысқа көшті. Сүйіскен жандар еркелеп тұрып, бір-біріне наз білдіреді. Еш жеріңді ауыртпастан алақанымен сипап тұрып жаныңның түбінен жұлыныңды тартып жатқандай болады. Бұл Нұрғиса творчествосының қазіргі бір қыры. Жас ұлғайған сайын кісі мінезі өзгеріп, бойындағы жеңілтектігін саналылыққа, салмақтылыққа жеңгізе береді дейді. Жә бұл рас та шығар. Бұған келісуге де болар. Тек, осы мінез деген не? Күнбе-күнгі тірлікте кісінің өзін-өзі қалай ұстағаны мақұл? Егер біз осыны мінез дейтін болсақ, онда Нұрғиса мінезі баяғы жас кездегі ақ жарқын, ашықтығынан құттай да өзгерген жоқ. Меніңше, творчество адамының басында болатын есею басқаша. Мұнда кісінің жаны есейіп, зердесі жетіле түседі. Басқа жұрттың көзі ашық жүріп көрмеген жайларды творчество адамы көкірегіне түйе береді. Мәселен, жас өтіп, күн суытып, күз кірген кезде құстардың қайтатынын білеміз. Табиғат мінезіндегі бұл бір тамаша құбылыс. Жаз бойы мекен еткен көлі мен көгалын тастап, сұр бұлт жүзген суық аспанда неше түрлі құстар кетіп бара жатады. Қанаты сусылдап зымырап ұшқан үйректер, бұлдырықтар, қаңқылдаған қаз, әсем аққу өтеді, көкте де сән түзеп, көш-көш боп тырналар өтеді. Бұлардың бәрі де жаз бойы ұя салған, жұмыртқа басқан, балапан ұшырған ыстық мекенін күзгі аласапыранда асығыс тастап, келесі жылдың жылы көктеміне дейін жер-суымен қимай қоштасып кетіп барады. Осындай көңілсіз күз күндерінің бірінде Нұрғиса киностудиядан қайтады. Күн кешкіріп қалған. Суық жел арқа жақтан шығып алып, бұл шақта жапырағынан арылып, жіңішке бұтақтары сидиған-сидиған жұпыны теректерді сықырлатып майыстырып тұр. Панфилов паркін кесіп өтпек боп, қалалық музейдің биік мұнарлы үйіне тақап келе бергенде... композитор көзі тырнаға түседі: үйірінен адасып қалған жалғыз тырна. Байғұс әлде ауру, не әлде жаралы. Арғы жағынан қанатын сөлекет қағып, қатты жел астында бойын билей алмай қалбалақтап ұшып кеп, музей үйінің мұнарасына шаншылған ұзын сырықтың ұшар биігіне қона кетеді. Сол-сол-ақ екен, әлдеқайдан бір қарға шыға келеді. Оның барқылдаған байбаламын есіте салысымен тез құлақтанған төңіректегі қара қарғалар жан-жақтан далпылдап келе бастайды. Басында біреу болса, енді қара пәлелердің қарамы көбейіп, әне...екеуі, үшеу, төртеу... он, жиырма, отыз. «Терең батырады, көп қорқытады». Көп қарға үйірінен адасқан жалғыз тырнаға жабылып, қайта-қайта шүйлігіп төніп кеп, қанатымен қағады. Төсімен соғады. Ал жалғыз тырна көтеріліп ұшып кетуге әл-дәрмені жоқ па, әйтеуір, қанаты салбырап, сырық ағашты аяғымен қысып, жанталасып жабыса түседі. Композитор үйіне келеді. Еш нәрсеге зауқы жоқ. Көңілсіз. Тұнығын лайлаған көңілсіз ойды ұмытайын деп көзін жұмса да жаңағы үйірінен адасып қалған жалғыз жаралы құс пен жаман қарғалар... қара қарғалар көңілінен кетпейді. Иә, сен қанша биік ұш, жылдам ұш, өнерлі бол, ажарлы бола бер тірлікте, әлдеқалай жазатайым үйіріңнен адасып жалғыз қалсаң, басыңа қай-қайдағы қиындықтың бәрі түседі. Тақа болмағанда, барқылдақ жаман қарғалар жиналып кеп жабылып, аспандағы аққуға да зәбір көрсетеді.

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып. Зымырайды менің бала кезімдей, Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.

Құстар-құстар сызылтып ән салады, Сол әнімен тербетеді даланы. Ал адамдар күліп бастап өмірін, Кетерінде жылай да алмай қалады.

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе, Тамаша әнмен келіп еді көктем де. Өскен жерін қимай кетіп барады, Өскен жерге сыймай кетіп барады.

Композитор осы көріністен кейін «Құстар-құстар» әнін жазды. Бұл – кісі жанын бір жанып өте шығатын әншейін өткінші соқпа сезім емес. Мұнда адам баласының тірлігінде кездесетін терең тербеніс, толғаныс түйінделіп, тыңдаушысын ойға, санаға қарай жетелейді. Кісі осындай шығармаға құлақ құрышын қандырып алғаннан кейін бұрынғысынан әлдеқайда зерделеніп, өзі жасаған өмірге нақ бір ғұламаларша ойлана қарайтын болу керек. Нұрғиса – ғажап талантты жан. Шабысты жүйрік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды дейді. Ал Нұрғисаның талантты екені, тұла бойы толған ән, әуен, саз екенін білу үшін онымен бір рет дидарласып кездессе де жетіп жатыр. Әсіресе, композитор пиджагін жұлып тастап, ақ көйлектің екі жеңін топшысынан асырып, білегінің сағасына дейін түріп жіберіп, пианиноға отырған кезде, о тоба... көрер көзге өзгеріп, аруақтанып, түлеп сала береді. Сол кезде осы бір ақ жарқын, аржайы, ашық жігіттің қарапайым дыбысқа қалай жан бітіріп жібергеніне таңданасың. Еш нәрсеге көңілі селт етпейтін осы дүниедегі ең бір енжар, самарқау жүретін кісіні де жағасынан ұстап алып жұлқып-жұлқып қалғандай, құдіретті күшті қаптатып жіберетініне сенер-сенбесіңді білмейсің. Сол кезде Қанабек Байсейітовтің осы Нұрғиса жөнінде әзіл-қалжыңы аралас айтатын әлгі бір топшылауы рас па деп қаласың. Иә, достар, қас жүйрік өрге салса да суырылып оза береді ғой. Қарақшы түбінде тұрған дүйім ел шаң астында, қалың тобырдың ішінде екі өкпесін соғып ырсылдап бара жатқан көп мәстектен көзін әлдеқашан аударып әкеткен. Барша жұрттың жанары топ алдына түсіп алып, жападан-жалғыз өзі жұлдыздай ағып бара жатқан сол анау сәйгүлік саңлақта. Соны тамашалайды, соған сүйсінеді, соған қол соғады, соңыра соны ғана жырына кіргізеді.

Ұқсас жаңалықтар